Бұл туралы белгілі журналист Қанат Әуесбай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қадірменділерім, Атыраудағы миссиямызды әзірге осы жерден қайырудың реті кеп тұр. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалының басшысы қызметімізді еңбек демалысымен доғардық. Қызметтен босату туралы өз еркімізбен жазған өтінішімізге түсіністік танытып, шешімімізді қолдаған және осы қызметке лайық көрген корпорация басшысы, мықты медиа менеджер, телеұстаханадағы ұстазымыз Ләззат Мұратқызына зор алғысымды білдіремін. Отбасы жағдайымен елордамызға қызмет ауыстырған жайымыз бар.Атырауда азды-көпті 2 жыл 7 айға жуық қызмет қылып, мол кәсіби тәжірибе жинадық. Тапсырылған қызметті ең алдымен ұлы аманат деп білдік. Аманатқа қиянат жасамау - басты ұстаным болды. Телерадиомызда атқарылған істің бәрін әлеуметтік желідегі жұртшылықпен ұдайы бөлісіп отырдық. Оны қайталап жатуды жөн көрмедім. Телерадио ісінің командалық жұмыс екенін әркім біледі. Барша жетістікке ауызбірлігі жарасқан ұжымымызбен бірге қол жеткіздік. Біз дейтінім де сондықтан.Өз басым үшін ғұмыр-парағымның Атырау үзігі бетбұрысты кезең болды. Атырау - бағымды еселей түскен құтты өңір. Тамырымды терең жайып, Атырауда қызым-қызғалдағым дүние дидарын ашты. Ұлым еліміздегі ең дегдар оқу орны - Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік Мектебіне оқуға түсті. Жайықтағы жұртпен етене араласып, ел ағаларының батасына кенелдік. Ел көріп, жер таныдық.Атырауда «Мәдениет саласының үздігі», облыстық мәслихаттың «Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, өңір басшысы Махамбет Жолдасқалиұлының Алғыс хатымен марапатталдық. Қызмет еткен уақытымызда Атырау облысын басқарған Нұрлан Асқарұлы мен қазіргі әкім Махамбет Жолдасқалиұлының зор қолдауына ие болдық. Нар тұлғалы ел азаматының екеуіне де інілік шексіз алғысымды білдіргім келеді.Атырауда «өңірді көргенің - өмірді көргенің» дегеннің ақиқатына қанықтық. Мерейімізді тасытып, мәртебемізді өсірген, абыройымызды асырып, көкке көтерген Атырау халқына басымызды иіп, алғыс айтамын. Мүлде танымайтын жерге барып сонша уақыт қызмет қылу халық қолдамаса мүмкін емес-ау білем. Сол құрмет-қолпашыңызға лайым лайық болсақ дейміз. Симай емес, қимай кетіп барамыз», деп жазба қалдырды ол.