Түркістан өңіріндегі қасиетті Ордабасы биігінде 1993 жылы мамырда өткен тәуелсіздіктің ұлы тойы ел жадында. Үш жүздің басын қосқан Ордабасыға, елді бірлікке үндеген Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге, жауға тастүйін жұмыла қайрат көрсеткен бабалар рухына тағзым ретінде өткен ұлы жиынға жиналған халықтың алдында жасаған баяндамасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осынау қасиетті жерге жұртты бір ой, бір тілек, бір мақсат жетелеп әкелгенін атап өтті. Ордабасы тауындағы мерекені мыңдаған адам тамашалады. Сол айтулы жиында «Әлия» квартеті көпшілік қауымның қуанышты көңіл күйін әнмен елжіреткен болатын.
Халықтың алғысын алып, қолдауына ие болған «Әлияны» іздейтіндер, кейінгі өнер жолын білгісі келетіндер аз емес. Құрамы мен атауы өзгергені болмаса, өнерпаздар әлі күнге дейін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде қалыптасқан сабақтастық үрдіс бойынша тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Сонау 1984 жылы М.О.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институты аталып тұрған шақта ұйымдастырылған «Әлия» акапеллалық қыздар ансамблі Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шет елдерде өнер көрсетті. Бұл жетістіктердің басы-қасында оқу орнының өркендеу дәуірінде басшылық жасаған оқу-ағарту ісінің үздігі, Шымкент қаласының құрметті азаматы Мырзахан Сәрсембаевтың болғанын айта кетелік. Осы игі бастама білім ордасының бүгінгі басшысы, яғни Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры-басқарма басшысы Гүлжан Сүгірбаева тарапынан қолдау тауып, өнерлі жастарға барлық жағдай жасалуда. Сондай-ақ университет тарихында орны бар өнер ұжымының тоқтаусыз қызмет етуіне Ұлбосын Тәжібаева бірден-бір себепші болды. Қазақ музыка өнеріне үлкен жаңалық, жаңа леп болып келген, қазақ қыздарынан құралған «Әлия» халық әндерін керемет шеберлікпен үндестіре білді. Репертуарында халық, классикалық әндер, Шәмші Қалдаяқов, Бақытжан Байқадамов, Абайдың, туыстас халықтардың әндері болды. Ансамбльдің құрамында «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша білім алушы Гүлмира Муталиева, Пернеш Жантөреқызы, Лаура Мелдешқызы, Күлайхан Жанабаева, Ғалия Құралқызы, Майра Жамантайқызы, Нағима Омаршаева, Жамиля Шалатаева өнер көрсетті. Ансамбль қалалық, облыстық және Кеңес Одағы көлемінде ұйымдастырылған ән байқауларының жеңімпазы атанды. Одақ бойынша ұйымдастырылған «Студенттік көктем-1987» байқауының бас жүлдегері болып, Москва телеарнасынан жыл бойы әр сенбі сайын көрсетілді. Ансамбльдің орындауындағы көп дауысты 10 шығарма еліміз теледидарының «Алтын қорында» сақтаулы. Кезінде берілген кәсіби білімнің негізінде қазір білікті маман болып жүрген университет түлектері ұстаздарымен байланысын үзген емес. Жоғары оқу орнын бітірген соң бастауыш және орта сыныптарда ән сабағын сапалы да қызықты өткізіп жүрген түлектер жетістіктерін ансамбль жетекшісі Ұлбосын Қарынбекқызы жастарға үлгі етіп айтып отырады.
Әрбір жаңа құрамның жасақталуына жанашырлық танытып, жетекшілік жасап жүретін Ұлбосын Тәжібаева «Әлия» акапеллалық ансамблі негізінде 1992 жылы «Әлия» квартетін ұйымдастырды. Оның құрамында Гүлдариға Таутаева, Айгерім Есенгелдіқызы, Айгүл Қапбарова, Айгүл Жұмаділова өнер көрсетіп, көптеген іс-шараларда көпшілік алғысына бөленген болатын. «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған» деген аңыздың негізінде адамзаттың бесігі аталып кеткен киелі Қазығұрттың аты 1996 жылы университетте құрылған фольклорлық-этнографиялық ансамбліне берілді. Университет білімгерлері мен қызметкерлерінен құралған «Қазығұрт» ансамблінің қазақ елін әнмен тербетіп келе жатқанына биыл 25 жыл толып отыр. Ұлбосын Тәжібаева ұйымдастырған фольклорлық-этнографиялық «Қазығұрт» ансамблі күні бүгінге дейін көпшілікке қызмет етіп келеді. Бұл орайда университет басшылығы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған идеяларды негізге алып отыр. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», делінген бағдарламалық мақалада. Яғни фольклорлық-этнографиялық ансамбль ғасырлар қойнауынан жеткен өнерді бүгінгі ұрпаққа насихаттауда. Ансамбльдің 1995-2000 жылдардағы құрамында болған Ұлбосын Тәжібаева, Алена Досмағанбетова, Лязат Әріпбаева, Айман Қарсыбаева, Сапаралы Кененбаев, Алтынай Жорабаева, Ерлан Жұмаділдәұлы, Сауле Байбатшаева, Жазира Тұрсынбекова, Самат Қансейітов, Жадыра Ахметова, Мая Смаилова, Болатбек Әжібаев, Самат Утеболатов, Жәнина Тайтәлиева, Бағила Ғаппарова, Гүлназира Жексенбиева, Мөлдір Мұратбекова республикалық, облыстық, қалалық мәдени іс-шараларда өнер көрсетіп, түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға, жоғары марапаттарға ие болды. Сондай-ақ Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Білім ісінің үздігі», профессор Сайлаубек Жақсыбековтің ансамбльдің жасақталу, өркендеп өсіп, жетістікке жету жолында еткен еңбегі орасан. «Қазығұрт» ансамблінің жандануына отбасымен қызмет еткен құрметті ұстаз. Ұлы – Әлден Сайлаубекұлы аталмыш университетте оқып, қызмет атқара жүріп қала, облыс, республика, халықаралық байқаулардың жүлдегері атанған әнші, «Жастар» сыйлығының лауреаты. Ансамбльдің жетістікке жету жолында Ерлан Жұмаділдәұлының да орны ерекше. Ансамбльдің құрамына әнші және келешек қобызшы болып қабылданған студент республикалық, халықаралық деңгейдегі көптеген мәдени іс-шараларда өнер көрсетті. Университеттің аға оқытушысы, Халық әртісі Құрманбек Шойынбаевтың ұстаздық тәрбиесімен, жол көрсетуімен көптеген байқауда жеңіске жетті.
«Қазығұрт» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің қазіргі жетекшісі Айман Қарсыбаева өзін аспапта жоғары деңгейде орындаушылық шеберлігімен де дарын иесі ретінде көрсете жүріп, халықаралық, республикалық байқауларының лауреаты атанды. Мысалы, 2015 жылы Ресейдің Омбы қаласында өткен «Сибирь зажигает звезды» атты халықаралық байқау-фестивалінде бас жүлдені, 2017 жылы Андоррада өткен Winter sonata музыкалық аспаптарда орындаушылардың халықаралық интернет-байқауында І орын, сондай-ақ елімізде өткен байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Ал «Қазығұрт» әнін тұңғыш орындаушы Жазира Тұрсынбекова этнографиялық-фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен республикалық «Үкілім-ай» ән байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Ялова қаласында өткен халықаралық түркі халықтарының ән-би фестивалінің бас жүлдегері. Бүгінгі таңда қаладағы «Айбөбек» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі. «Осындай білікті ұстаздары мен шәкірттері өнер көрсететін ансамбльге танымалдылық алып келген – Түркия мемлекетінің Ялова қаласында 1998 жылы өткен түркітілдес елдерінің І фольклорлық фестивалі. Фестивальде иеленген бас жүлде ансамбль мүшелеріне қанат бітіргендей болды. «Үкілім-ай» республикалық байқауының бас жүлдегері, халықаралық Шәмші Қалдаяқов атындағы ән байқауларының жүлдегер-дипломанты атанды. Ширек ғасырды артқа тастаған «Қазығұрт» этнографиялық ансамблі мектепті жаңа ғана бітіріп, студенттік өмірге, ұстаздық ұлы жолға қадам басқан қаншама жастардың дарынын жарқырата көрсетіп, қиялына қанат бітірді. Әрқайсысы жеке-жеке тұлға болып қалыптасқан өнерлі студенттер өмірде де өз жолын тауып, биік-биік белестерді бағындырды. Осынау қол жетпес қиялдағыдай болып көрінетін асқақ армандарға жету жолында қасиетті де қазыналы қарашаңырақ – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің орны ерекше. Ұстаздар ұстаханасындағы қатардағы қарапайым оқытушылардан бастап, жоғарғы санаттағы профессор-оқытушылар құрамының, оқу орда басшылығының бұл бағыттағы еңбектері ерен, үлес-салмағы да айрықша. Бүгінгідей оқу ордамыздың мерейто-йымен қатар келіп жеткен «Қазығұрт» этнографиялық ансамблінің 25 жылдығы университет абыройын одан әрі арттырып, тарихи танымын тереңдете түсері анық. Алдағы күндерде өнерлі жастарымыз, жанашыр ұстаздарымыз білім ордасының керегесін кеңейтіп, абыройын асқақтату жолында аянбай еңбек етеді деген сенімдеміз», дейді университет ректоры-басқарма басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлжан Сүгірбаева.
Иә, әрбір білім мекемесінің тағылымы терең тарихы, игі дәстүрлері, шеберлікпен шыңдалған ұлағатты ұстаздары мен талантты шәкірттері болады. Ұстаздар ұстаханасының маман даярлаудағы жауапкершілігі бүгінде арта түскені аян. Еркін елдің жастарын кәсібіне деген патриоттық рухта тәрбиелеуді басты міндеті санайтын университетте жас буынды кешегі тарихымыздың құндылықтары мен бүгінгі игіліктеріміздің шын мұрагерлері ретінде баулудың озық үлгілері мол.
Түркістан облысы