• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Спорт 24 Қараша, 2021

Ерекше спортқа құлшыныс жоғары

494 рет
көрсетілді

Тобыл өңірінде соңғы он шақты жылдың ішінде ерекше қажеттілікке ие жандарға арналған спорт жарыстары мен турнирлер жиі өтіп жүр. Облыста мүмкіндігі шектеулілер спорты да жыл санап дамып келеді. Аталған салада түрлі мәселелер де бой көрсетіп қалады, бірақ біртіндеп шешімін тауып жатыр.

«Үміт-Надежда» қоғамдық қо­рының төрағасы Дүйсенғали Оспановтың бастамасымен 2015 жылы облыстық «Мүгедектер спорт клубы» құрылған. Аталған мекеме содан бері ынталы мүм­кіндігі шектеулі жандардың өз­дері қалаған спорт түрлерімен шұғылдануына жағдай туғы­зып, орынжай және спорт құры­л­ғы­ларымен қамтамасыз ету, түрлі деңгейдегі жарыстарға апа­ру, іссапар қаражатын табу сияқ­ты мәселелерді реттеумен айналысып келеді.

Бүгінде клубқа мүше 214 спорт­шының 167-і – Қостанай қала­сында, Рудныйда – 18, Лиса­ков қаласында – 24, Арқалықта 5 адам жазғы және қысқы спорт түрлерімен кәсіби түрде айналысады. Д.Оспановтың айтуынша, облыстағы ерекше қажеттілігі бар жандар ұзын саны 17 спорт түрімен шұғылданады. Оның ішінде жүзу, үстел теннисі, волейбол, шаңғымен сырғанау, пауэр­лифтинг, жеңіл атлетика, ­таэквондо, дзюдо секілді он шақты паралимпиадалық спорт түрлері бар. Бұған арба биі үйір­месі мен еркін күрес, мини-фут­бол, шахмат сынды сурдлим­пия­лық спорт түрлерін қосыңыз.

Қостанайлықтардың, әсіре­се, пауэрлифтингке деген қы­зы­ғушылығы артып келеді. Паралимпия ойындарына кіретін бұл спорт түрімен бүгінде жиырмадан астам зағип айналысады. Солардың бірі – Анар Аханова. Талай халықаралық жарыстарға қатысып, ел намысын қорғап жүр­ген Анар бес жыл ішінде халық­аралық спорт шебері атанды.

– Қазір балалар мен жасөспі­рімдерге арналған бірінші мектепте жаттығу жасап жүрмін. Спортқа осыдан бес жыл бұ­рын келдім. Ол кезде тұрмыстық қыз­­­­мет көрсету колледжінде оқи­­тынмын. Алғашқыда жай әуес­­қойлықпен келе салғанмын, спортпен кәсіби түрде айналысамын деген ой мүлде болған жоқ. Алғашқы жаттығуларда қат­ты қиналдым. Бос темір бел­деменің өзін көтере алмайтынмын. Тіпті пауэрлифтингті тас­тап кеткім де келген кездерім болды. Алайда әр нәрсеге төзім керек екенін, онсыз ештеме шық­пайтынын білгендіктен, алғашқы қиындықтардың бәріне шыдап бақтым. Еңбегім еш кеткен жоқ, біртіндеп жарыстарға қатысып, жақсы көрсеткіштерге қол жет­кі­зе бастадым, – деді тәжі­рибелі спортшы.

Парапауэрлифтинг бойынша Қостанай облысының аға жат­тықтырушысы Дмитрий Царен­коның сөзіне қарағанда, жат­тығуға жаңа келіп жатқан зағип жандардың спортқа деген ұмтылысы ерекше.

– Спорт залға бес жыл бұрын кел­ген балалардың көбі осыдан бірдеме шығарамын-ау деген сенім болмайтын. Сенім ең­бек ету арқылы бірте-бірте қалып­тасады. Қазір солардың көбінің спорт шебері деген дәрежесі бар. Омыртқасы, буыны немесе бұл­шық еттері зақымданып өздігінен жүре алмай қалған балалардың біразы үйлерінде отыр. Оларға спортпен шұғылдану қажет. Ең бастысы, тәуекелге бел буып, зал­ға келіп, ақырындап спортпен айналыса бастау керек. Біздің командамыз өте ұйымшыл, залға келген кез келген адамға қолдау көрсетуге әзір тұрады, – деді Д.Царенко.

«Мүгедектер спорт клубы» бас­шысының орынбасары Гри­горий Зиберовтің айтуын­ша, спорт жаттығулары мүмкін­ді­гі шектеулі жандардың функ­ционалдық мүмкіндіктерін кеңей­тіп, денсаулығын жақсартады, тіпті спортта жоғарғы жетіс­тік­терге жетелейді. Аталған клуб бүгінде кемтарларды спортқа мей­лінше көптеп тарту арқылы ірі ха­лық­аралық жарыстарда жоға­ры көрсеткіштерге қол жеткізе алатын кәсіби спортшыларды даярлауды көздеп отыр. Алайда клубтың басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау.

Соңғы алты жылға көз жү­гіртіп көрсек, Қостанай облы­сы­ның ерекше спортшылары рес­публикалық және халықаралық жарыстарда жиі жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Ал Александр Колядин – 2018 жылғы паралимпия чемпионы. Мұндай табысқа жетуге осы залға келіп жүрген кез келген спортшының мүмкіндігі бар дейді жаттықтырушылар.

 

Қостанай облысы