• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 26 Қазан, 2021

Тың серпіліс байқалмайды

136 рет
көрсетілді

Жапонияның Китакюсю қаласында спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты аяқталды. Айтулы додаға 60-қа жуық мемлекеттен келген 300-ден аса спортшы қатысты. Бір апта бойы шеберлік байқасқан олар 14 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Нәтижесінде, жалпыкомандалық есепте Қытай құрамасы жеке-дара көш бастады. Қытай елінің өкілдері 5 алтын, 1 күміс және 2 қола медальді олжалады. Осы жүлделердің дені ерлердің еншісінде.

Атап айтсақ, жекелеген жаттығулар бойын­ша Чжан Бохэн (көпсайыс), Лань Синюй («са­қина») және Ху Сювэй («белдеме» мен «маң­дайша») алдына жан салмаса, арулардың сайы­сында Вэй Сяоюань (брусья) алтыннан алқа тақты. Жапония құрамасы 2 алтын, 5 күміс және 1 қоланы еншілеп, жалпы есепте екінші орынға тұрақтады. Үшінші орында – Италия гимнасшылары. Апеннин түбегінің түлектері 1 алтын, 2 күміс және 1 қоланы қоржынға салды. Сондай-ақ жеңіс тұғырына көтерілгендер арасында АҚШ (1 алтын+1 күміс+3 қола), Ресей (1+1+2), Бра­зилия (1+1+0), Филиппин (1+1+0), Германия (0+1+0), Израиль (0+0+1), Украина (0+0+1) және Финляндия (0+0+1) құрамалары бар.

Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында бірнеше гимнасшымыз өнер көрсетті. Ең үздік нәтижеге Нариман Құрбанов қол жеткізді. «Ат» снарядында америкалық Стивен Недоросик, қытайлық Ван Хао және жапониялық Кад­жума Каядан қалып қойған отандасымыз төр­тінші орынға табан тіреді. Жаттығудың екі түрі бойынша Милад Карими финалға шықты. «Маңдайшаны» ол бесінші орынмен қорытындыласа, еркін жаттығуда жетінші сатыға жайғасты. Былай қарағанда, бұл жаман нәтиже емес секілді. Жарыс жолында жандарын салған жігіттеріміз әлемнің ең үздік гимнасшыларымен біраз тіресті. Десек те қоржынға жүлде түспегеннен кейін Жапониядағы көрсеткішке көңіліміз толды деп айта алмаймыз.

Ал кезінде спорттық гимнастикадан Қазақ­станда жеңіспен өрілген тамаша дәстүр­дің бол­ғанын көзі қарақты жанкүйер ұмыта қойған жоқ. Расында да сол кездерді сағы­нышпен еске аламыз. Сонау 1964 жылы Токио Олимпиадасында Шымкенттің тумасы Юрий Цапенко «ат» жаттығуы бойынша югославиялық Мирослав Церар мен жапо­ния­лық Сюдзи Цурумиден ғана қалып қойып, қола медальді иеленсе, командалық сайыста күміс жүлдені еншіледі.

Жетпісінші жылдары Нелли Ким жасындай жарқылдады. Ол кездері әлемдік ареналарда Кеңес Одағының өкілдері Людмила Турищева мен Ольга Корбут және румыниялық Надя Команечидің қарқынына шыдас беру мүм­кін емес еді. ГДР мен Мажарстанда да керемет гимнасшылардың қалың шоғыры болды. Осындай мықтыларға бәсекелес бола жүріп, Неллидің де шеберлік деңгейі шарықтау шегіне жетті. Шымкентте Николай Байдиндей білікті бапкерден тәлім-тәрбие алған ол Монреаль мен Мәскеу Олимпиадаларында 5 алтын мен 1 күміс медальді олжалады. Әлем чемпионатында 5 алтын, 4 күміс және 2 қола жүлдені иеленді. Одан бөлек, Еуропа біріншілігінде 9 рет (2 алтын+3 күміс+4 қола) жеңіс тұғырына көтерілді.

Сексенінші жылдардың екінші жартысында Валерий Люкин атой салды. Қазақтың майталман маманы Едіге Жаровтың қол астында жаттыққан ақтөбелік өрен 1988 жылы Сеул Олимпиадасында 2 алтын мен 2 күмісті қан­жы­ғасына байлады. Әлем чемпионатында 2 ал­тын мен 1 қоланы қоржынға салды. Еуропа бірін­шілігінде бес рет теңдессіз деп танылып, екі мәрте жүлдегерлер санатына қосылды. Люкинмен бірге өнер көрсеткен алматылық Владимир Новиков Олимпия ойындарында бір және дүниежүзілік додада екі алтынды еншіледі. Бұл атақтарға ол командалық сайыстарда қол жеткізді. Сондай-ақ Наталья Ильенко да сол кездегі мықты гимнасшылардың бірі болғанын айта кеткен абзал. Оның екі дүркін әлем чемпио­ны және құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері деген атақтары бар.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елімізде спорттың бұл түрі қатты құлдырады. Тәуелсіздік алған кезден бері Қазақстанның гимнасшылары Олимпия ойындарынан үнемі құр қол қайтып жүргені осы сөзіміздің айқын дәлелі. Әлем чемпионатында жалғыз ғана жүлдеге қолымыз жетті. 1997 жылы Швейцарияның Лозанна қаласында жалауы желбіреген жарыста Сергей Федорченко қолды тіреп жасалатын жаттығуда алдына жан салмай, алтын тұғырға көтерілді. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған жарыста қанжығамыз бір майланған жоқ.

Басқа да бір елеулі табыстарымыз жайында айтар болсақ, 2000 жылы Сиднейде алау­ы тұтанған Олимпия ойындарында Сергей Федорченко бесінші орын алды. 2004 жылғы Афина Олимпиадасында Ернар Ерімбетов төртінші сатыға табан тіреді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында Алексей Дмитриенко Әлем кубогын иеленді. Түрлі дүбірлі додада дараланған басқа да бірлі-жарым гимнасшылар болды, бірақ олардың ешқайсысы Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттары секілді аса маңызды жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізе алмады. Осы жайттың барлығын ой елегінен өткізе келе, Қазақстанның спорттық гимнастикасы бірте-бірте құрдымға кетіп бара жатқанын аңғарасыз.