Таяуда жарияланған ғаламдық мобильді интернет жылдамдығы бойынша рейтингте Қазақстан 21 сатыға жоғарылап, 80-орынға табан тіреген. Былай қарасаңыз, 21 позицияға көтерілу – тәп-тәуір прогресс, бірақ 80-орын дегеніңіз – аса қуанып айтарлықтай нәтиже де емес.
Finprom-ның жазуынша, жыл басынан бері елдегі мобильді интернет жылдамдығы 63 пайызға жақсарған. Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның көрсеткіші жоғары. Қырғызстан – 103, Өзбекстан – 120, Тәжікстан 129-орын алған. Көршілес Ресей 90-орын алса, Беларусь – 119-орында. Рейтинг лидерлері – БАӘ, Оңтүстік Корея, Норвегия, Қатар және Қытай.
«Қазақстанда мобильді интернет жылдамдығын сапалы және қолжетімді ету бойынша маңызды шаралар қабылданып жатыр. Мысалы, биыл 9 айда байланыс саласына жіберілген инвестиция 17,8 пайызға өсіп, 88,8 млрд теңгені құраған. Соңғы бес жылда күрделі жөндеуден өткізу үшін жұмсалған қаржы жыл сайын 19 пайызға өсіп келеді. Сонымен қатар мобильді байланыстың бесінші буыны 5G-ді енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. 2019 жылы мобильді операторлар жаңа желіні тестілеуден өткізе бастады» деп жазады Finprom.
Биыл қыркүйекте цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Үкімет жанындағы радиожиілік жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 5G стандартын Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында сынақтан өткізу туралы шешім қабылдағанын айтқан еді. График бойынша тестілеуді «Казақтелеком», «Кселл», «Кар-Тел», «Мобайл Телеком-Сервис» операторлары жүргізеді. Инфрақұрылымды жетілдіру және интернет сапасын жақсарту жауапкершілігі осы операторлардың мойнына жүктелген. Бірінші жарты жылдықта Kcell мобилді байланыс операторының капиталдық шығыны 4,7 млрд теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 28,3 пайызға өсім көрсеткен.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, мобильді байланыс саласына жіберілген инвестицияларға негізінен ескі құрылғылар ауыстырылып, абоненттер санын көбейту бойынша өндіріс қуаттылығын кеңейту жұмыстары атқарылған. Сондай-ақ қаржы жаңа технологияларды енгізуге де жұмсалған.
Бірінші жартыжылдық нәтижесі бойынша елде 24,2 млн абонент бар. Бұл былтырдан 1,2 пайызға көп. Мобильді байланыс операторларының ішінде Kcell, компаниясының абоненті көп. Абонентінің көптігімен Beeline және Tele2/Altel операторлары да мақтана алады. Болжам бойынша 2025 жылға дейін мобильді интернет пайдаланушылары 54 пайызға артпақ. Ол кезде 3G желісі жалпы нарықтың 28 пайызын ғана иеленсе, 4G 60 пайызын қамтиды, ал 5G жаңа желісі нарықтың 12 пайызын иеленбек.
Алайда жақында өткен Digital Bridge халықаралық технологиялық форумында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі интернет сапасы мен жылдамдығына қатысты реніш білдіріп, Үкіметке осыған орай заңдық тұрғыда санкция және әкімшілік құрамды регламенттеу бойынша тапсырма берді.
«Қазіргі кезде нақты емес нәрсені сату қалыпты жағдайға айналды. Олар интернет параметрлерінің бірін жарнамалайды да, шын мәнінде мүлде басқасын ұсынады. Жақсарып жатқан ештеңе жоқ. Маған берілген мәлімет бойынша, тіпті елорданың өзінде, сөз бен істің алшақтығы 40-50 пайызға дейін жетеді. Бұл, шын мәнінде, тұтынушыларды алдау деген сөз. Мұндай өрескелдікті доғару керек. Үкіметке әкімшілік құрамды заңдық негізде бекітуді және мұндай заң бұзушылықтар үшін санкциялар белгілеуді тапсырамын. Біз үнемі Қазақстанның аумағы 100 пайызға жуық интернетпен қамтылды деп айтып жүрміз. Кәнеки, мәселенің басын ашып алайық, осы іс жүзінде расталған ақпарат па әлде жоқ па? Немесе ойымыздағыны шындық деп санаймыз ба?» деп қатаң сынға алған еді.
Қазір Қазақстанда 2 мыңға жуық ауыл интернетпен қамтылмаған. Тиісті министрліктің дерегі бойынша соның ішінде 617 ауылға интернет тарту мүлде мүмкін болмай тұр.