Биыл еліміздегі Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні 15 қарашада Алматыда «АИТВ: әрқайсысын тыңда» науқанымен басталып, 15-25 қараша аралығында жер жерлерде осы ұранмен өтеді. Қарап отырсақ, ЖИТС деген дауасыз дерттің анықталып, алғашқы оқиғалары тіркелгеніне де қырық жыл өте шығыпты, бірақ АИТВ әлі де жаһандық індет болып қала береді.
Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні ЮНЭЙДС ЖИТС індетін тоқтатып қана қоймай, халықтың негізгі топтарының, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың құқықтарын қорғауға, COVID-19 күрестің тиімділігін арттыруға және экономиканың қалпына келуін және оның тұрақтылығын қамтамасыз етуге шақырады.
– АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты алалау мен кемсітушілікті жою, барлық мұқтажды қажетті дәрі-дәрмектермен және қызметтермен қамтамасыз ету, адам құқықтары мен гендерлік теңдікке негізделген тәсілдерді пайдалану – бұл АИТВ және COVID-19 пандемиясын тоқтатудың басты шарттары, – дейді Алматы қаласы ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Марат Төкеев.
Науқан күндері Алматы қалалық ЖИТС орталығының дәрігерлері қоғамдастықтармен және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, халықтың АИТВ-инфекциясының және COVID-19 алдын алу шаралары туралы білімін арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізеді. Бизнес-құрылымдардың қызметкерлері үшін АИТВ-ға жедел тестілеу өткізу және ақпараттық-білім беру материалдарын тарату арқылы акциялар ұйымдастырылатын болады.
Білімді күшейту, стигма мен АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды кемсітуге жол бермеу мақсатында жалпы білім беретін мектептер мен колледждердің педагогтері арасында әлеуметтік желілерде «Тоқта АИТВ Алматы» хештегімен бейне-өтініш жариялау арқылы челлендж өтеді.
Тестілеуді танымал ету және АИТВ-ның берілу жолдары туралы хабардар болуды арттыру үшін ЖИТС орталығының қызметкерлері дәрігерлерге, полицейлерге, педагогтерге, әскери қызметшілерге, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлеріне, аутрич-қызметкерлеріне онлайн режімінде тренингтер мен семинарлар өткізеді. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттері үшін «АИТВ және стигма/дискриминация» онлайн-пікірсайысы жоспарланған. ЖИТС орталығының дәрігерлері қаланың медициналық ұйымдары зертханаларының қызметкерлері үшін «АИТВ-ға алдын ала талдау кезеңінде тестілеудің сапасын қамтамасыз ету» тақырыбында кеңес ұйымдастырады.
АИТВ-мен өмір сүретін адамдар үшін ЖИТС орталығының аумағында флюромашинаны пайдалана отырып, туберкулезге скрининг, сондай-ақ Гепатолог пен онкомаммологтің консультациясын өткізу жоспарланып отыр.
ЖИТС орталығының дүниежүзілік науқанды өткізу бойынша серіктестері арасында әкімдік, қоғамдық денсаулық басқармасы, Алматы қаласының білім басқармасы, ІІД, ҚАЖК, халықаралық, қоғамдық үкіметтік емес және басқа да ұйымдар бар. Мысалы, 2021 жылдың 1 қарашасындағы соңғы деректерге сәйкес, Алматы қалалық ЖИТС орталығында АИТВ-ахуалды 3 824 адам есепте тұр. Соңғы жылдары жыныстық жолмен берілудің өсу тенденциясы байқалды. 2021 жылдың он айында жыныстық жолмен берілу АИТВ-жұқпасының жаңа жағдайларының 79,3 пайызын, парентеральді есірткіні көктамыр ішіне қолдану факторы 15,2 пайызын құрайды.
АЛМАТЫ