• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қараша, 2021

Қызылордада – қымбатшылық

262 рет
көрсетілді

Қызылорда облысында тұтыну бағаларының индексі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 106,8% болып отыр. Азық-түлік тауарлары 8,3%, азық-түлік емес тауарлар бағасы 6,7%, ақылы көрсетілетін қызметтер құны 4,9%-ға өскен. Бұл – облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен азық-түлік емес тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша кеңейтілген отырыста айтылған статистикалық деректер.

Отырыста аймақ басшысы Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке және Ұлт­тық банкке инфляцияны 8,5 пайыз деңгейінде ұстап тұру тапсырмасына сәйкес өңірдегі көрсеткіш осы межеде сақталуы ке­ректігін айтып, жауапты сала басшыларына бірқатар міндеттеме жүктеді.

Негізгі азық-түлік бағала­рын тұ­рақ­тандырудағы ба­сым­дық­тар­ды атап өткен облыс­тық ауыл шаруа­шылығы басқар­ма­сының басшысы Талғат Дүй­се­баев бағаның не­гіз­сіз өсуіне жол бермеу үшін тұрақ­тан­дыру қоры­нан тауарлық интер­вен­ция­лар жүргізу механизмі қолға алын­­ғанына тоқталды. Осы­ның нә­тижесінде тұрақтандыру қо­рында 189,1 млн теңгенің 1 161,4 тонна тауа­ры сақталып тұр. Ал әлеу­меттік ма­ңызы бар 19 өнімге үш айлық қажет­тілік 68,3 мың тонна, оның 59,2 мың тон­насы жеткізілген. Облысты толық қамту үшін «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы 1 685,4 тонна әлеуметтік маңызы бар өнімдерді жеткізуге келі­сім алынса, 1 900 тонна өнім мем­ле­кеттік сатып алу арқылы алынады.

Азық-түлік бағаларын тұрақ­ты ұстап тұрудың бір амалы жәр­меңкелер ұйымдастыру болып отыр. Жыл басынан бері 35 рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Басқарма басшысы бөл­шек саудада бағасы 15%-дан жо­ғарылаған өнімдерге шекті бағаларды облыс әкімдігі арқылы бекіту жөнінде қаулы жобасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүр­гізілгенін айтып өтті. Жобада күнбағыс майын 781, пиязды 106, сәбізді 221, картопты 158, ал қант­ты 286 теңге көлемінде бе­кіту ұсынылып отыр.

Жиын барысында облыс әкі­мі азық-түлік бағасының өсуі ха­­лықты алаңдатып отырған өзек­­ті мәселе еке­нін назарға салып, қала және аудан әкімдеріне нан­ның орташа бағасын 90 тең­геден асырмауды тапсырды. Бұл бағытта тиісті мониторинг жұмыстары ұдайы жүргізілмек.

– Қазір халықты алаңдатып отыр­ған өзекті мәселе – азық-түлік баға­сының өсуі. Мұны реттеу мақса­тын­да әр аптаның сенбісінде Пре­мьер-Министр Асқар Маминнің төр­­ағалығымен мәжіліс өткізіліп жат­­­қ­анын біле­сіздер. Жыл аяқталып қалды, желтоқсан айындағы мерекелер қарсаңында әдеттегідей сау­да-саттық көлемі ұлғайып, азық-тү­лік бағаларының өсетіні белгілі. Осының алдын алу шараларын қарастыруы­мыз қажет. Үкіметтің тапсырмасына сәй­кес азық-түлік тауарларына баға бел­гілеудің бүкіл тізбегі бойынша дел­далдық схемаларды тексеру жө­ніндегі комиссияның құрылғанына 1 ай­дан астам уақыт өтті. Дегенмен жүк­телген міндеттер орындалмай отыр. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері тиісті жұмыс­тарды апта со­ңына дейін тия­нақтап, ақпаратты ауыл шаруа­шылығы басқармасына жолдауы керек. Жауапты басқарма басшысы жинақталған ақпа­ратты бәсекелестікті қорғау жә­не да­мы­ту департаментіне жет­кі­зіп, нәтижесін баяндауы тиіс. Ал департамент азық-түлік та­уар­ларының бағаларына талдау жүргізіп, заң бұзушылық анық­талған жағдайда Қызыл­орда қаласы және аудан әкімдік­теріне ұсыныс енгізеді. Баға тұ­рақтылығын сақтау үшін осындай бірлескен жұмыс қажет, – деді Г.Әбдіқалықова.

Жиында облыстық кәсіпкер­лік және туризм басқармасы­ның басшысы Фердоуси Қожабер­ге­нов азық-түлік емес тауарла­ры­ның бағасына қатыс­ты негізгі көрсеткіштерді саралады. Биыл азық-түлік емес тауарлардың бағасы өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 6,7 па­йызға өсіпті. Тұр­мыстық, құ­рылыс тауарларымен қатар өсім жанар-жағармай бағасында да байқалып отыр.

Аймақ басшысы азық-түлік емес тауарлардың бағалары жал­­пы инфля­цияға үлкен әсер ете­тінін атап өтті. Мәселен, өт­кен жылғы пандемия кезінде сауда-экономикалық бай­ланыс­тар уақытша үзіліп, тауар мен шикізаттар тапшылығынан на­рық бағасы көтеріліп кетті. Әсі­ресе, ел арасында жанар-жа­ғармай бағасының өсуі мен тап­шылығына байланысты реніш айтатындар аз емес. Аймақ басшысы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бас­шысына осы өзгерістерге орай тұр­ғындарға түсіндіру жұмыс­тарын күшейтуді тапсырды.

Облыста ақылы қызмет көрсету бағаларында да өсім бай­қалады. Өткен жылдың осы кезе­ңімен салыстырғанда кешенді демалысты ұйымдастыру 31,4, жолаушылардың әуе тасыма­лы 17,5, ал пошта қызметі 12,5 па­йызға өскен. Тауарлар бағасына делдалдар қызметінің де кері әсер етіп отырғанын ескермеске болмайды. Осыған байланысты облыс әкімі азық-түлік емес тауарлар бағасын реттеу бойынша делдалдық схемаларды тексеру қажеттігін атап өтті.

Жиын соңында аймақ басшысы тиісті сала басшыларына тамақ өнімдерінің әсіресе, халық жиі тұты­натын 19 түрлі тауар бағасының шек­ті бағадан асып кетпеуі үшін бақы­лауды күшейтіп, күн сайын мониторинг жүргізуді міндеттеді. Бағаны тұрақ­тандыру үшін қосымша қаржы бөлу мүмкіндіктерін қарас­тыруды жүктеді.

 

Қызылорда облысы