Елбасының жаһандық бастамалары туралы айтқанда түбі бір түркі дүниесінің ынтымақтастығына қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталмай өту мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі сөзіміз осы тақырыпқа арналады.
Алып бәйтеректей терең тамыры құрлықтарға жайылған түркі әлемін ғасырлар тоғысында түрлендіріп түлеткен, осылайша бауырластыққа жаңаша бай мазмұн берген, түркі интеграциясының архитекторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені жалпақ жаһанға белгілі.
Көп түріктің атажұртында жаңа мемлекеттің іргесін қалаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркі әлемінің ынтымақтастығына әу бастан айрықша мән беріп, туыс жұртты түгендеп, үзіліп қалған алтын арқауды қайта жалғады. Әуелі іргедегі ағайын елдермен достық байланыстарды арттыруға назар аударып, Орталық Азия ынтымақтастығын құру жөнінде бастама көтерді. Еуразияның күретамыры болған Ұлы Жібек жолын қайта жандандырып, Алтай мен Анадолының арасын жалғаған түбі бір туыс елдердің асыл мұратына жол ашты. Сонау тоқсаныншы жылдардан бері Түркітілдес мемлекеттердің алқалы басқосуларына ұйытқы болып, Түркі Кеңесі, ТүркПА, ТҮРКСОЙ, Түркі Ақсақалдар кеңесі, Халықаралық Түркі академиясы сынды іргелі ұйымдардың негізін қалап, маңызды идеяларға бастамашы болды. Осылайша, өткен ғасырда Мұстафа Кемал Ататүрік «түрік» атауын мемлекетке беру арқылы сақтап қалса, Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырда бұл ұғымды халықаралық брендке айналдырды. Бүгінде барша жұрттың түркі дүниесі деген атау-ұғымды жатсынбай қабылдауы, бөтенсінбей бағалауы соның айғағы.
Түгел түркінің түпқазығы, әзірет қонған әз қала, киелі Түркістанды түлетті. Сондықтан Түркістанда Түркия Президенті Елбасының иығына ақ шапан жауып, қолына аса таяқ ұстатып, оны «Түркі әлемінің лидері» деп бағалады. Сол сияқты Бакуде өткен Түркі кеңесінің саммитінде бауырлас елдердің басшылары бірауыздан Елбасын «Түркі кеңесінің құрметті төрағасы» сайлап, ұйымның мәртебелі орденімен марапаттауы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі әлеміне сіңірген еңбегінің жемісі екені анық. Таяуда Ыстанбұлда өткен Саммитте Түркі кеңесінің «Түркі мемлекеттерінің ұйымы» болып қайта құрылуы да, алқалы жиында «Түркі дүниесінің келешегі – 2040» стратегиялық құжатының қабылдануы да Елбасы бастамасымен жүзеге асқаны белгілі.
Елбасының түрлі халықаралық ұйымдардың құрылуына бастамашы болумен қатар түркі әлемін біріктіруде және халықаралық бітімгерлік саясатта да еңбегі ұшан-теңіз. Бүгінде түркі жұртының кез келген күрмеуі қиын ширыққан шиеленісті шешімдерде Елбасының бітімгерлігіне арқа сүйейтіні белгілі. Күні кеше соғыс өрті басылған Қарабақ мәселесінде де Елбасы әуелден бітімгерлік әділ бағытты ұсынып, түйткілді жайтты БҰҰ заң-қарары талаптарына сай бейбіт жолмен шешуге шақырған еді. Түркия мен Ресейдің қырғиқабақ салқындығына араағайындық еткен еңбегін де жұртшылық түгел мойындайды.
Елбасы тамырлы тарихымызды түгендеуге ерекше екпін беріп, өткеніміз санамызда сәулеленді. Халқымыздың тарихи жадысына қан жүгіріп, ел шежіресінің екінші тынысы ашылды. «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» секілді кешенді бағдарламалары жүзеге асырылып, шын мәнінде рухани жаңғыруға берік негіз қаланды. Шынтуайтында бұл бастамалар қазақ халқының ғана емес, тамыры бір, тарихы ортақ түркі жұртының ұлттық жадысын оятып, түркі әлемінің оянуына алып келді. Байқал мен Балқанның, Алтай мен Анадолының арасындағы Ұлы далада байырғы бабалардың өнегелі ізі мен өміршең сөзі бүтін бітімімен жүйелі қазынаға айналды. Осылайша, қалғып кеткен тарихи сананы ояту, ұлттық кодтарымызды анықтау һәм халқымызды жарқын болашаққа ынталандыру бағдарламалары тұтас түркі дүниесі үшін маңызды бастамаға баланды.
Тұғырлы тұлға ғұмырлы тарихты жасаса, керісінше, тарих та тегеурінді тұлғаны тудырады. Замана көші өркениетке бет бұрған сайын кемеңгер тұлғалардың керуен жолы аласармай, уақыт өткен сайын асқақтай берері ақиқат. Себебі адамзат тарихында артына өшпес мұра қалдырып, өркениет көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан тұғырлы тұлғаларымыз бүгін мен келешек ұрпақ үшін рухани азық, жол бастар темірқазық болары айқын. Біз бүгін барымызды қастерлеп, бірлікті байрақ етіп, Алаш арыстарына аңсар-арман болған бауырластығымызды бекемдей түссек, ол – Елбасының ерен еңбегі, болат жігері, асыл мұратының жүзеге асқанының шынайы да айқын көрінісі. Сондықтан тарихы ортақ, тамыры бір, тағдыры ұқсас, туырлығы тұтас, туыстығы өрісті, ынтымағы ырысты түгел түркінің тұғырлы тұлғасы, әлбетте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені анық.