Солтүстік Қазақстан облысында жол ережесін бұзып, жылдамдықты асыра сілтеген 8230 көлік жүргізушісі жауапқа тартылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі жыл басынан бері жылдамдық режимін бұзудың кесіренен төрт адамның жарақат алғаны туралы ақпарат таратты.
Полиция қызметкерлері жылдамдықты арттыруға құмар жүргізушілерді рейдтер және жедел-профилактикалық іс-шаралар кезінде анықтаған. Көбінесе жүргізушілер қаладағы Жамбыл мен Ғ. Мүсірепов көшелерінің қиылысында рұқсат етілген жылдамдықтан асырып жібереді екен. Бұл аймақтан 518 бұзушылық анықталды. Жыл басынан бері жылдамдық өлшегіштердің көмегімен 1431 көлікті жылдам жүргізетін азамат жауапқа тартылды.
«Елді мекендерде көлік құралдарының тиісті жол белгілерімен белгіленген, сағатына 90 шақырымнан аспайтын арнайы қозғалыс режимдерін қоспағанда, сағатына 60 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүруіне рұқсат етіледі. Тұрғын аудандар мен аула аумақтарында сағатына 20 шақырым жылдамдықтан асыруға болмайды. Бірақ мұны көбісі ескере бермейді» дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов мәселенің мән-жайын түсіндіріп.