Қазақстандағы апелляциялық әскери соты Арыстағы оқ дәрілердің жарылуына байланысты сотталғандардың үкімін жеңілдетті, деп жазады Egemen.kz.
Биыл 26 шілдеде Шымкент қаласындағы әскери бөлімде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылысқа қатысты айыпталған 16 адамға үкім оқылған. Сот 16 адамның 12-іне 4-10 жыл аралығында түрме жазасын берді, 4-і шартты түрде сотталды. Шартты жаза мерзімі 4 пен 7 жыл аралығы.
Апелляциялық сот шешімімен Қанат Ақтанов, Ерлан Омаров, Асат Бралин, Ас-Салладин Саржанов, Бауыржан Ниязов, Марат Сарсенов және Көпжан Нұрмахамбетов қылмыстың ескіру мерзіміне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Бастапқыда оларға қызметіне салғырттық танытты деген айып тағылған.
Сонымен бірге Қуаныш Оспанов, Руслан Омаров, Юрий Каракальчев, Мейрамбек Жүсіпов пен Азамат Аяпбергенов қамаудан босатылған.
2019 жылдың 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, соның салдарынан төрт адам қазаға ұшырады. Олардың екеуі – әскери, біреуі – бейбіт тұрғын, ал бір бала эвакуациялау кезінде жол апатынан мерт болды. Оқиға салдарынан алпыс мыңнан астам адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болды. Ресми мәлімет бойынша, қаладағы 7 527 үй мен көпқабатты 103 тұрғын үй зақымданған. Пайдалануға жарамсыз болып қалған 420 үй мен 3 көпқабатты тұрғын үй құлатылған.