Бізге футбол арқылы ғана белгілі Бразилия елімен пәлендей қарым-қатынасымыз жоқ деп ойлаймыз ғой. Бірақ шалғайдағы мемлекетпен де ресми байланыс орнатылып, тіпті сауда-саттық та жолға қойылған. Мәселен, 2021 жылдың 8 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 2,3 есе өсіп, 109,8 млн АҚШ доллар құраған, осы уақытта экспорт 92,6 пайызға өсім көрсетіп, 47,4 млн долларға жетіпті.
Ал Бразилиядан біз сатып алатын тауар көлемі 2,7 есе өскен, тиісінше 62,4 млн долларды құраған. Қазақстан Бразилияға күкірт, ферроқорытпа, қара металдардан жасалған бұйымдар мен уранды көбірек сатса, олар бізге негізінен қант, жеміс-көкөніс шырындары, кофе, дәрі-дәрмектер импорттайды. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда Бразилияның қатысуымен 5 кәсіпорын жұмыс істейді.
«Қазақстан 433,8 млн доллар сомасына 55 әлеуетті тауар жеткізуге дайын. Металлургия, тамақ, химия және машина жасау салаларының өнімдерін жеткізуді ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар» дейді Қ.Төребаев.
Ол сонымен қатар бразилиялық инвестицияларды тарту үшін «Қорғас» ШЫХО әлеуетін пайдалануды, сондай-ақ оны ҚХР нарығына көтерме-бөлшек экспорттау үшін алаң ретінде пайдалануды ұсынды.
Қ.Төребаевтың айтуынша, Қазақстан ЕАЭО бірыңғай тауар өткізу жүйесінің (ЕТПС) және оны одан әрі кеңейту перспективасымен Орталық Азия елдерінің тірек нүктелері болатын шекара маңындағы индустриялық сауда-логистикалық хабтар желісін іске асырады.
«Қорғас «ХШЫО» АЭА артықшылықтары – ҚХР және ЕАЭО нарығына қолжетімділік, визасыз режім, АЭА қатысушыларына берілетін салық жеңілдіктері, бажсыз сауда, дайын инженерлік және көлік инфрақұрылымының болуы», деді Қайрат Төребаев.
Өз кезегінде Байя штатының губернаторы Руи Коста Дос Сантос Бразилияның әлеуеті зор екенін және мұнай-химия және өңдеу секторында, ауыл шаруашылығында және тау-кен өнеркәсібінде ынтымақтасуға дайын екенін атап өтті.