Тәуелсіздіктің 30 жылын тойлау дегеніміз – салтанатты іс-шаралар өткізу ғана емес, ең алдымен, ойлау, ойлану, өткен жолды саралау. Бұл ретте, биылғы мерейлі жыл Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты.
Ендеше Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы арқылы егемен елдің жүріп өткен жолын саралауы, оны өскелең ұрпаққа өсиет ретінде жеткізуі маңызды мәселе деуге болады. Сондықтан Елбасының өткен кезеңдегі оқиғаларды ойға алып, Тәуелсіздіктің қандай қиындықпен жарияланғаны, сол жылдардағы Парламенттегі айтыс-тартыс туралы айтып отырғанында үлкен мән бар.
«Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды», дейді Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Расымен де, ұлтымыз Ұлы дала төсінде ұлық ұлыс құра отырып, байырғы қонысын да, салт-дәстүрі мен мәдениетін де, тілін де, қайсар рухын да сақтап қалды. Замана дауылы диірменнің тасындай шыр айналған тұста да халқымыздың ұнтақталып үгіліп, қиындықтан белі бүгіліп кеткен жоқ. Солай бола тұрғанымен, егемендік елімізге аспаннан салбырап түсе салмағаны да анық. Бұл жөнінде Елбасының мақаласында да жан-жақты баяндалған. Ең бастысы, Тәуелсіздік халқымыздың ғасырлар бойғы аңсаған арманы, ұлттың ұлы мұраты, екінің бірінің бағына бұйыра бермейтін баға жетпес байлығы. Ал оған дәуірлер бойы жалғасып келе жатқан тарихи дәстүр мен қазақ халқының азаттыққа деген құлшынысының, талпынысының, отандастарымыздың жылдар бойы үрдісі үзілмеген қайсар күресінің нәтижесінде қол жеткіздік. Егемендік – сол ұлттық ұмтылыстардың заңды қорытындысы.
Айдос САРЫМ,
Парламент Мәжілісінің депутаты