Алматы қаласында қанша бала жақындарының күтіміне мұқтаж? Бұл балаларды көбінесе қандай кеселдер айналшықтайды? Ерекше қажеттіліктері бар балаларды қорғау саласындағы заңнамаға түзету енгізуге қандай мәселелер түрткі болып отыр?
Алматыда 7-16 жас аралығындағы 4 460 мүгедек бала бар, оның ішінде 4,5 мыңдай тағдыр тәлкегіне түскен баланың ауыртпалығы ата-анасының ғана мойнына түсіп отырған жоқ, бұл жерде мемлекеттің де жауапкершілігі бар. Алматы қалалық Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков жәрдемақының жаңа түрін енгізу туралы баяндады. Департамент жетекшісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес ерекше қажеттіліктері бар баланы күту кезеңін 18 жасқа дейін ұзарту туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Бұл жасына байланысты зейнетақы мен базалық зейнетақы тағайындауға да игі әсер етеді.
Заңда мүгедектігі және асыраушысынан айырылған жағдайда жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Бұл асыраушысынан айырылған және үйінде мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға ықпал етеді.
– Бұрын мүгедектігі бар балалар ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алимент және мүгедектігіне байланысты жәрдемақы ала алатын. Алайда бір немесе ата-анасынан қатар айырылған жағдайда, бала мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу жәрдемақысын ғана алатын. Екі жәрдемақыны бір мезгілде алу қарастырылған заңды құқық болған жоқ. Осы норманың енгізілуіне байланысты Алматыда ерекше қажеттіліктері бар 290 бала асыраушысынан айырылып қалғандықтан, қосымша 12 063 теңгеден 29 500 теңгеге дейін жәрдемақы алу құқығына ие болды, – дейді М.Мұратбаев.
Сондай-ақ мемлекет мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелет жасына толғаннан кейін тұрғын үйге кезекте тұру құқығын сақтауға қатысты қамқорлық жасап отыр. Спикер атап өткендей, іс жүзінде отбасылар 10 жылға дейін тұрғын үй кезегінде тұр. Бұрын кәмелетке толған балалар кезекке қайта тұруға мәжбүр болды. Бұл норма елдегі 20 мыңнан астам отбасына баспана кезегін сақтауға мүмкіндік береді деп болжанған.
7 жастан 16 жасқа дейінгі ерекше күтімді қажет ететін балалар қандай жәрдемақыларды ала алады? М.Мұратбеков «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы 24 қазанда күшіне енгенін жеткізді.
– Енді заңнама мемлекет көрсететін әлеуметтік көмекті, оның ішінде баланың денсаулық жағдайына, тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесіне және дімкәстігіне байланысты, мүгедектігі бойынша жәрдемақылардың мөлшерін саралауды көздейді. Сонымен қатар 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға мүгедектік топтары комиссияның сырттай шешімі негізінде, яғни автоматтандырылған режімде орнатылатын болады, – деді М.Мұратбеков.
Егер бұрын мүгедектікті топтар бойынша бөлу тек 16-18 жас аралығындағы балалар арасында болса, түзетулерден кейін 7-16 жас аралығындағы балалар арасында мүгедектік топтары пайда болды. Жаңа шара осы балалар дертінің ауырлығына байланысты жәрдемақы мөлшерін белгілеуге мүмкіндік береді.
Нақты айтқанда, бірінші топтағы мүгедек бала тиісінше 1,92 ТКД және 1,49 АЕК алады. Екінші топтағы мүгедек балаларға – тиісінше 1,59 ТКД және 1,49 АЕК тиесілі. Үшінші топтағы мүгедек балаларға 1,4 ТКД және 0,96 АЕК беріледі.
Мүгедек балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылды. Қазіргі уақытта Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің деректері бойынша, Алматыда 7 жастан 16 жасқа дейінгі 4 460 мүгедек бала тұрады, оның ішінде біріншісіне 848 бала, екіншісіне 1 327 бала және үшінші топқа 2 285 бала жатады.
Мүгедектік топтарды медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері бір рет автоматтандырылған режімде белгілейтіні өте маңызды. Бұл МӘС-те бар деректер негізінде сырттай шығарылған сараптамалық қорытынды болады. Енді балалардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне мүгедектік тобын анықтау үшін мемлекеттік органдарға барудың қажеті жоқ.