Түркістан облысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын табысты түйіндеп отыр. Өңірде әлеуметтік-экономикалық маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылды. Олардың қатарында кеңестік заманда жүзеге аспай, қағаз күйінде қалған жобалар да бар.
Мәселен, тәуелсіздіктің нәтижесінде Сырдария өзені арқылы өтетін 430 метрлік «Тәуелсіздік көпірі» салынды. Бұл көпір Өзбекстанмен шекаралас орналасқан Жетісай және Мақтаарал аудандарын республикалық автожолмен тікелей байланыстырады. Бұрын үш ауданның 350 мың тұрғыны облыс орталығына жету үшін Өзбекстан аумағы арқылы шекарадан өтетін. «Тәуелсіздік көпірі» аталған мәселені түбегейлі шешті.
– Бұған қоса Жетісай мен Мақтаарал халқын Шардара су қоймасы арқылы облыс орталығымен байланыстыратын ұзындығы 35 шақырымға тең «Арнасай айналма жолы» пайдалануға берілді. Ташкент, Алматы және Қызылорда бағытында «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік көлік дәлізі салынды. Оның 448 шақырымы облыс аумағы арқылы өтеді. Бүгінде бұл жолдағы жүк айналымы 2,5 есе артып, көптеген тұрғынымыз үшін табыс көзіне айналды, – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Әкімнің мәліметінше, тәуелсіздік жылдары жалпы облыс аумағында 8 мың шақырымнан аса автомобиль жолы мен елді мекен көшелері және 71 көпір құрылыс-жөндеу жұмыстарынан өткен. Нәтижесінде, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 87 пайызға жеткен.
– Сырдария бойындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін «Көксарай су реттегіші» іске қосылды. Бұл жоба өзеннің бойындағы ауылдардағы су басу қаупі мәселесін шешіп қана қоймай, экологиялық жағдайға да әсер етті. Бұл жерде қосымша 38 мың гектар лимандық жайылым жер пайда болып, аумағындағы аудандарда мал саны 2 есе көбейді, – деп нақтылады Ө.Шөкеев.
Оңтүстік өңірді табиғи газбен қамтуға мүмкіндік беретін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбыры салынғаны есімізде.
– Бұл магистралдың өңір үшін маңызы өте зор. Себебі халықты табиғи газбен қамтамасыз ету үшін газдың күш-қуаты жеткіліксіз болатын. Сондықтан бірінші кезекте осындай магистралды газ құбыры болу керек еді. Міне, жылдар бойы күткен үмітіміз ақталды. Аталған газ құбырынан 239 елді мекен немесе 582 304 адам газ тұтына алады. Бүгінгі таңда 56 елді мекен, яғни 290 808 адам аталған газ құбырының игілігін көріп отыр. Қалған 183 елді мекен (291 496 адам) алдағы уақытта қамтамасыз етілмек. Құбырдың ұзындығы – 241,1 шақырым, – деді облыс әкімі.
Тәуелсіздік жылдары өңірде 573 мектеп, (215 мың орын) 84 балабақша, 503 денсаулық сақтау, 55 мәдениет және 28 спорт нысаны пайдалануға берілді.
– Соңғы үш жылда облыс экономикасына 1,4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, 5 есе өсім көрсетті. Жалпы, облыс құрылғалы бері 396 млрд теңгеге 114 инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде, 6 300 жұмыс орны ашылды. Биылғы 10 айдағы инвестиция көлемі 479 млрд теңгеге тең. Жоспар – 800 млрд теңгеге жеткізу. Жыл басынан бері 166 млрд теңгеге 26 жоба іске қосылып, 1,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Түркістан облыс болып қайта құрылған кезде өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың басым бөлігі Шымкент қаласында қалып қойды. Сондықтан біз өңірде өндіріс саласын қайта құруға ден қойдық. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында жеке инвестиция есебінен ірі жобалар іске асырылуда, – дейді әкім.
Бүгінде өнеркәсіп саласында жалпы құны 61,7 млрд теңгені құрайтын 50-ден астам кәсіпорын ашылған. 1 мыңнан аса жұмыс орны құрылыпты. Жыл соңына дейін 427,8 млрд теңгеге тағы 22 кәсіпорын іске қосылмақ. Қазір өнеркәсіп өнімінің көлемі 530 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш айтарлықтай жақсарған.
– 805,3 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 129 млрд теңгеге артты. 842,4 мың гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде көкөніс, бақша, картоп өнімдерінің түсімі орташа есеппен 20 центнерге өсіп, былтырмен салыстырғанда 500 мың тоннаға артты. 3,3 млн тонна өнім жиналды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Жаңадан 105,3 гектарға жылыжай салынып, олардың жалпы көлемі 1 440 гектарды құрады. Республикадағы жылыжай көлемдерінің 71 пайызы біздің өңірге тиесілі. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы аясында 8,9 мың гектарға 2 878 жоба іске асырылып, 280 мың тонна көкөніс өнімі жиналды. Өзге өңірлерге қарағанда Түркістан облысында күн ыстық және жылы күндер ұзақ сақталады. Осы бір табиғи климаттық ерекшелікті пайдаланып, агроқұрылымдарға бір алқаптан бір жылда 2-3 өнім алу тәжирибесін енгіздік. Алғашқыда 2019 жылы 107 жобаны іске асырып, агроқұрылымдарды жинап, түрлі семинарда тиімділігін дәлелдедік. Жобаның тиімділігі сол, бұрын шаруалар бір гектардан 2 млн теңге дейін табыс тапса, қазір бұл көрсеткіш 7 млн теңгеге ұлғайды, – деді Ө.Шөкеев.
Республикада суармалы жерлердің үштен бір бөлігі Түркістан облысына тиесілі – 548,2 мың гектар. Ағын суды тиімді пайдалану мақсатында ылғал үнемдеу технологияларын енгізу жолға қойылған. Бүгінгі таңда облыста 4 мың гектарға жаңбырлатып суару және 25,5 мың гектарға тамшылатып суару технологиясы енгізілді. Бұдан бөлек, соңғы екі жылда 172 шақырымдық 23 каналға жөндеу және 241 шақырымдық 121 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 92 мың гектар суармалы жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды.
Мал шаруашылығында мал басы мен өнімділік 4-5 пайызға артып, 291,4 млрд теңгеге өнім өндірілген. Ет экспорты бойынша облыс республикада бірінші орында тұр. Бүгінге дейін 24 мың тонна ірі қара мал, 2,3 мың тонна қой еті экспортталған.
– Облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 144 мыңға жетіп, соңғы 3 жылда 17 мыңға артты. Өндірілген өнім 1,6 есе ұлғайып, шамамен 400 млрд теңгені құрады. Өсім бойынша республикада алғашқы орындамыз. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 22 пайыздан асты. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемі 2,8 есе артып, 11 млрд теңгеге жетті, – деді Түркістан облысының әкімі.
Осы жылдың он айында құрылыс жұмыстарының көлемі 209,2 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артқан. Бұл ретте «Нұрлы жер» бағдарламасы тұрғын үй құрылысына қарқын қосқан. 10 айда 503,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бағдарлама аясында барлық қаржы көздері есебінен 232 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл бюджет есебінен 42 тұрғын үй құрылысын тапсыру жоспарлануда. Соның нәтижесінде 549 көпбалалы және әлеуметтік осал отбасы баспанамен қамтылады. Ал 2 096 отбасы жеңілдетілген несие арқылы пәтер сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Жалпы, облыста 1 517 көппәтерлі тұрғын үй бар.
– Облыста 945 мектепте 509,7 мың бала оқиды. Апатты және үш ауысымды мектептің мәселесін шешу мақсатында биыл облыста 78 мектеп құрылысы басталды. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2025 жылға қарай 130 жаңа мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде биыл 47 мектеп салыну күн тәртібіне енгізілді. Бүгінгі таңда 42 мектептің құрылысы аяқталды. Бағдарлама аясында жыл сайын 108 мектеп жаңғыртудан өтеді. Тереңдетілген бағыттағы білім беру жүйесін дамыту мақсатында мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігімен 4 Binom School мектебі салынады. Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысы аяқталды. 700 оқушыға арналған 500 орындық жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде, – деді әкім.
Ө.Шөкеевтің айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жыл басынан 80 315 адам жұмыспен қамтылып, бұл іске 14,4 млрд теңге бағытталған. Бағдарлама аясында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында 2 501 адам жұмысқа орналасқан. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 34,5 млрд теңгеге 58 жоба іске асырылып, 1 872 жұмыс орны құрылған. 2021 жылдың екінші тоқсанына жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрады. 41,6 мың отбасына (230 мың адам) 11,2 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде еңбекке жарамды 47 мың адам жұмыспен қамтылды.
– Ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 60 нысанның құрылысына бюджеттен 12,7 млрд теңге бөлініп, биыл 27 нысан пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, 20 елді мекен ауыз сумен қамтылса, 11 елді мекеннің су құбырлары қайта жаңартылады. Жыл қорытындысында облыстағы ауыз сумен қамту деңгейі 1,9 млн тұрғынды немесе 94,5 пайызға жетеді деп күтілуде. Алдағы 5 жылда 144 елді мекенді (121,8 мың адам) орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету, 209 елді мекендегі (624,9 мың адам) тозығы жеткен су құбырларын қайта жаңарту жоспарлануда, – деді Ө.Шөкеев.
Табиғи газбен қамту үшін биыл 89 нысанның құрылысына 14,4 млрд теңге бөлініп, оның ішінде 29 нысан пайдалануға беріледі. Жыл қорытындысы бойынша 448 елді мекен немесе 1 млн 340 мың адам табиғи газды қосуға мүмкіндік алады. Алдағы 5 жылда қосымша 299 елді мекенді табиғи газға қосып, қамту деңгейін 85,6 пайызға жеткізу міндеті тұр.
Электрмен жабдықтау бойынша 2021 жылы 54 нысанның құрылысына 8,5 млрд теңге қаржы бағытталған. Биыл 7 нысан пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, 13 елді мекен немесе 13,5 мың тұрғын сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтылады.