• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елбасы 15 Желтоқсан, 2021

Елбасының тағы бір ерлігі туралы

978 рет
көрсетілді

1991 жылы Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп жүріп Таулы Қарабақтағы «ыстық нүктеге» тап болған, ол аздай армян жасағының тұтқынына түсіп, ауыр азап шеккен Бауыржан Досқалиевтің тағдыры біздің газет оқырмандарына таныс шығар. Осыдан бір жыл бұрын жарық көрген «Қап тауындағы тұтқын» (https://egemen.kz/article/256777-qap-tauyndaghy-tutqyn) атты мақаламыз әзербайжан елінің ақпарат құралдарына да жария­ланып, екі елге қатар танылған еді. Сол батыр Бауыржан жақында тағы хабарласты. «Біз, «Таулы Қарабақ ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің 100-ге тарта мүшесі, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қарабақ соғысының ардагері» деген атақ беруді және тиісінше мемлекеттік марапатқа ұсынуды сұраймыз!» дейді бірлестік төрағасы.

Кеңес Одағы құлар қарсаңдағы шақ­та соғыс өрті тұтанған әзербайжан-армян арасындағы қарулы қақтығысты тоқ­татып, бейбіт келісімге шақырған Ел­ба­­сының ерлігі тарихи бағасын толық алған жоқ. Отыз жыл бұрынғы оқиға – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Борис Ельциннің оқ пен оттың ортасына баруы шын мәнінде ерлікке пара-пар іс еді. Тек қарумен «сөйлескен» көршілес екі ел басшысын мәміле үстеліне отырғызып, қанша адамның өмірін сақтап қалған 1991 жылдың 21-23 қыркүйегінің маңызын осы со­ғыста қан төккен сарбаз Бауыржан Досқа­лиев­тен артық сезетін жан аз сияқты.

...Сол күндердің тарихи сәттерін тас­па­ла­ған бейнежазба сақталып қа­лып­ты. Журналист Нұртілеу Иман­ға­лиұлы мен Мейрам Базарұлы 1991 жылғы 20 қыркүйек күні, дәл сапар алдында Нұрсұлтан Әбішұлына микрофон ұсы­ныпты. Сонда Елбасы: «Қарабақта бір­неше жылдан бері екі ұлттың арасында шиеленіс тоқтамай тұр. Мұндай жағдайда біз қалай тыныш отыра аламыз? Орталық үкіметтің атынан, Горбачевтің атынан ешқандай шара қолданбады. Керісінше, жағдайды шиеленістіріп кетті. Сондықтан біз екі елді татуластыру үшін, егеменді екі республика басшыларын тыңдап, мәмілеге шақырып, жағдайды барынша бейбіт шешуге тырысамыз. Әрине, ақыл беретіндей жағдай жоқ, екі республика да тең, егеменді ел. Бұл мә­се­лені осы екі ел тек өздері шешеді. Тек бізге сенім білдіріп, өздері шақырған соң ғана бара жатырмыз. Қолымыздан келгенше екі жақтың арасындағы шиеленісті тоқтатып, одан әрі келісімді қалай жүргізу қажет­ті­гін пайымдасақ, соның өзі үлкен ж­е­тістік болар еді. Бірақ жағдай өте қиын», депті.

Сол күндері Қарабақ жерінде, Сте­па­на­керт қаласында әскери борышын өтеп жүрген Бауыржан Досқалиев соғыс аймағына Нұрсұлтан Назарбаев пен Борис Ельциннің келуі қандай үлкен оқи­ға, зор тәуекел болғанын аузынан тас­­тамайды.

– Ельцин мен Назарбаевтың Сте­пана­­кертке келуі – нағыз ерлік! Себебі ол жерде қауіп-қатер, атыс-шабыс сейіл­ме­ген. Мен Қазақстан делегациясын Степанакерт әуежайынан қарсы алудан бас­тап, жеке күзет ісіне де атсалыстым. Қос Президентке қақтығыстан қажыған ха­лықтың қошеметі ерен болды. Елбасы жер­гілікті тұрғындардың арыз-мұңын, ұсыныс-пікірін мұқият тыңдады. Одан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы жауынгерлермен кездесті. «Орал облысынан келген қазақ едім» деп арнайы қол алысып амандастым. Мемлекет басшысы жылыұшырай қарап, «Қазақты ұятқа қалдырма, Отан алдындағы міндетіңді абыроймен атқар» деді. Сол сенім маған ерекше қанат берді, – дейді Бауыржан Досқалиев.

Кейінірек қазақ сарбазының басына күн туып, тұтқынға түскенде, ауыр жа­ра­қа­тымен әскери госпитальда жат­қан кезде де Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаевтың жасаған шарапаты шексіз.

– Мен Степанакерт қаласында емде­ліп жатқанда журналист Болат Оңғар­баев «Халық кеңесі» газетіне мен тура­лы мақала жазды. Әкем Мұқамжар осы газетті қолына алып, Елбасының қа­был­да­уына барған. Нұрсұлтан Назар­бае­в­тың тап­сырмасымен генерал-майор Орынәлі Боран­ба­ев мені Степанакерттен Баку қаласына, Бакуден Алматыға алдыртты. Жалпы, «ыс­тық нүктеде» жүрген әр­бір қазақ жа­уын­гері өз елінің ыстық қам­қорлығын, қол­дауын сезінді, – дейді Б.Досқалиев.

Шынында да, Таулы Қарабақтағы этнос­аралық қақтығысты бәсеңдетуде, бей­бітшілік пен тыныштықты қалпына келтіруде Елбасының еңбегі зор болды. Әскерде жүрген кезінде Бауыржанға басқа ұлт өкілдері талай мәрте: «Біздің елі­мізде сіздің Мемлекет басшыңыз сияқ­ты көсем болғанда, мұндай соғыс болмас еді» дегенді талай айтыпты. «Ал енді жанжал өршіп тұрған жерге Елбасының тікұшақпен келуі – нағыз ерлік, батырлық» дейді Бауыржан. Өйт­ке­ні соғыс өрті тұтанған төрт жыл­дың ішінде Таулы Қарабақта 20 шақты тік­ұшақты атып құлатқан екен. Соған қа­ра­­­мастан басын қатерге тігіп, қос ха­лық­­тың арасына араағайындық жасаған Нұрсұлтан Назарбаевты Таулы Қарабақ ар­да­герлері өздерімен бірдей қарулас, әріп­тес санайтыны сондықтан.

– Әрине, Нұрекеңнің атақ-абыройы бір басына жетерлік қой. Соның бәрінің үстіне «Қарабақ соғысының ардагері» атағы қосылып, жауынгерлік медальмен наградталып жатса, артық болмас еді. Біз тек осы ұсынысымыз арқылы сол бір тарихи сын сәттерде қазақ халқының абыройын халықаралық дәрежеге көтерген Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегін халық жадында жаңғыртып қойсақ дейміз, – дейді «Қызыл жұлдыз» орденді Бауыржан Досқалиев.

 

Батыс Қазақстан облысы