Жаңа жаһандық даму болашақ білімді ұрпақтың қолында екенін айқындап келеді. Сондықтан ел билігі жыл өткен сайын білімге құйылатын капитал көлемін арттыруда. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуге тапсырма берген болатын, деп жазады Egemen.kz.
Әріптесіміз Айдана Шотбайқызы осы тапсырма негізінде атқарылып жатқан шараларды саралады.
Egemen Qazaqstan газетінің 25 қазандағы санында жарық көрген «Білімдіні қолдау – болашақты ойлау» материалында оқушылар халықаралық олимпиада мен білім бәйгелерінде оза шапқандарға мемлекет тарапынан берілетін бір реттік сыйақы мөлшері айтылды.
«Дарынды балаларды қолдау үшін Президенттің тапсырмасына сәйкес конкурсқа қатыспай-ақ гранттар беру, сондай-ақ біржолғы ақшалай сыйақылар көзделеді: алтын медаль үшін кемінде 1 500 АЕК, күміс медальға – 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК ұсынылады», деген бас ұстаздың дерегін алға тарта отырып тілшіміз сыйақының жалпы мөлшерін нақтылады.
«Биылғы 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2 917 теңге. Сонда алтын медаль алған оқушы бір рет 4 млн 375 мың 500 теңгелік ақшалай сыйақы иеленеді. Ал күміс медаль иегері 2 млн 917 мың теңге, қола медаль иесі 1 млн 458 мың 500 теңгеге қол жеткізеді», деп жазды тілші.