Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында еліміздегі агроөнеркәсіптік кешен бойынша бірқатар маңызды міндетті белгілеп, оларды шешу жолдарын алға қойды.
Президент өз сөзінде баға белгілеу мен азық-түлік тауарларын бөлуді бақылауға жаңаша қарауды, мемлекеттік ведомстволар арасындағы жауапкершілік аймақтарын ажыратуды ұсынып, жемшөп дайындау, мал жайылымы, ветеринария және тиісті заңнамалық нормалар дайындау сияқты ауқымды бағыттарды жақсартудың маңыздылығын баса айтқан болатын.
Елімізде қай кезеңде де ұлтық экономикадағы негізгі салалардың бірі болып келген агроөнеркәсіптік кешен бүгінгі таңда батыл және қарқынды оң өзгерістерді талап етуде. Өйткені соңғы бірнеше жыл бойы бұл салада жасалып отырған ауқымды экономикалық және ұйымдастырушылық шаралар ауыл шаруашылығы саласын күткендегідей нәтижелерге жеткізе алмады. Тіпті кейбір жекелеген, белгілі бір аса ірі аграрлық құрылымдарды қоспағанда, жалпы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің экономикалық жағдайын табанды түрде жақсарту үшін бірқатар тың шара өз кезегін күтіп тұр. Шынымен-ақ, дүкен сөрелеріне назар аударсақ: «осы біз бірте-бірте өзге мемлекеттердің азық-түлігіне тәуелді болып бара жатырмыз-ау!» деген қауіптің шырмауына түсетініміз де рас. Дастарқанымыз отандық өнімдерден ғана майысып тұрса, қанекей!
Бүгінгі күні белең алған өнімділіктің төмендігі, мемлекеттік қолдау құралдары тиімділігінің пәрменсіздігі, ресурстық әлеуетті ұтымсыз пайдалану, ауыл шаруашылығы тауарларын өткізу және сақтау жүйелерінің баяу дамуы, техникалық жабдықтау саласында қордаланған проблемалар үкіметтік деңгейде шешуші қадамдар жасауды қажет етеді.
Ел Президентінің жоғарыда аталған Жолдауын іске асыру шеңберінде Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті «Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» деген тақырыпта Парламенттік тыңдау өткізу және оған дайындық барысында бірқатар іс-шара ұйымдастырды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мен экологиялық ахуалдың өзекті мәселелерін шешу, биотехнологияларды әзірлеу мәселелері бойынша жағдайды зерттеу және ауыл шаруашылығы жануарларына арналған отандық ветеринарлық препараттар енгізу мақсатында комитет мүшелері Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық биотехнология орталығында және оның Степногор қаласындағы филиалында болды. Сонымен қатар Жамбыл облысындағы Отар елді мекенінде орналасқан «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты» РМК-да, Алматыдағы Қазақ ветеринарлық ғылыми-зерттеу институтында көшпелі отырыстар өткізді. Осы іс-шаралар барысында жоғарыда аталған орталықтардың ғалымдары, ғылыми қызметкерлер еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне сала ғылымының жетістіктерін енгізу, ауыл шаруашылығы мен ғылымның арасындағы іскерлік байланысты тереңдету, осы орайда аса тиімді тетіктерді қолдану жөніндегі бағалы ұсыныстарын айтты. Өте орынды! Аграрлық ғылым ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысады. «Білім – Ғылым – Өндіріс» үштағаны бұзылмаған жағдайда инновациялық ғылым мен инновациялық инфрақұрылым жаңа деңгейге көтеріледі.
Комитеттегі менің әріптестерім бастамашы болып отырған осы ауқымды іс-шаралардың түпкі мақсаты – мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Агроөнеркәсіптік кешеннің жай-күйі тікелей ел экономикасына, халықтың әл-ауқатына және тамақ өнімдерінің қолжетімділігіне әсер етеді. Қазіргідей пандемия кезеңінде әлемде қалыптасқан азық-түлік инфляциясының өсімі біздің елге де кері әсерін тигізді. Мәселен, ресми деректер бойынша жыл басынан бері инфляция деңгейі үнемі өсу үстінде келеді. Осы орайда бағаның жылдық өсімінің жартысынан көбі азық-түлік инфляциясының үлесіне тиеді. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша азық-түлік тауарлары жыл басынан бері 11,5%-ға қымбаттады: оның ішінде қант 32,1%-ға, май 31,6%-ға, көкөніс 25,8%-ға өсті.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өз өнімдерін сату бағасына айтарлықтай әсер ете алмайтынын және көбінесе сатып алу ұйымдары мен қайта өңдеу кәсіпорындарының бағаларын қабылдауға мәжбүр болатынын атап өткен жөн. Басқаша айтқанда, өнімдердің бағасын қалыптастыру делдалдардың билігіне ауысып кеткен сыңайлы.
Мемлекет тарапынан қойма және көлік инфрақұрылымының жетіспеушілігі проблемасын шешу мақсатында көтерме-тарату орталықтары бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Бұл бастама шағын және жеке қосалқы шаруашылықтарда өз өнімдерін сату мүмкіндіктерінің шектелуіне байланысты туындағанын білеміз. Логистиканың және орталықтандырылған сатып алудың жолға қойылмауына байланысты жеке қосалқы шаруашылық өнімдерінің аз ғана бөлігі өңдеуге жіберіледі. Ол өнімдер делдалдар мен алыпсатарлар арқылы дүкен сөрелеріне жеткенше шектен тыс жоғары баға құрайды.
Бүгінгі таңда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің 41,5%-ы жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде. Сондықтан ендігі міндетіміз – олардың мемлекеттік қолдау, соның ішінде көтерме-тарату орталығы тарапынан берілетін мүмкіндіктерге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Өндіріс қуатына немесе көлеміне қарамастан, барлық агроқұрылымдар мен көтерме-тарату орталығы арасында жан-жақты тиімді ынтымақтастық қалыптастыратын жағдай жасалуы қажет деп санаймын.
Соңғы бірнеше жылдан бері еліміздің бірқатар өңірінде жеке көтерме-тарату орталығы жұмыс істейді. Уақыт өте келе олар мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер және жеке қосалқы шаруашылық арасында өзара тиімді іс-қимылдың болмауы, көтерме-тарату орталығы мәртебесінің заңнамалық нормалармен айқындалмауы, шаруашылықтан бастап орталыққа дейінгі тізбектің әр буыны бойынша өнімді жеткізу тетігі пысықталмауы салдарынан бірқатар қиыншылыққа тап болды. Өйткені көтерме-тарату орталығын құру инфрақұрылым салумен ғана шектелмейді. Оның қызметі мен құқықтық тетіктерін жетілдіруге, әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған заңнамалық реформалар қажет. Аграрлық салада қаншалықты шара жоспарланғанымен қазіргі таңда азық-түлік бағасы өсе түспесе төмендеуі байқалмайды. Осыған байланысты көтерме-тарату орталығы жобасын мемлекеттік қолдау үшін оның ғимаратының құрылысы мен жабдықтарға инвестициялық төлемдерді өтеудің 25%-ын субсидиялаған әлдеқайда тиімді болар еді. Сол сияқты, мемлекеттік қолдауға ие болған шаруашылық өндірілген өнімнің белгілі бір көлемін көтерме-тарату орталығына әкелуді өз міндетіне алса оның мемлекет алдындағы жауапкершілігі де артары сөзсіз. Елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы тауарларының белгілі бір тізбесі бойынша тауар өткізу жүйесіне қатысушыларды қосымша құн салығынан босату да агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдаудың тиімді жолы болары сөзсіз.
Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, аграрлық секторды субсидиялау тетіктерін қайта қарауды және тұрақтандыруды талап етеді, субсидияларды ресімдеу тәртібі түсінікті әрі ашық, шағын және орта шаруашылықтарға қолжетімді болуы тиіс. Алайда ауыл шаруашылығын субсидиялаудың қолданыстағы жүйесі тек қана ірі агроқұрылымдардың игілігі үшін жұмыс істеп отырғаны белгілі. Бірақ сондай мемлекетік қолдаудан тыс қалып отырған шағын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер негізгі ауыл шаруашылығы өнімінің 70%-ын өндіріп отыр. Шағын және орта ауыл шаруашылығы құрылымдарын мемлекеттік қолдау шараларына біркелкі қол жеткізу мақсатында «Қолдау» электронды жүйесі енгізілген. Алайда бұл заманауи технология толық көлемде өндіріске еніп кете қоймауы салдарынан аграрлық сектор оның тиімділігіне өз дәрежесінде қол жеткізе алмады.
Тағы бір маңызды мәселенің бірі – көктемгі далалық жұмыстар басталар шағында ауыл шаруашылығында тікелей жұмыс істеп жүрген, әсіресе шағын құрылымдар түрлі қаржылай қиындықтарға кездеседі. Міне, осындай сәттерде көтерме-тарату орталықтары оларға қолдау көрсетсе, екі серіктес бір-бірімен іскерлік байланыс орнатып, осы орталықтар ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен форвардтық мәмілелер жасаса, қажетті азық-түлік өнімдері халықтың қалтасы көтеретін баға деңгейінен асып кете қоймас еді. Сонымен бірге нарықтағы отандық өнім шын мәнінде өз деңгейіне көтерілері анық.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы ең басым міндеттер осы деп ойлаймын. Ал мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі ветеринарлық қауіпсіздіктен бастау алатынын осы салада ғылыми-зерттеулер жүргізген ғалымдар, ауыл шаруашылығының бел ортасында жүрген мамандар жақсы біледі. Сондықтан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауда ветеринария саласын жетілдіру, осы орайда орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттерді нақты бөлу және цифрлы технологияларды енгізу туралы міндеттер жүктеді.
Бұл бағытта атқарылар істер ауқымы өте кең, қордаланған мәселелер де аз емес. Мысалы, «Ветеринария туралы» заң қабылданған кезден бастап күні бүгінге дейінгі жиырма жылға жуық уақыт аралығында ветеринария жүйесі жыл сайын өзгерістерге ұшырап келеді. Алайда одан айтарлықтай оң өзгерістер бола қойды деп айту қиын. Оның үстіне, осы саланың жағдайы қазіргі заманауи ғылыми және технологиялық жетістіктерден артта қалуы салдарынан бұрынғыдан да күрделене түсті. Сондықтан ветеринария саласында үдерістерді цифрландыру, мәліметті жинау әрі оны автоматтандыру, кадрларды даярлау және олардың жалақысын арттыру маңызды.
Еліміздегі ветеринария бұдан бұрын қалыптасқан, ұзақ жылдардағы сынақтан өткен іс-тәжірибеден алшақ кетпей, заманауи үдерістерден қалып қоймай қазіргі заманға лайықты әдіс-тәсілдерді пайдалануды қажет етеді. Сондықтан ветеринарлық қауіпсіздік саласындағы заңнамалық негіздерді жетілдіру және технологиялық үдерістерді цифрландыру, автоматтандыру, биологиялық талдамалық материалдардың әдістемесін жаңғырту, ветпрепараттардың сапасы мен қолжетімділігін ұйымдастыру саладағы кешенді шаралар болып табылады.
Мына бір дерекке назар аудара кетелік. Соңғы үш жылда 21,7 млрд теңгеге ветпрепараттар сатып алынған, соның ішінде 49%-ы отандық өнім болса, қалғаны импортталған өнімдер. Әрине елімізде шығарылмайтын кейбір ветпрепараттар да бар, бірақ препараттардың екіден бірі шетелдік өнім екендігі де рас. Осыған байланысты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін отандық ветпрепараттар өндіру үшін өзіміздің биоөнеркәсіптік (биокомбинат) саланы қолға алса отандық өнімдерге басымдық беріледі, өзгеге тәуелді болмаймыз. Ол үшін бізде ғылыми әлеует те, экономикалық қуат та жетерлік.
Бұрыннан қалыптасып қалған өте орынды мынадай бір қағида бар: қай саланы да басқаруды ұйымдастыру және функционалдық міндеттерді тиісінше атқару кадрлардың әлеуетіне тікелей байланысты. Алайда басқасы басқа, ал ветеринария бойынша осы мәселе әлі де күрделі күйінде қалып келеді. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігі берген ақпаратқа қарағанда, тек қана ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекцияларында 309 ваканттық орын бар екен. Ал эпизотиялық жағдай қазіргідей ушығып тұрғанына қарамастан, орталық атқарушы органда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер субъектілері бойынша дәйекті ақпарат мүлдем жоқ деуге болады.
Тиісті орындар ұсынған деректерге қарағанда, соңғы 3 жылда «ветеринария» мамандығы бойынша үш мемлекеттік жоғары оқу орнының (Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университі) 2161 жас маман білім алып шыққан. Олардың ішінде 1046-сы жұмысқа орналасқан. Міне, көріп отырғанымыздай, агороөнеркәсіптік кешен саласындағы білікті кадрлардың тапшылығы осындай халде. Мұндай жағдайда толыққанды ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы сөз қозғаудың өзі артықтау ма деп қаласың.
Жоғарыда еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде шешуін күткен бірқатар мәселені сөз еттік. Қорыта айтқанда, меншік нысанына қарамастан, барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен жеке қосалқы шаруашылықтарды қолданыстағы субсидиялаудың тетіктеріне қосу, субсидияның кейбір түрлерінің орнына ұзақ мерзімге төмен пайыздық мөлшермен кредит беру, табиғи-климаттық ерекшеліктерді ескере отырып, өңірлер бөлінісінде сараланған субсидиялар бөлуді қарастыру, субсидиялау қағидалары мен тетіктерін жыл сайын өзгертуге жол бермеу, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің субсидияларды пайдалану тиімділігін бағалау тетігін жетілдіру туралы мәселелер шешімін тапқанда ғана еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеннің күретамырына қан жүгіріп, мемлекетімізде азық-түлік қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз етуге жол ашылады. Көне заманнан бастап аграрлық бағыт ұстанған және оны дамытуда жаһандық деңгейде көшбасшы болған Ұлы дала мұрагері – Қазақ елінде агроөнеркәсіптік кешен экономиканы дамытудың негізгі драйверіне айналады деп сенеміз.
Мұхтар ЖҰМАҒАЗИЕВ,
Сенат депутаты