• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2014

Елдігі – бірлігінде, ерлігі – шежіресінде

278 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партиясының басты ұстанымы осы

«Нұр Отан» партиясының Саяси доктринасын оқыған тұста, сөз жоқ, Қазақстанның ХХІ ғасырдағы мұраттары, мемлекет пен оның азаматтары арасындағы ортақ мақсаттарға негізделген ұнамды да оңды әрекет-қимылдар, ел дамуына қатысты басым бағыттар мен жаңа қағидаттар кең орын алғанын көресің. Жаңа бағыттар мен ортақ құндылықтарға, бірлік пен қоғамдық келісімге, әлеуметтік сая­сат пен зияткер ұлт мұраттарына, руханият пен мәдениет арналарына, елдік пен ерлік шежірелеріне көп көңіл бөлгеніне көз жеткізесің. Ұлт пен тарих алдындағы жауапкершілікке, адам мен оның бостандығына, құқықтық ерекшеліктеріне, ашық қоғам мен бәсекеге қабілеттілікке, әлемдік даму үдерістеріне айрықша назар аударылғанын аңғарасың. Еліміздің елулікке енуі – Елбасы саясатының, стратегиялық мақсатының берік те айқындығының жарқын көріністерінің бірі. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы мен «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты кең көлемді, терең мазмұнды еңбегінде «Қазақстан-2050» Стратегиясында қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты, ел дамуының болашағы, мақсат-мұраттары жан-жақты айқындалды. Ұлт пен ұрпақ қамы, мәдени-рухани аспектілер, біліми-ғылыми арналар, тәлім-тәрбие тағылымдары да негізгі назарда болды. Осы ретте «Нұр Отан» партиясы жаңа Саяси доктринасының басты бағыттарынан Қазақстанның экономикасы мен саяси-әлеуметтік жүйесі кең көлемде орын алған. Ел дамуының өркенді өрістері, бәсекелестікке қабілеттілік, әлеуметтік бағдарлы мемлекет құру мәселелері жан-жақты қозғалған. Бастысы, «Нұр Отан» партиясының бүкіл халықтық миссиясында ұлттық мұрат-мүдде басым бағыттарға ие болып, азаматтық қоғам мен зияткерлік ұлттың белгі-ерекшеліктері айқындалып отыр. Адам өмірі мен еңбегіне, құқықтары мен бостандықтарына кең өріс ашылып, ұлт мұраты, ел тарихы мен дамуының эволюциялық жолы, болашақ бағыт-бағдарлары кеңінен көрініс тапқан. «Нұр Отан» партиясының жаңа Саяси доктринасы бірнеше басым бағыттардан тұрады («Нұр Отан» партиясының ХХІ ғасырдағы миссия­сы»; «Біздің құндылықтарымыз»; «Азамат және мемлекет: өзара іс-қимылдың жаңа қағидаттары»; «Жаңа бағыттың мақсаттары: табысты дамудың жеті факторы»; «Партияның тарихи жауапкершілігі»). Онда, әсіресе, Қазақстанды өркендету, Тәуелсіздікті нығайту, Отанға сүйіспеншілік, ұлт тұтастығы мен қоғамдық келісім, азаматтардың зияткерлік және жасампаздық әлеуеті, отбасы және дәстүр құндылықтары кеңінен сөз етіледі. Адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарына зор маңыз беріледі. Азаматтық қоғам, демократиялық дәстүрлер мен мәдениеттің дамуы жан-жақты орын алады. Әлеуметтік саясат, экономикалық даму, инновациялық бағыттарға кең өріс ашылады. Барлық қазақстандықтардың сапалы білім алуы, медициналық қызмет пен қолжетімді тұрғын үй мәселелері де басты назарда болады. Ұлттық мұрат-мүддеге адалдық, қорғаныс қабілетін нығайту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де кеңінен қозғалады. Елдің қоғамдық һәм саяси бағыты, әлеуметтік арналардың өркендеуі мен тұрақтылығы басты назарда болады. Жаһандану және бәсекеге қабілеттілік бағыттары да назарда тұрады. Қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулыққа, достық қарым-қатынасқа көп көңіл бөлінеді. Елбасы бастамалары мен ұстанымдары, Тәуелсіздік табиғаты мен тағылымы, елдік мүдде мен дәстүр құндылықтары жан-жақты қозғалады. Бастысы, ұлт мұраты мен құндылықтары, атап айтқанда, адам мен оның еңбегі, өмірі мен өнегесі кең орын алады. Ол туралы: «Біздің миссиямыз – дамудың эволюциялық жолын қамтамасыз ету, сондай-ақ, өркендеген, бәсекеге қабілетті әрі әлеуметтік бағдарлы мемлекетті құру. Мұнда әрбір мақсаткер, еңбекқор және заң тәртібін сақтайтын азамат табысқа жетіп, өзіне де, қоғамға да пайда келтіреді», деп атап көрсетеді. Доктринада ұлт мұраты мен тәуел­сіздік мәселесіне кең орын беріледі.Ұлтқа адалдық, Отанға сүйіспеншілік, еңбекке қызығушылық пен тұрақтылық сынды қастерлі ұғымдардың сыр-сипаттары ашылып, маңыз-мәні айқындалады. Ұлтқа қызмет пен тәуелсіздіктің баяндылығы жолында табанды да тұрақты еңбек ету – абыройлы да кәделі, сауапты істердің бірі екендігі баса көрсетіледі. Ұлтты қорғау мен қалыптастыру, Тәуелсіздік жолындағы ата-бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен күн-түн қатып, жанкешті әрекеттерге баруы – елдік пен ерліктің үздік үлгісі, ғажайып өнегесі екендігі негізгі назарда тұрады. Оған төмендегіше түйін жасалады: «Тәуелсіздік – еліміздің басты құндылығы. Біз бүгінгі жетістіктеріміздің қай-қайсысына да Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, Тәуелсіздік – біз үшін баға жетпес байлық! Мемлекет пен қоғамның бар күш-жігері Тәуелсіздікті нығайтуға арналуы тиіс. Осы мақсат үшін қызмет ету және мемлекетті қорғау – тарихтың, сондай-ақ, келешек ұрпақ алдындағы әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Мұны жас ұрпақ әрқашан жадында тұтқаны абзал». Елорда мен Елбасы, ұлттық рәміздер мен мемлекеттің міндетті атрибуттары да тиісінше орын алып, оған деген жас ұрпақтың құрметі мен тағзымы айрықша болу қажеттілігі жіті көрсетіледі. Елдік мүдде мен ұлттық қауіпсіздікті қорғау миссиясы осы тұрғыдан ұнамды көрініс табады. Қазақ руханияты мен мәдениеті мәселесі ұлттық құндылықтардың басым бағыттарын айқындайды. Ұлт тарихының әуелгі бастаулары мен даму кезеңдерінің бәрі-бәрінде руханият өрісі, мәдениет өрнектері көптеп кездеседі. Руханият құндылықтары қалыптасып, тарих пен мәдениет, дәстүр мен сабақтастық, дін мен діл, білім мен ғылым, таным мен тіл, т.т. жүйелі дамуы – мемлекеттілікті нығайту, тәуелсіздікті баянды ету, бәсекеге қабілеттілікті арттыру ісіндегі айрықша факторлардың бірі болғандықтан, оның маңыз-мәні барынша айқын көрсетіліп, бедерленіп беріледі. Тұтастай алғанда, «Нұр Отан»  пар­­тиясы Қазақстанның дамуы мен өр­кендеу бағыттарын баянды етуге, ха­лықты бірлік-берекеге шақырып, ортақ мақсат жолында еңбек етуге ұйытқы болып келе жатқан бірден-бір саяси күш ретінде қоғамда айрықша орын алады. Рақымжан ТҰРЫСБЕК, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.