Облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында облыстық әкімдіктің ұйымдастыруымен әйгілі әнші Қажыбай Жахиннің құрметіне «Арқаның Айбозы» атты бірінші республикалық дәстүрлі ән байқауы өткізілді.
Өлең қонып, ән ұшқан өлкедегі ақ түйенің қарны жарылған күн болды бұл! Өткен жылы мезгілсіз өмірден өткен кешегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайлардың жолын қуған, ілкіден жалғасып келе жатқан саф өнердің тынысын ашып, шың басына шығаруға ұмтылған Қажыбай Бадықұлының есімін ел есінде тағы бір жаңғырту арқылы Арқаның әншілік дәстүрі сәтімен сабақталды. Жаман тұмау жайлағалы бойкүйез болып қалған әншілер қауымы бір желпініп, күні кеше «құлақтан кіріп бойды алар» әнімен тербеткен тума талант Қажыбайын есіне алып, мезгілсіз өмірден өткеніне күйзелді. Туған елінің тағзымына разы болып, еңсесін тіктеді.
Бірінші республикалық дәстүрлі әншілер байқауында Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстарымен қатар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының өкілдері өнер көрсетіп, ұзын-ырғасы жиырмадан астам әнші бақ сынады.
Дәстүрлі әннің мерейін асырып жүрген ән саңлақтары өнерімен шуақ шашқан гала концерттің шымылдығы ақын Қуаныш Оспановтың «Арқаның Айбозы» атты поэмасының желісінде қойылған прологпен басталды. Талай ән додасында өнерімен ел құрметіне бөленіп жүрген жезтаңдай әншілер бірінен соң бірі шығып, Көкшетау аспанын асқақ әндерімен тербетті. Республикалық әншілер байқауының лауреаты Бауыржан Нұрмахан Біржан салдың «Айтпай» әнін орындап, өзіндік мәнерімен, асқақ дауысымен тыңдарман қауымды тәнті етті. Нұр-Сұлтан қаласының қос дәстүрлі әншісі Алуа Қалымбекова мен Өзгеріс Шерікбайдың орындау шеберлігі де көп көңілінен шықты. Қажыбайдың курстасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, Алаштың белгілі дәстүрлі әншісі Еркін Шүкіман бастаған қазылар алқасының ұйғарымы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының әншісі Еркебұлан Қарыпов үшінші орынға ие болса, екінші орын Нұр-Сұлтан қаласынан келген Өзгеріс Шерікбайға бұйырды. Бірінші орынға астаналық Алуа Қалымбекова көтерілді. Ал, бас жүлде көкшетаулық дәстүрлі әнші Бауыржан Нұрмаханға бұйырды. Жүзден жүйрік атанған Бауыржанға арнайы диплом мен автокөлік табыс етілсе, көп көңілінен шыққан әншілердің бәрі қомақты сыйлыққа ие болды.
Шара барысында әнші туралы таяуда ғана жарық көрген «Көкшенің Айбозы» естеліктер жинағының тұсаукесері өткізілді. Жинақта әншінің үзеңгі жолдастарының, ел ағаларының, өнеріне тәнті болған тыңдарман қауымның жылы естеліктері топтастырылған.
Екі күн бойы Көкшенің көгілдір аспаны ән лебімен желпініп, әрі-бері көшкендей болды. Тыңдарман қауым табиғи талант иесіне көрсетілген зор құрметке шын көңілден разы болды.