• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 23 Желтоқсан, 2021

Жылы – Альфа, күні – Игрек

468 рет
көрсетілді

Шығармадағы ойды ашып көрсету – әдеби анализ, ойдың жетілмегендігін көрсету – сыни көзқарас, ал ойды өзіңше түсіну – көзқарас. Біздікі – көзқарас.

Ересек адамдар әлдене жайлы әңгімелесіп отырып күлген болса – кішкене нәресте де сықылықтап қосыла күлген болар еді. Сонда олар айтар еді: «Өй, құлыншақ, сен не түсініп мәз болдың?».

Бұл – постмодерн көзқарасы.

«Біздер «гомосапиенс» кезімізден білгір ек...

Ал, мен өзім, мысал үшін, альфа жылы,

игрек тәулігінде туыппын да...

Кейін, икс-бесінде

(омега жылы)

қайтыс болам.

Соным үшін кешіріңдер»... (Т. Ә.)

Осы жолдарды оқыған оқушы әуелі таң қалады. Іле әлденені еске түсіруге, ілесе – түсінуге тырысады.

«Біздер «гомосапиенс» кезімізден білгір ек» – Хомо Сапиенс. Яки гоминид. Примат. Саналылық пен білгірлік – Хомо сапиенс.

Алайда ақын «біздер» және «ал мен өзім» деген екі ұғымды қолданып отыр. Бұл – «біздерден» бөліну. Яғни дарвиндік «Біздерден» өзін бөлектеу. Олдувай мәдениеті тұсында гоминид тасты тасқа соғып отырған сәтте, мен – ақын – дүние сырын білген – ғарыштан келген құбылыс едім деу.

«альфа жылы,

игрек тәулігінде туыппын да...

Кейін, икс-бесінде

(омега жылы)

қайтыс болам»...

 

Альфа жылы

Ең әуелі келетін ой – Альфа Центавра жұлдыздар шоғыры. Centaurus – Кентавр. Кісі кеуделі жылқы. Демек, жылқы жылы. Алайда ақын жылқы жылының төлі болмай шықты.

Енді?

Альфа – барлық әліпбилердің бірінші һәрпі. Альфа, Алеф, Алиф... Мысыр иероглифінен шығып протосинай әліпбиіне өтіп, одан Финикия (фойникес) әліпбиіне жеткен Алеф – өгіз деген мағына береді екен. Сиыр жылы болды ғой. Бірақ ақын сиыр жылы да тумаған екен.

Сонда?

Әлде мұның сыры дарвинизмнен бас тартуын­да жатыр ма? Ежелгі жазбаларда, кейінгі діни кітаптарда Альфа және Омега – бірінші және соңғы әріп – әуел мен ақыр деген мағына беруші еді ғой. «Мен Альфа және Омега, бәрінің бастауы және соңы». Ақын рухы әуел баста, сөз жаралған он сегіз мың ғарышта туған. Бірақ бұл – абстракция ғой.

Ең ежелгі әріп бізді осынша әуреге салды. Соңына  дейін әуреленейік.

Каббалада бұл әріптің Эйн-Соф деген мағынасы бар екен. Эйн-Соф – шексіз, кіршіксіз Тәңірия.

Кәдімгі өзіміз қолданып жүрген А – көкке ұм­тылған қарама-қайшылықтардың бірлігі. Жарату­шыға ұмтылу. Бұл – пирамида, киіз үй, қос, мазар.

«Жұлдызданған Аспанды да (барлығынан жоғары), жұмыр баспен дар-р еткізіп жыртып шығам мен әлі!» (Т.Ә.)

Енді «А» әрпінің жазбаша кіші түрі «а» – оралған жылан. Ақынның бір өлеңінде «иіріліп, жиырылып өз ішіме тығылам» деуінің де сыры осында тұрғандай. Ақын жылан жылы туған. Оның культі – Мар. Альфа – Алеф – А – а.

 

Игрек тәулігі

Ежелгі әліпбилерде әріптердің рет саны кәдімгі есеп санымен сәйкесіп отыратынын байқаймыз. Сол себепті де санды әріппен, әріпті санмен таңбалау үрдісі қалыптасқан.

Игрек – латын әліпбиінде 25-інші әріп. Ақын айдың 25-інші тәулігінде туған деу әбден қисынды. Алайда ақынның туған күні айдың 20-сыншы тәулігі екенін білдік.

Сонда қалай?

Ү – таңбасы латын әліпбиінде игрек деп оқылса, грек әліпбиінде ипсилон деп оқылады. Ал ипсилон грек әліпбиінде реті бойынша жиырмасыншы әріп.

Мұның жұмбағы шешілді:

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы – 1953 (жылан жылы) жылдың 20 маусымында өмірге келген.

 

Икс-бесін және Омега

Адамның өмірге келуі мен өмірден өтуі – Жаратушының ғайыбы. Ғайып – пенде санасының баспалдағы бармайтын әлем. Сондықтан біз икс-бесіннің сандық-цифрлық мәніне емес, пәлсафалық қасиетті мәніне қатысты ойланайық.

Х – латын әліпбиіндегі Икс, грек әліпбиіндегі Хи, ескі славян әліпбиіндегі Хер, араб және кирил­ли­цадағы Ха. Бірақ мұның бәрі бізге қорек бола алмайды.

Бізге иврит тіліндегі Х – Хет керек.

Хет – олардың танымында қашу (жүгіру) және қайта оралу деген мәнге ие. Яғни өмір айналымы.  Символикада – көпір деген мағына береді. Аспан мен жер арасындағы көпір. Көпір – Жаратушы мен ғаламның, ғалам мен адамның бірлігі. Сол көпір арқылы Адам баласы өз Иесіне барады.

Омега – бірдің соңы, екінің басы.