Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласын оқыдық. Егемендігіміздің отыз жылдығы қарсаңында жазылған тарихи-шежірелі эссе әрі болашаққа бағдар нұсқай алатын ерекше мазмұнды жазба деп бағалаймыз.
Елбасы отанымыздың замандық дамуы мен қазіргі әлемдік саяси ахуалды біріктіре сараптайды. Осы кезеңде және болашақта ұлт ынтымағының мейлінше мықты болуын айта келе тәуелсіздіктің басқа қонған бақыт екендігі, оны бағалау, қастер тұту – баршамыздың қасиетті парызымыз болатынын жазады.
Аталмыш мақалада өскелең ұрпақтың ғылыми талпынысын үнемі демеп отыру, әлемдік технологиялық үдерістен қалмау туралы да жазылған. Пандемия жағдайындағы қатерді азайту үшін ұлт медицинасын дамыту да ескерілген.
Осы ретте өнер-ағартушылық саласында жүрген соң руханият саласына тоқталғым келеді. Тәуелсіздік алған дәуірімізде ұлттық өнерді дамыту саласында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты ұлттық-мәдени бағдарламалары жарияланды. Осы бағдарламалар аясында ән, күй, жыр, дастан антологиялары, ғылыми зерттеулер, монографиялар мен энциклопедиялар жарық көрді. Тарихи тұлғалар жөнінде мемлекеттік тапсырыспен қыруар кітап шықты. Қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттайтын халықаралық фестивальдер ұйымдастырылды. Осының бәрі Елбасының руханиятымыздағы жітін мәселелерді дөп баса алатын көрегендігі деп бағалаймыз.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары экономикалық қиындықтарға қарамастан мәдениет үйлері, концерт залдары, опера және балет театрлары, өнер университеттері мен академиялары құрылды. Қазақ ұлысының тарихы туралы киноэпопеялар түсірілді. Қазіргі егемен еліміздің даңқын әлемге шығарып жүрген жас дарындарымыз осынау оқу орындарының түлектері. Айта берсек, таңға созуға болады. Тәуелсіздік пен Елбасы егіз ұғым екені анық.
Жанғали ЖҮЗБАЙ,
күйші, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері