Болашақ мамандығын кино индустриясымен байланыстыруды жоспарлап жүрген жас журналистер, сыншылар мен сценаристерді кім және қалай даярлайды? Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен пікірталас алаңының басты тақырыбы өзектілігімен назар аудартты.
Қоғамды толғандырған сауалды кино саласының төңірегіндегі кәсіби мамандар білім ордасының басшылығымен бірге отырып талқылады. Дөңгелек үстел басындағы әңгіменің спикерлері – ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, ҰКҚМО Басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев, Қазақстан киносыншылары қауымдастығының президенті Гүлнар Әбікеева, ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев, кинодраматург және режиссер Әсия Байғожина, сондай-ақ ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов маман даярлау туралы маңызды ойларын ортаға сала отырып, отандық кинодағы кемшіліктің де бетін бүркемелеп қала алмады.
Пікірталас алаңындағы беташар сөздің тізгінін алған ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев отандық кино өндірісі үшін мамандар даярлауға қуатты серпін бере алатын еліміздің жетекші жоғары оқу орнының зор әлеуетін атап өтті.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ: «Биыл журналистика факультетінің баспа және электронды БАҚ кафедрасында бакалавриат деңгейінде «Кино&Медиа» білім беру бағдарламасы ашылды. Бұл бағдарлама кино және медиа саласында заманауи креативті өнімді жасауға қабілетті кадрларды даярлауға бағытталған. Сондай-ақ оқу процесіне біз «кино тарихы», «кинодраматургия» және «кинорецензия» сияқты пәндерді енгіздік».
Киноорталық басшысы Есетжан Қосыбаев өз кезегінде киноиндустрияны дамытуда академиялық білім берудің маңыздылығына назар аударды. Білім беруді дамытудың өзекті бағыттарына назар аудара отырып, университет қабырғасында теорияны тәжірибемен ұштастыратын оқу-өндірістік хаб ашуды ұсынды.
Есетжан ҚОСЫБАЕВ: «Біз жоспарлап отырған жұмыс белгілі бір әдістемеге және біздің қайда шығатынымыз, бұл әрекеттерді не үшін жасайтынымыз туралы түсінікке негізделуі тиіс. Негізгі міндет – болашақ мамандарды кәсіби деңгейде дайындау. Әрине, біз бұл бағыт бойынша артта қалып бара жатқанымызды көріп отырмыз. Сондықтан биыл біз алғаш рет ҰКҚМО бюджетіне білім беру мен кадрларды даярлауға арналған шығыстарды енгіздік. Алдағы уақытта біз өз өтінімдеріміздегі қаражат мөлшерін біртіндеп ұлғайтатын боламыз. Серіктестерге келетін болсақ, бүгінде елімізде Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы, «Тұран» университеті бар, дегенмен, біздің ынтымақтастығымыз қуатты ғылыми және материалдық-техникалық базасы бар ҚазҰУ-дан басталғанын қалаймын, енді тек оқыту үшін үздік инновациялық технологияларды тарту қажет».
Спикерлер Қазақстандағы заманауи киноиндустрияның даму ерекшеліктеріне тоқталып, бүгінде кино саласындағы мамандарды даярлау жүйесін қайта қарау, киножурналистика және сценарий шеберлігі сияқты пәндерде оқу процесін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Өнертану докторы, ВГИК кинотану факультетінің түлегі Гүлнар Әбікеева «сценаристер мен кинотанушыларды даярлауда неліктен сәтсіздікке ұшырадық?» деген мәселені көтеріп, тарихқа шолу жасады.
Гүлнар ӘБІКЕЕВА: «1996 жылы Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-дағы кинотанушылар мен киносыншылар шеберханасына студенттерді жинадым. Басында он адам болды, оның жетеуі қорғауға шықты. Бұл жаман емес. Бірақ бұл менің орыс тіліндегі кинотанушылар шеберханасындағы жалғыз түлектерім болды. Бүгінгі таңда ҚазҰӨА қазақ тіліне баса назар аударады. Сценарийді орыс тілінде жазатындармен де жағдай осылай болды. Менімен қатар Лейла Ақынжанова (ВГИК-тің сценарий факультетін бітірген) шеберханасын жүргізді. Ол да бүгінде кино мен теледидарда өте белсенді жұмыс істеп жүрген сегіз шәкіртін тәрбиелеп шығарды.
Енді статистикаға келетін болсақ. Драматургиялық білімі бар бізде қанша маман бар? Ең көп дегенде онға жуық дипломы бар драматургтерді (ВГИК қана емес, сонымен қатар Жоғарғы курстарды қоса алғанда) атай аламыз. Бес жыл бұрын біз Қазақстан киносыншылары қауымдастығын құрдық, бүгінгі таңда оның құрамында 18 адам бар, олардың арасында базалық білімі жоғарысы аз. Бұл тұрғыда мен, әрине, кинотанушыларды, кино туралы жазатын журналистерді, сондай-ақ драматургтер мен сценаристерді даярлау идеясын қолдаймын. Кино процесін бақылап тұратын мұндай мамандар бізде шынымен өте аз.
Мен қазір жаңа «Медиа және кино» мектебі ашылған AlmaU-да (Алматы Менеджмент Университеті) сабақ беремін. Ал келесі жылы осы оқу орнында киносыншылар шеберханасын (тәжірибелік топ) ашу жоспарланып отыр, онда да шеберлік сыныптарын жүргізетініме қазірден қуанып отырмын».
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сабақ беретін танымал кинодраматург және режиссер Әсия Байғожина Гүлнар Әбікееваның мамандарды даярлау сапасы жайлы айтқан ойын қолдады.
Әсия БАЙҒОЖИНА: «Сценаристердің жетіспеушілігі бар екенін мойындау керек. Қазақ тілінде өте қызықты жазатын кейбір жас жігіттер мен қыздар бар, бірақ олар кинода жұмыс істемейді, көбінесе танымал веб-сериалдарды шығарады және сол себепті олар интернетте маңызға ие.
Екінші жағынан, бізде жыл сайын ана тілінде кәсіби білімді қажет ететін қазақтілді талапкерлердің саны артып келе жатқанын ескеру қажет. Бірақ мемлекеттік тілде жазылған сапалы әдістемелік база жоқ. Жыл сайын біз драматургтерді шығарамыз, бірақ соңғы үш жылда драматургия бойынша бір ғана кітап қазақ тіліне аударылған. Бұл ретте менің Қазақ өнер академиясындағы студенттерім аударманың ауыр екенін және оларға орыс тілінде оқу түсініктірек екенін айтады.
Академия 25 жылға жуық қызмет етіп келеді, бірақ мемлекеттік тілде драматургия бойынша оқулықтар жоқ. Меніңше, үлкен сәтсіздік деген осы. Біздің кинодағы көптеген қиындықтар жақсы драматургияның жоқтығынан туындап отыр. Шын мәнінде, Кулешов, Эйзенштейн, Тарковскийдің кітаптарынан бастап, шетелдік авторлардың керемет драмалық оқулықтарына дейін әлемнің барлық кино мектептері қолданатын ғажап еңбектер толып жатыр».
Сансызбай МӘДИЕВ: «Кино – бұл ең алдымен рухани байлық. Біз бұл байлығымызды жоғалтып, соңғы жылдары ғана осы олқылықтың орнын қайта толтыруға тырысып жатырмыз. Барлық көтеріліп отырған мәселелердің маңызы зор. Бізде кинодраматургия әлсіреп тұр, ал киносыншылар мүлдем жоқ, әсіресе қазақтілді мамандар аз. Бұл өте маңызды және өзекті мәселе. Мұнда айтылып жатқандардың бәрі де маңызды, біз әріптестерімізді қолдауға дайынбыз».
Бауыржан ШӨКЕНОВ: «Біз неліктен Қазақстанның жетекші жоғарғы оқу орындарының бірі ҚазҰУ-ға жүгінгенімізді тағы да айта кетейін. Кино – бұл өте маңызды сала, академиялық тәсілдерсіз индустрияны одан әрі жылжыту мүмкін емес. Біріншіден, бізді сценарий және драматургия саласындағы білім мәселелері ойландырады. Екіншіден, киносыншылық пен киножурналистика да бізге ауадай қажет. Дәлірек айтсақ, осы саладағы академиялық білім жеткіліксіз. Сонымен бірге жақында біз Мәскеу кино мектебінің өкілдерімен кездестік, олар білім беруді өзгеше тұрғыдан қарастырады. Яғни олар академиялық емес, ең көп дегенде үш жылдық оқу процесінде игеруге болатын жедел білім ретінде қолға алуды қолайлы санап отыр. Әрине, жедел білім алу үшін мықты материалдық базаның болуы маңызды. Мұнда кино өндірісі саласында сұранысқа ие мамандықтар үшін практикалық білім қажет. Киноиндустрия барлық қажетті мамандарды сапалы даярлағанда ғана алға жылжуы мүмкін және бұл мәселе ҚазҰУ арқылы шешілсе, керемет болар еді. Неліктен? Ең алдымен, бұл қажетті құралдар мен кино түсіру тұрғысынан жақсы базаның, яғни кино өндірісіне іс жүзінде қажет нәрселер – павильондар, жабдықтар, дыбыс жазу және монтаждау студияларының болуы. Егер біз бұл мәселені бірлесіп шеше алсақ және жақын арада іске асыра алсақ, меніңше, ең үлкен жетістік осы болмақ».