Ұлы Отан соғысының отқа оранған майданында өшпес ерлік өнегесін, жанқиярлық пен табандылыққа толы тылда қажырлы еңбек үлгісін көрсетіп, Ұлы Жеңіске жеткен аға ұрпаққа мың тағзым!
9 мамыр күні Ресей астанасы – Мәскеу қаласында Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған әскери парад болып өтті. Қайсарлық пен ержүректіктің, батырлық пен батылдықтың ерен үлгісінің айғағы – Ұлы Жеңіс мерекесіне Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің арнайы шақыруымен өзге де бірқатар мемлекет басшыларының қатарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Адамзат тарихына екінші дүниежүзілік соғыс деген атпен өшпестей етіп жазылған қанды қырғынның тамырына жұмылған жұдырық пен қажырлы қайрат-жігердің арқасында ғана балта шабылғанын дана уақыт әлдеқашан дәлелдеген. Ал сол мұздай қаруланған неміс фашистерінің қысымына толарсақтан қан кешіп жүріп тосқауыл қойып, қарсы тұруда қазақ жауынгерлерінің еңбегі ұшан-теңіз болғанына да кәрі тарих куә.
Бейбіт өмірді сақтау мен ел аспанына төнген қара бұлтты сейілту жолында жан алысып, жан беріскен майдан алаңына қазақ жерінен 1 млн. 700 мыңға тарта азамат аттанған болатын. Солардың тең жартысына, яғни 600 мыңға жуығы өз атамекеніне қайта оралмады. 600 мың адам, 600 мың тағдыр.
Әйтсе де, от ораған, оқ бораған зұлмат жылдары Отан үшін кескілескен шайқасқа түскен азаматтардың бұл ерлігі текке кеткен жоқ. Жеңіс туы асқақ желбіреп, бейбіт өмір салтанат құрды. 500 қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Ел мен жерді фашизмнің құрсауынан азат етуде кеудесін оққа төсеген қазақтың қаншама ержүрек жігіттері мен қайсар қыздарының есімдері аңызға айналды.
Басқыншы жауға қарсы қан майданда Кеңес Одағы құрамында болған республикалардың барлығының дерлік ұл-қыздары айрықша ержүректік танытты. Соғыс жылдарында өмірі қиылған 50 млн. адамның 28 млн.-ға жуығының Кеңес Одағының халқы болғандығы осының айқын айғағы. Бүгінде жер бетін қанмен бояған сол сұрапыл соғыс пен еліне азаттық сыйлаған есіл ерлердің еңбегін еш еткісі келетіндер, Жеңістің салмағын азайтуға тырысатындар да бой көрсетіп қалуда. Алайда, Ұлы Жеңістің қандайлық маңызға ие екендігі көзіқарақты қауымға мәлім. Уақыттың берген өз бағасы бар.
Жеңістің 65 жылдығына арналған Қызыл алаңдағы әскери шеруге 21 мемлекеттің басшылары мен Еуропа Кеңесі мен Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының бас хатшылары, сондай-ақ, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы қатысты. Бұл – әлем халықтарын жау қолынан азат етуге атсалысқан елдердің үлес салмағының орасан болғандығын тағы да бір айғақтайтын факт.
Салтанатты шерудің ашылуында сөз алған Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев Кеңес Одағының неміс фашизмінің ең басты, ең үлкен соққысын бастан кешкенін, алайда күш біріктіру мен мықты қарсылық көрсетудің арқасында сан түрлі ұлтты тұтастай жоюға бағытталған “соғыс мәшинесінің” тоқтатылғанын айрықша атап өтті. “Мәскеу мен Ленинградты қорғау, Сталинград үшін шайқас – соғыстың бір кезеңдері ғана емес. Бұл жерде бір-ақ таңдау тұрды. Жеңу, я құл қамытын кию. Бұл соғыс бізді ержүрек ұлт ретінде танытты. Әр күн, әр сағат, әр минөт сайын шешім қабылданып жатты. Майдан мен тылда ел мен жер үшін бұл жауапкершілік жүгін біздің халықтарымыз арқалады. Олар бізге ең басты құндылықты сыйға тартты. Ол – еркіндік”, деді Д. Медведев. Ол, сондай-ақ, өз сөзінде неміс фашизміне қарсы ұрыста бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының барлығы дерлік аянбай қайсарлық пен табандылық танытқанын, қанды қырғынға тек күш біріктіру арқылы ғана қарсы тұрғандығын атап өтті.
Мәскеу төріндегі әскери шеруді бір мезетте 3 мыңға тарта Ұлы Отан соғысы ардагерлері тамашаласа, олардың 32-сі қазақстандық қарт майдангерлер болды. Олардың бірі бір сәт қаншама жанның қанын судай шашқан соғыс жылдарының қиындығы мен кесапатын көз алдынан өткерсе, енді бірі келер күнге салауат айтып, соғыс өртінің қайта тұтанбауын, әлемде тек бейбітшіліктің орнауын тілегені анық.
Біз әскери шеруге қатысқан майдангер қарттармен әңгімелесіп, олардан отты жылдарды еске алуын өтінген едік. Мәскеудегі Қызыл алаңға Қарағанды қаласынан келген соғыс және еңбек ардагері Масхат Түсіпбеков сонау зұлмат жылдары оң-солын енді ғана ажыратып үлгерген бозбала болыпты. Жасы 90-ға жақындаған қарияның қимылы ширақ. Тың. Ол өз сөзінде Жеңістің 65 жылдығына орай өткен әскери шеруді ұмытпайтынын, бұл оған айрықша әсер бергендігін аса бір тебіреніспен жеткізді. “Мен үш айдан кейін 90-ға келемін. Бүгінгі парадқа қатысқаныма қуаныштымын. Кейінгі ұрпақ бұл Жеңістің қандай жолмен келгенін ұмытпаса екен”, дейді қарт майдангер. Ал Павлодар облысынан келіп, Жеңіс шеруін тамашалау құрметіне ие болған Ұлы Отан соғысының ардагері Сәйіткен Сағитов соғыстан кейінгі 65 жылды аман-есен көру қан майданға қатысып, одан абыроймен оралған кешегі жауынгерлер, бүгінгі ардагерлер үшін үлкен қуаныш екендігін жеткізді.
Мәскеу төрінде өткен тарихи шерудің бір ерекшелігі оған тек Ресей қарулы күштері мен әскерилері ғана емес, фашистік Германияға қарсы соғысқан мемлекеттер – Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Польша әскерилерінің, яғни антигитлерлік коалиция жауынгерлерінің қатысқандығы болды. 150-ден астам әскери техника мен 127 тікұшақ пен ұшақтың Қызыл алаңнан жүріп, немесе үстінен ұшып өтуі, 11 мыңнан астам сарбаздың сап түзеуі де парадтың тарихи мәнін аша түскендей. Осыншама ауқымды әскер мен техника бұрын-соңды ешқандай парадқа тартылмаған екен. Олардың арасында бабалар аманатын арқалаған қазақтың жас жауынгерлері де бар еді. Тарихи мәнге ие бұл шеруге еліміздің Қорғаныс министрлігінің Құрмет қарауылы ротасының 70 сарбазы қатысып, салтанатты сапта асқақ көрінді.
Мерекелік парадта алдымен соғыс жылдарының әскери техникалары көрінсе, артынан бүгінгі заманның озық әскери техникалары мен құрылымдары шықты. Жеңістің бүгінгі мұрагерлері – сан мыңдаған жас сарбаз шерудің сән-салтанаты мен маңызын арттыра түсті. Ұлы Отан соғысы жылдарының теңізшілері, ұшқыштары мен жаяу әскерлерінің киімімен шыққан сарбаздар сол бір қиын жылдар көрінісін көз алдыңа әкелсе, заманауи техникалар мен әскери құрылымдар, зымырандық кешендер қазіргі заманның әскери әлеуетін паш етті. Мәселен, сұрапыл жылдар мен бүгінгі күннің айтулы әскери техникалары – Т90С, Т-34 танктері, “Тор-М1”, “Бук-М1”, С-400 секілді зениттік-зымырандық кешендер, жаяу соғыс әскерлеріне арналған БМП-3 және БМП-4 мәшинелері, “Тополь-М” стратегиялық зымыран кешені, Ту-160, Су-30, Су-100 және МиГ-2 артиллериялық құрылғылар мен стратегиялық жойғыш ұшақтар бірінен соң бірі жер мен әуеде сап түзеді.
Салтанатты шеру аяқталысымен Мәскеуге арнайы шақырылған мемлекет басшылары Кремльдің келесі бетіндегі “Белгісіз солдаттың” бейітіне гүл шоқтарын қойды. Бейбіт өмір жолында өз бастарын қатерге тігіп, елі мен жерінің азаттығы үшін қыршынынан қиылған сарбаздарды бір минөт үнсіздікпен еске алды.
Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай, Ресей астанасына жиналған ел көшбасшылары Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымы мен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. Онда өзара ынтымақтастық және әріптестік мәселелер жөнінде келіссөздер жүрді. Мәселен, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының бейресми кездесуі аясында мемлекет басшылары екі бірдей бірлескен мәлімдемеге қол жеткізді. Біріншісі – Мәскеу мен Вашингтон арасындағы стратегиялық шабуылдау қаруларын шектеу және қысқарту жөніндегі келісім-шарт болса, екіншісі қазіргі таңда Қырғызстанда қалыптасқан күрделі жағдайдың түйінін шешу мен ретке келтіру жөніндегі шаралар туралы келісім болды.
Бұл күні Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен, Қытай Төрағасы Ху Цзиньтаомен, Вьетнам басшысы Минь Чиет Нгуенмен, Болгария Президенті Георги Пырвановпен, Армения Президенті Серж Саргсянмен, Израиль басшысы Шимон Переспен, Германия Федералдық канцлері Ангела Меркельмен, Әзірбайжан басшысы Ильхам Әлиевпен, Эстония президенті Томас Хендрик Ильвеспен, Словакия басшысы Иван Гашпаровичпен екіжақты кездесулер өткізіп, халықаралық ынтымақтастық мәселелерінің жай-жапсарын сөз етті.
Әрине, халықаралық ынтымақтастық мәселелерінің бүгінгідей, әсіресе, жаһандану заманында айрықша мәнге ие болатыны анық. Кешегі Кеңес Одағының шекпенінен шыққан елдердің әрқайсысы өз тәуелсіздігін жариялады. Егемен ел атанды. Мұндай кезде кез келген қауіптің орын алуы ықтимал. Ал сондай сәттерде өзара ынтымақтастықтың рөлі айрықша арта түседі. Мемлекет басшылары келіссөз барысында осындай ортақ ой түйді.
Достастық елдері басшыларының бейресми кездесуінде де ауқымды мәселелер жан-жақты талқы таразысына түсті. Мәселен, бұл ауқымды басқосу кезінде президенттер Жақын болашақтағы әріптестік, оның ішінде ғылыми-техникалық бағыттағы өзара ынтымақтастық мәселелеріне айрықша назар аударды. Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткен ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арнап, бірлескен үндеу қабылдады.
Әрине, бұл – Отаны, туған халқының азаттығы үшін жау оғына қасқая қарсы тұрған сол кездегі өрімдей жастардың, бүгінде сондай соғыстың қайталанбауын Құдайдан жалбарына отырып тілейтін қариялар ерлігі мен еңбегінің еш кетпегенін көрсетеді. Ал сол бабалар аманатын үлкен жауапкершілікпен арқалау – кейінгі ұрпақтың еншісінде. Ол үшін тарихтан тағылым ала білу қажет.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.