Қазақстандағы академиялық рейтингтер сапа стандарттарына сай келмейді. Академиялық адалдық лигасының платформасында білім саласының сарапшылары еліміздің жоғары оқу орындарына жасалатын рейтингтерді талқылау барысында осындай мәлімдеме жасады. Мұндай рейтингтер жоғары оқу орындарының жақсаруына көмектесудің орнына, керісінше, сапасыз рейтингтері арқылы олардың беделін төмендетеді. Сарапшылар сонымен бірге Білім және ғылым министрлігінің қызметі мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстарға нұқсан келтіретінін алға тартады.
«Осы орайда «Қазақстан студенттер альянсы» өткізетін рейтингке ерекше тоқталып өтуге болады. Бұл рейтинг білім алушылардың сауалдамасының негізінде жасалып, әлеуметтік желілерде белсенді түрде жарнамаланып жүр. Аталған рейтингті дайындаушылар екінші жыл қатарынан Қазақстанның үздік және сапасы төмен жоғары оқу орындары бойынша тізімді жариялайды. Олардың 2020 жылғы рейтингінде көрсетілген бірде-бір үздік университет осы жылғы үздік жоғары оқу орындарының қатарына кірмегені, ал өткен жылғы ең нашар 10 университеттің қатарында болған Нархоз университеті биыл үздік ЖОО-лар қатарына кіргені есте қаларлық жайт. Егер үздіктер тізімі жыл сайын өзгеріп отырса және оған академиялық жетістіктері туралы ешкім естімеген университеттер кіре алатын болса, қазақстандық академиялық рейтингтер туралы қандай жақсы пікір болуы мүмкін? Сонымен қатар Қазақстан студенттері альянсының рейтингі мемлекет қаржысына жасалады. Сауалдама жүргізілген жобаға Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы 20 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген», деп атап өтті Академиялық адалдық лигасының сарапшысы Яков Воронков.
Ал «Атамекен» ҰКП басқарма мүшесі Олжас Ордабаевтың айтуынша, нәтижеде көрсетілген мұндай үлкен айырмашылық рейтинг әдістемесінде айтарлықтай кемшіліктердің бар екенін аңғартады.
«Әдетте, нәтижелердің соншалықты әртүрлі болуы рейтинг әдістемесінің өзгергенін көрсетеді. Яғни ақпараттар өзгерді және түзетілді. Бұл – әзірлеушілер әлі де дұрыс әдістемені іздеп жүр дегенді білдіреді. Себебі егер әдістеме қалыптасқан болса, ол айтарлықтай өзгермейді, өйткені өзгертудің өзінің белгілі бір негіздемесі бар. Мұны тек осылай объективті тұрғыда түсіндіруге болады», деді ол өз сөзінде.
Іс-шара барысында Академиялық адалдық лигасының өкілі Яков Воронков жоғары оқу орындарының кез келген академиялық рейтингісінің бес негізгі мақсатының болуы керек екенін атап өтті. Яғни талапкерлерді және өзге де мүдделі тұлғаларды (жұмыс берушілер, орталық мемлекеттік органдар және т.б.) хабардар ету, жоғары оқу орындарына ұйымның жұмысын жақсартуға мүмкіндік беретін деректерді ұсыну, зерттеушілерге деректерді ұсыну, жоғары оқу орны қызметін әдістемеде белгіленген параметрлер бойынша кешенді бағалау және азаматтық қоғам алдындағы есеп.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта білім беру бағдарламаларының бір ғана рейтингі жоғарыда көрсетілген мақсаттарға жауап береді. Бұл – жыл сайын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жасайтын рейтинг. Олар әрбір жоғары оқу орнының қызметін «мансаптық перспективалар», «білім беру бағдарламасының сапасы» және «білім алушылардың жетістіктері» сияқты әдістемеде жазылған параметрлер бойынша бағалайды. Белгіленген индикаторлар бойынша негізгі көрсеткіштер ресми сайтта ашық жарияланады. Ал әдістеме жыл сайын жоғары оқу орындарының, Академиялық адалдық лигасының және басқа да стейкхолдерлердің қатысуымен қайта қаралып, жақсарып отырады.