Балдай өнімдері бүгінде байтақ әлемнің әр түпкіріне тарап кеткен «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының табысты өрлеу жолына бет бұрып, ішкі һәм сыртқы сауда кеңістігіне тең өтімді көп тәттілерінің брендке айналуы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі өрісті отыз жыл ішіндегі экономикалық дамудың жемісі екені анық. Тоқсаныншы жылдары тоқыраңқырап қалған ірі кәсіпорынға тәуелсіздік жылдары ауқымды инвестиция салынды. Нәтижесінде, Германия, Италия, Швейцария сияқты өндірісі өркендеген мемлекеттерден заманауи технология құрылғылары әкелініп, жаңа желілер орнатылды.
– Қостанай кондитерлік фабрикасына соңғы 10-15 жылдың өзінде шамамен 20 млрд теңге инвестиция салынды. Біздің көптеген жобамыз Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі, сондай-ақ облыс басшылығы тарапынан өте үлкен қолдау тапты. Мемлекет субсидия, дотация, қолжетімді несие беруде көп жеңілдік жасап, аз жылдың ішінде толайым табысқа жетуімізге жағдай жасады. Осының нәтижесінде тұтынушылар өнімдерімізді еліміздің кез келген түкпірінен сатып алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Қостанай тәттілерін Қазақстанда жасалған өнім деп үлкен мақтанышпен айтуға болады, – деді «Баян Сұлу» АҚ басқармасының төрағасы Тимур Садықов.
Айта кетерлігі, соңғы он шақты жылдың ішінде кондитерлік фабрика экспорт көлемін едәуір ұлғайтып алды. Кәсіпорын жылына 85 мың тонна мармелад, шоколад, карамель, печенье, карамель өнімдерін шығарады. «Баян Сұлу» өндіретін тәттілердің түрін түстеп, атын атайтын болсақ, 350-дің үстіне шығып кетеді. Фабрика өнімдерінің 60 пайызға жуығы ішкі нарықты қамтамасыз етсе, 43 пайызы экспортқа жөнелтіледі.
– 2014 жылы бисквит цехында бірнеше жаңа желі іске қосылды. Бүгінде біздің цех айына 400 тоннадан астам вафли шығарады. Өнімнің біраз бөлігін Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия, Ресей елдеріне жібереміз. Әр елдің қалауы әр түрлі. Мысалы, Ресейге негізінен арахис аромат пен артек өнімдерін жөнелтеміз. Ал Өзбекстанға қуырылған арахис пен қант қосылған тоғыз қабатты «Цирк» вафлиі ұнайды. Өндірістік желі автоматты режімде жұмыс істейді, – дейді бисквит цехының бас технологы Алиса Галимова.
Бүгінде «Баян Сұлуда» 2 мыңнан астам адам жұмыс істесе, соның 80 пайызы – қыз-келіншектер. Олардың айлық еңбекақысы – 150-200 мың теңгенің аралығында. Фабрика өз жұмысшыларын әлеуметтік қолдау жағынан көптеген кәсіпорынға үлгі болып отыр.
– «Баян Сұлуда» 11 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Жалақымыз жақсы, уақтылы алып отырамыз. Бес күн жұмыс істейміз. Фабриканың өз асханасы бар, тамағы дәмді әрі арзан. Мысалы, қаланың асханаларында мың-мың жарым теңге тұратын асты біз мұнда 150-250 теңгеге ішеміз. Өзіміздің қызметтік автобус бар, жұмысқа тегін әкеп, үйге тегін апарып тастайды. Бас ғимаратымызда медициналық бөлім жұмыс істеп тұр. Сондықтан осында тегін тіс емдетіп, физиотерапиядан өтіп, қантқа қан тапсыруға болады. Ұжымның дені әйелдер болған соң, жеке гинекология кабинеті жұмыс істейді. Көп кәсіпорындарда мұндай қолдау жоқ. Осында бірге жұмыс істеп жүріп, жарасып, бас қосып, шаңырақ көтеріп жатқан жастар көп. Басшылық оларға да қомақты мөлшерде қаржылай көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған. Балаларымыз жазғы демалыс маусымында 10-15 күнге демалыс орындарына барып, тынығып қайтады. Лагерь ақысының 80 пайызын фабрика төлейді. Мұнда ерінбей еңбек еткен адамға қолдау көп. Мысалы, өз басым лауазымым бойынша соңғы 4 жылдың ішінде қатардағы жұмысшыдан шебер көмекшісі, ауысым шебері болып бірнеше саты өрлеп, қазір цех бастығының міндетін атқарып жатырмын. Маған жүктелген жауапкершілік өте жоғары. Цехта 150 адам жұмыс істейді. Бірнеше өндірістік желі бар. Олардың тоқтаусыз жұмыс істеуін бақылап, техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз етемін, – дейді №1 бисквит цехының бастығы Сайын Талапұлы.
Пандемия кезінде Ресеймен екі арадағы шекара жабылып, екі ел арасында келімді-кетімді жолаушылардың сиреп кетуі, сондай-ақ тойдың толастап қалуы кондитерлік өнімдердің өтіміне де кері әсерін тигізді. Бұрын «Баян Сұлудың» фирмалық дүкендері Қостанайға қыдырып келген ресейлік меймандардың ұзын-сонар кезегінен арылмайтын. Қазір мұндай кезек жоқ, сондықтан соңғы екі жыл ішінде сый-кәде есебінде жүретін бағалы тәттілердің өтімі түсіп кетті. Есесіне, печенье, вафли, арзан карамельдер мен кәмпиттердің, яғни жергілікті халық тұтынатын өнімдер көп сатыла бастады.
Ал қазіргідей шекара біртіндеп ашылып, дүкендер қалыпты жұмыс тәртібіне көшіп, той-қуаныштар да көбейе бастаған сәтте Қостанай тәттілерінің де саудадағы өтімі өсе бастады. Әсіресе, экспорт көлемі ұлғайды. Кәсіпорын былтыр жалпы өнімінің 43 пайызын экспорттаса, биыл да осы межені көздеп отыр. Тиімдісі сол, іргеде Ресей тұр, яғни бұл жақын жерде үлкен нарық бар деген сөз. Қазірдің өзінде Қостанайдың кондитерлік өнімдері Челябі, Свердлов, Омбы, Барнаул, Алтай, тіпті Татарстан мен Мәскеуге дейін толассыз жөнелтіліп жатыр. Ал енді «Баян Сұлу» өнімдерінің сыртқы нарықтағы үлесінің қомақты болуының құпиясы неде дейтін болсақ, біріншіден, қостанайлық тәттілер экологиялық тұрғыдан таза өнім болып саналады. Екіншіден, сапасы жоғары, үшіншіден, арзан, яғни қалтасы жұқа жұрттар да сатып ала алады. Мәселен, Ресейде «Красное-белое» деген ірі супермаркет желісі бар. Оның құрамына енетін 200 дүкен ай сайын 200 тоннадан астам «Баян Сұлудың» арахисті және шоколадты вафлилерін сатады. Бұл вафлилер Ресей нарығында өте жоғары сұранысқа ие. Фабрика басшысының айтуынша, соңғы кездері ресейліктер Қостанайдан шығатын «Қазақстан» шоколадына да үлкен қызығушылық танытып отыр. Өйткені бұл шоколадтың құрамында ешқандай қоспа жоқ, экологиялық таза өнім саналады.