• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Коронавирус 20 Қараша, 2021

Қостанай облысында коронавирусқа қарсы ревакциналау басталды

251 рет
көрсетілді

Келесі аптадан бастап Қостанай облысында коронавирус инфекциясына қарсы ревакциналау басталады. Бұл туралы брифингте облыстың денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Анжела Бексұлтанова мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«22 қарашадан бастап облыста коронавирус инфекциясына қарсы халықты ревакциналау басталады. Ревакциналаудан қай топ өкілдерінің өтетіні анықталды. Медициналық қызметкерлер, педагогтар, әлеуетті құрылымдар қызметкерлері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің ұжымы, 60 жастан асқандар, иммунитеті әлсіз және коронавирус антиденесі жоқ адамдар ревакциналаудан өтеді», деді А. Бексұлтанова.

Оның айтуынша, ревакциналау бұрын салынбаған вакцина түрімен жүреді. Сонымен қатар облыста балалар мен 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге, мерзімі 16 аптадан асқан аяғы ауыр әйелдерге, босанғаннан кейін 42 күн өткеннен кейін бала емізетін аналарға екпе салуға дайындық жасалып жатыр.

«Аталған топтардағы 666 690 адамды вакциналау үшін облысқа «Комирнати» (Pfizer) вакцинасының 133 380 дозасы жеткізіледі. Сонымен қатар облысқа вакцинаны минус 40-тан -80 градусқа дейін температурада сақтауға мүмкіндік беретін екі мұздатқыш құрылғы жеткізілді. Осы айдың аяғына дейін олардың қатары тағы екі құрылғымен толығады», деді облыстық ведомство жетекшісінің орынбасары.

Вакцинаны емхана мен білім нысанындағы медициналық пунктте алуға болады. Балалар мен 12-18 жас аралығындағы жасөспірімге вакцина тек ата-анасының жазбаша келісімімен ғана салынады. Өңірде қазіргі күні 336 318 адам вакцина алған, бұл екпе алуға рұқсат етілгендердің 66,6%-ы. Олардың ішінде екінші компонетті салдырғандар саны – 313 642 немесе 62,1%.