ЛЕВ ВЛАДИМИРСКИЙ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Бұрын Лев Владимирскийдің флот адмиралы болғанын энциклопедиялық деректен білуші едік. Атырау облысының энциклопедиясында флот адмиралының 1903 жылы Гурьев қаласында туғаны, әскери наградалары ғана айтылады. Әрине, энциклопедиялық шағын дерек кейіпкер жөнінде тереңдеп жазуға аздық етеді. Сол себептен бұл адам жайында тың деректер іздеуге тырыстық.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы өлке тарихын зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері Айтуған Батырашева сарғая бастаған газет қиындысын ұсынып тұрып: “Осындағы мақаланы оқып көріңіз. Адмирал туралы аз-кем айтылған”, деген-ді. Елең ете қалдық. Бұл “Алматы ақшамы” газетінің 1992 жылғы 1 шілдесінде жарық көрген санында журналист Бөрібек Қырықбайдың “18 жасынан штурвалда болған Қуан теңізшінің төрт сәті” деген мақаласы басылыпты. Мына қызықты қараңыз, дәл осы мақаладан біздің кейіпкеріміз, флот адмиралы Лев Владимирскийге қатысты деректі кезіктірдік. Астрахань өңірінің тумасы, Бакудегі теңіз училищесін мерзімінен жарты жыл бұрын бітіріп, майданға өзі сұранып барған теңізші Қуан Ихаров флот адмиралы Лев Владимирский туралы не айтқан еді? Енді сол мақаладағы Қуан қарияның айтқанын сөзбе-сөз келтіргенді жөн көрдік.
“Бір күні ауруханаға адмирал Владимирскийдің өзі келіпті, –дейді Қуан ақсақал өткен күнді еске алып. –Ол кісі Атырау облысында туып-өскен еді. Бойы 2 метрге жуық, алып денелі әрі таза қазақша сөйлейтін. Мен жатқан бөлмеге адмиралмен емдеуші бөлім бастығы дәрігерімен және бірнеше офицер ілесе кіріп келіп, маған аңтарыла қарап: “Астапыралла, мен жерлесімді кездестірдім” деп қазақшалап жанында тұрған жаяу әскерлер қолбасшысы Иван Ефимович Петровқа мақтанып қойды. Олар адмиралға таңырқай қарап, қай тілде сөйлеп жатқанын сұрады.
– Мен қазақша сөйлеп тұрмын. Менің шыққан жерім Қазақстанның Гурьев облысындағы Қызылқоға ауданы. Сонда дүниеге келіп, ержеттім. Әке-шеше сол жақта, бірі –фельшер, екіншісі –акушер болып жұмыс істеді. Мен қазақ тілін орыс тілінен артық білем. Жаза да, оқи да алам. Мені мұнда аяқ бастырған жерлесімнің ерлігі. Алғашқы ұрыста-ақ оның жауды қалай атқанын көріп, қатты риза болдым, – деді Лев Владимирский.
Сол жолы адмирал маған “Қызыл жұлдыз” орденін тапсырып, бетімнен сүйді.”
Сарғая бастаған газет бетіндегі деректер осылай дейді. Қарт теңізші Қуан Ихаров флот адмиралы Л. Владимирскийді көрген, онымен жүзбе-жүз кездескен, қолынан әскери награда алған бірден-бір қазақ. Қара теңіз флотына қолбасшылық еткен адмирал Лев Владимирскийдің онымен таза қазақша сөйлескеніне қарағанда, соғыс даласында жүрсе-дағы, майдандас қазақтардың ерлігіне көңіл бөлгендігі аңғарылады. Әлде туған жерге, ата-анаға деген сағынышын қазақша сөйлесіп, сәл де болса басуға тырысты ма екен? Адмиралдың: “Мен қазақ тілін орыс тілінен артық білем. Жаза да, оқи да алам”, деуінің жөні бар секілді. Өйткені, адмирал “туып-өстім, ержеттім” деген Қызылқоға таза қазақы аудан. ХІХ ғасырдың бастапқы жылдарын айтпағанда, қазақ мектептері жаппай жабылған кейінгі кезеңде де бұл ауданда бірде-бір орыс мектебі болған жоқ. Ендеше, орыс мектебі жоқ жерде туып-өскен, ержеткен адмиралдың қазақша таза сөйлеуін орынсыз деудің қисыны жоқ. Ал әке-шешесінің бірі – фельшер, екіншісі –акушер ретінде қазақ даласына келген алғашқы медицина саласының өкілдері болуы мүмкін.
–Адмирал Лев Владимирский 17 жасынан Отан қорғауда әскери борышын өтей бастаған, –дейді мұражайдағы өлке тарихын зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері Айтуған Батырашева. Соған қарағанда, ол кәмелетке толысымен әскери теңізші болуды мақсат тұтқанын төмендегі деректерден аңғару қиын емес. Себебі, әуелі Орта Азия мемлекеттік университетінің әскери факультетіне оқуға түседі. Мұны бітірмеген, 1922 жылы Петроградтағы М.Фрунзе атындағы Жоғары әскери-теңіз училищесінде білім алуға ауысады. Осы оқу орнын 1925 жылы аяқтағаннан соң, соғыс-теңіз флоты командалық құрамының арнайы курсында 2 жыл бойы білім жетілдірген. Демек, екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін әскери-теңіз флотында тәжірибе жинақтай алған. Соғыс басталған сәтте Қара теңіз флотын басқарып, Севастополь, Одесса қалаларын азат етуге кеңес теңізшілерін жұмылдыруда ерекше батылдық пен батырлық танытады. 1941 жылғы қыркүйекте Георгиевка мүйісіне десант түсіруге басшылық еткен. Ал 1944 жылы Выборг операциясына қатысқан. Соғыс жылдарында Қара теңіз және Балтық теңізі флоттарына қолбасшылық жасаған. Әскери теңіз операцияларына, жалпы кеңес дәуіріндегі әскери-теңіз флотындағы 49 жылдық жұмыс өтілінде көрсеткен ерлігі, ерен еңбегі үшін екі мәрте Ленин, үш рет жауынгерлік Қызыл Ту, ІІ-дәрежелі Суворов, ІІ-дәрежелі Ушаков ордендерімен наградталғаны куә болатындай.
Қалай десек те, бір нәрсе анық. Лев Анатольевич Владимирский –Қазақстаннан шыққан алғашқы флот адмиралы. Ол әскери теңіз флотында 1921 жылдан жарты ғасырға татыған 49 жыл бойы қызмет еткен. Соғыс аяқталысымен, дәлірек айтқанда, 1947 жылдан КСРО Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз флоты жөніндегі басшылық лауазымдарды атқарса, 1952 жылдан ғылыми-педагогикалық жұмыстармен айналысыпты. Бірнеше рет мұхит зерттеу экспедицияларына жетекшілік еткен. Тек 67 жасында ғана отставкаға шығып, 1973 жылы өмірден өтіпті. Қазір Атырау қаласында адмирал атымен бір көше аталады. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы” залында флот адмиралы Лев Владимирскийдің әскери киімі мен куәлігі ғана жәдігер ретінде сақталып тұр. Одан өзге дерек болар ештеңе көзге түспеді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.