• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Коронавирус 29 Қазан, 2021

«Қызыл» аймақтан шыға алмай отыр

173 рет
көрсетілді

Осыған дейін облыс орталығындағы қоғамдық көліктерде жүрген мониторингтік топ мүшелерін бірде-бір рет байқамаппыз. Оларды шағын дүкендерден де ешқашан көрмейсіз. Қоғамдық көлік демекші, қазір облыс орталығында бұрынғыдай автобус­тарды ұзақ күту басталды, бір автобус келсе жолаушылар лық толады.

Ал індет қайдан тарайды дей­міз? Қоғамдық көліктерде күрк-күрк жөтелгендерге сезіктене әрі қор­қып қарайсыз. Жүргізушілер де бет­пердесіз. Бақылау да, тексеру де жоқ деуге болар.Тіпті зарарсыз­дан­дыратын сұйықтықсыз бос қал­ған құтылар әбден ескіріп, ішке кіре берер жерде ілініп тұрады.

Облыстық санитарлық-эпид­е­миялық бақылау депар­та­ментінің өкілі Ғизат Әбішев­тің мәлі­метінше, өңірдегі эпиде­ми­ялық ахуал әлі де тұрақсыз. Қазірге дейін облыс­та коронавирус­ты жұқтырудың 50 844 мың жағ­да­йы тіркелді. Олардың 41 530-ы симптомды, 9 314-і – симптомсыз. Осыған орай енді Ashyq жү­­йесі бойынша жұмыс істейтін ны­­сан­дардың жұмысына өзгеріс ен­гізілуде.

– 29 қазаннан бастап 12 қа­ра­ша­ға дейін Ashyq арқылы жұ­мыс істейтін нысандарға жұмыс күндері тек «жасыл» мәртебесі бар адамдар кіре алады, – дейді Ғизат Әбішев. – Жеті күннен аспаған ПТР-тестінің нәтижесі теріс және вак­циналаудан өткендер өте алады.

Бұдан бөлек, ауыл-қала тұр­ғын­да­рының карантиндік режімді жиі бұзуы алаңдатуда. Шек­теулерге қара­мастан сауда үйлеріне, дәм­ха­наларға, Ashyq бағ­дар­ла­ма­сы орнатылған орын­дар­ға баруда. Мысалы, департамент өкілі ұсын­ған 26 қазандағы мәліметке сай, өңірдегі 337 нысанға 2 мыңға жуық тұрғын, «қызыл» тіркеуіндегі 1 400, «сары» белгісіндегі 600-дей тұр­ғын жіберілген жоқ.

Қазір барлық қалалар мен аудан­дарда 24 мониторингтік топ жұ­­мыс істейді. Екібастұз қала­сында 10 айдың ішінде каран­тин­дік талаптарды бұзған 96 адам анық­тал­ған. Осы қазан айын­­­да­ 85 рейд жүргізіліп, 279 биз­нес нысанына карантин талаптарын сақтап, індет таратпау жайындағы түсініктемелер тапсырылған. Қалада 1 236 бизнес нысаны Ashyq жүйесіне тіркелген. Сон­дықтан, өңірде бас са­нитар дә­рі­гердің шешімімен жаңа талап­тар енгізілді. Яғни эпи­де­­миялық ахуалдың тұ­рақ­сыздығы, індет жұқтырған науқас­тардың көбеюі жаңа талаптар қабылдауға мәжбүр еткені белгілі. Енді 29 қазан мен 12 қараша ара­лығында Ashyq жобасына қаты­су­шы нысандардың күнделікті жұ­мы­сына толықтырулармен бірге, өзге­рістер де енгізіледі.

Бүгінде облыс көлемінде 6 830 әлеуметтік және бизнес нысаны Ashyq бойынша жұмыс істейді. Жалпы есеп бойынша «қызыл» статусы бар 2 мың адам Ashyq бо­йынша кері қайтарылған. Ashyq жобасын бұзушылар Пав­­лодар, Екібастұз және Ақсу қала­ларында анықталған. Өңір бо­йынша, 18 мамыр мен 26 қазан ара­лы­ғында мо­ни­торингтік топтар 3 274 ны­санның 114-іне шектеу шара­ла­рын бұзу фактісін анықтады. Олар­­дың барлығы Ashyq жоба­сы­ның қатысушылары болған. Жал­пы, жобаға 2,5 мыңға жуық қаты­су­шы анықталды, олардың 467-сі мем­лекеттік мекемелер. Мо­ни­торинг­тік топтардың мүше­лері Ashyq жобасының қа­ты­сушы­ларымен түсіндіру жұ­мыс­та­рын жүргізуде.

Тәртіп бұзушыларға әкімшілік құқық бұзу жөніндегі заң талаптары бойынша құны 8 млн теңгеден астам 63 әкімшілік құқық бұ­зу­шы­лық туралы хаттама толтырылса, қалғаны сотқа жолданған.

Облыстық санитарлық-эпиде­миялық бақылау департа­мен­тінің мәліметінше, қазан айы­ның соңғы күндері өңірде індет жұқ­тырған 49 331 науқас тіркелсе, 27 035 науқас облыс орталығының тұрғындары. Эпидемиологтердің бағалауынша, індет инфекциясы бойынша өңірде жағдай әлі тұрақсыз.

 

Павлодар облысы