• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Спорт 27 Қазан, 2021

Жапонияда сынға түседі

280 рет
көрсетілді

Бүгін Жапонияның Фукуока префектурасына қарасты Китакюсю қаласында көркем гимнастикадан әлем чемпионаты басталады. Бес күнге созылатын бәсекелер барысында әдеттегідей тоғыз жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Бақ сынаушылар қатарында әр жылдары Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жүлде алған атақты спортшылар да бар.

Әлем чемпионаттарында көбіне-көп Ресей гимнасшыларының мол олжаға кенеліп жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі. Алысқа бармай-ақ, соңғы екі жарыстың нәтижесіне тоқталсақ та біраз нәрсеге қанық боламыз. Мәселен, 2008 жылы Болгарияның астанасы – Софияда өткен додада айтулы мемлекеттің өкілдері 7 алтын, 2 күміс және 3 қола медальды олжалап, жалпыкомандалық есепте топ жарды. Өзгелерді айтпағанда жалғыз ғана Дина Аверинаның өзі бес мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, өрелі өнерімен төрткүл дүние жанкүйерлерін тамсандырды. Сондай-ақ Болгария мен Италия құрамалары бас жүлдені бір-бір реттен иемденді.

2009 жылы Әзербайжанның бас шаһары – Бакуде ұйымдастырылған жарыста ресейліктер сегіз мәрте теңдессіз деп танылды. Дәл сол Аверина бұл жолы да бес рет алтыннан алқа тақты. Одан бөлек, олардың қоржынында 2 алтын мен 3 қола бар. Тағы бір бас жүлде Жапонияның еншісінде. Жалпы, Ресей құрамасының осындай орасан зор табысқа қол жеткізуіне жоғарыда есімі аталған әйгілі спортшыдан бөлек, оның сыңары – Арина Аверина, Александра Солдатова, Евгения Леванова, Ксения Полякова, Екатерина Селезнева, Анас­тасия Максимова, Мария Толкачова, Анастасия Шимшакова және тағы басқа гимнасшылардың қосқан үлесі зор.

Олимпия ойындарында көркем гимнасшылардың сайысында небәрі екі жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Токиодағы жарыстың басты фавориті саналған Дина Аверина бұл бәсекеде екінші орында қалып қойды. Ал бас жүлде 22 жастағы Израильдің өкілі Линой Ашрамға бұйырды. Қола медаль белоруссиялық Алина Горноськоның мойнында жарқырады. Командалық көпсайыста Болгарияның бағы жанды. Ресей тағы да екінші орынды қанағат тұтса, Италия үшінші сатыға табан тіреді.

Қазақстанның ХХІ ғасырдағы ең зор табыстары Әлия Юсупованың есімімен тығыз байланысты. Олимпия ойындарында ол екі рет жеңіс тұғырына сынық-сүйем жете алмады: 2004 жылы Афинада – төртінші және 2008 жылы Бейжіңде бесінші орынды иеленді. Бірнеше рет әлемдік додада үздік ондықтың қатарынан көрінді. Өкінішке қарай, қазіргі кезде Қазақстанда Әлияның дең­гейіндегі гимнасшы жоқ. Олай деуге негіз, байрақты бәсекелерде бір­де-бір жерлесіміз жеңіс тұғырына маңай­лай алған да жоқ. Мәселен, 2018 жылғы әлем чемпионатында Алина Әділ­ханова көпсайыстың қорытындысы бойынша 19-орынды қанағат тұтты. 2019 жылғы көрсеткішіміз одан да төмен. Биыл Токиода да ештеңе өндіре алма­дық. Осылайша, уақыт озған сайын нәтижеміз төмендеп келеді.

Жапониядағы әлемдік додада Ел­жана Таниева мен Ділназ Байленова жекелеген бәсекелерде бақ сынаса, Айдана мен Даяна Шаяхметовалар, Милана Будник, Алина Чернышева, Айсұлу Мырзағалиева және Сағина Мұрат­қызы командалық сайыста сынға түседі. Чемпионат 31 қазанда өз мәресіне жетеді.