Қазақстандық ғалымдар Naruvax-C19 (pets) мысықтарға арналған COVID-19-ға қарсы жаңа суббірлікті вакцинаны таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«SARS-CoV-2 вирусы спецификалық кедергіні еңсеруге және өз иелерінің шеңберін кеңейтуге қабілетті. Біздің кейбір үй жануарларымыз, атап айтқанда, мысықтар осы инфекцияға бейім және вирустың мутациясына өз үлесін қосуы мүмкін», деді Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы Халықаралық Вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов.
Вакцина мысықтарға жан-жақты сыналды, нәтижесінде SARS-COV-2 вирусынан қорғауды қамтамасыз етті. Ол сонымен қатар COVID-19 вирусының «дельта штамына» қарсы бейтараптандыратын антиденелердің жоғары титрлерінің пайда болуына себеп болды.
«Вакцина мысықтарда тексерілген, бірақ басқа жануарларды да вакцинациялауы мүмкін. Осы вакцинаның көмегімен біз жануарлар әлемін COVID-19 – дан қорғай аламыз деп үміттенеміз», деді Табынов.
Жануарларға арналған коронавирустық вакцина құрамы бойынша адамдарға арналған вакцинадан мүлдем өзгеше.
«Бұл мүлдем басқа вакцина, атап айтқанда, оның адъюванты – антигенге иммундық реакцияны күшейтетін компонент», деп атап өтті ғалым.