Жақында ғана облыстық мәслихат депутаттары бекіткен Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған Аумақтық даму бағдарламасында тұрғындардың әл-ауқатын арттыру индикаторы санатына жеткіншектердің сапалы білім алуы мен денсаулығын қалыпты ұстау көрсеткіштері де кірді. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы семіздікке шалдыққандар санын азайту, 14 пен 18 жас аралығындағы жеткіншектерді жаппай спорттық үйірмелерге тарту, мүмкіндігі шектеулі балалардың инклюзивті білім алуы мен спортпен айналысуына жағдай туғызу жолдары қамтылды.
Өңірлердің алдағы бесжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын басты стратегиялық құжат – аумақтық даму бағдарламалары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың
1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауына негізделген. Президент Жолдауында еліміздегі кәсіби спорт клубтарын мемлекет есебінен қаржыландыруды доғарып, оның орнына бұқаралық спортты, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту міндеті қойылды. Оның үстіне, Токио Олимпиадасындағы ойсыраған жеңілістеріміз балалар спортын дамытпайынша, кәсіби спорт есігін ашпайтынын тағы бір рет ұқтырды.
Ақтөбе облысында 7 мен 17 жас аралығында 153 мың бала бар. Өңірдегі балалар мен жасөспірімдерге арналған 33 мамандандырылған спорт мектебінде 19 мыңнан астам жасөспірім бірнеше спорт түрімен шұғылданады. Осы ресми дерек спортпен шұғылданатын жеткіншектер санының өте аз екенін көрсетеді. 2021 жылы 33 спорт мектебінің шығындарына облыстық бюджеттен 375 млн 717 мың теңге бөлінді. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалардың инклюзивті білім алуымен қатар спортпен шұғылдануына да жағдай жасау күн тәртібіндегі мәселе. Тағдыр сынағына түсіп, төрт қабырғаға таңылған балалардың денешынықтырумен айналысуына мүмкіндіктері жоқ. Әсіресе, сал ауруына шалдыққан балаларға дене жаттығулары бірінші кезекте керек-ақ.
Соңғы дерек бойынша Ақтөбе облысында ерекше білім алу қажеттілігі бар мектеп жасындағы 6 мың бала бар. Жыл сайын мүгедек балалар саны өсіп келе жатқаны да алаңдарлық жағдай.
153 мың баланы 33 спорт мектебі түгел қамти алмайтыны басы ашық мәселе. Ал телефондар мен гаджеттердің бала денсаулығын құртып жатқаны тағы қорқынышты. Телефонға телмірген баланы спорт секцияларына көбірек тартудың бір жолы – жан басына қаржыландыру жобасына жеке кәсіпкерлерді тарту. Биылғы жылдың мамырынан бастап елімізде қолға алынған осы қанатқақты жобаның негізгі мақсаты – балаларды спорттық үйірмелерге көптеп тарту, мүмкіндігі шектеулі балалардың тұрғылықты жерлеріне жақын маңнан спорт секцияларын ашу. Бұл жерде әрбір бала спорт үйірмесіне тегін қатысса, оған қаржыны мемлекет төлейді. Айта кетерлігі, жан басына қаржыландыру тарифі спорт түріне және әр өңірде әртүрлі бекітілді. Ақтөбе облысында бір баланың бір ай бойы спорт секциясына қатысуына 14 мың теңге қаржы қарастырылды. Бала бір айда 12 жаттығу жасайды. Ал жан басына қаржыландыру бойынша мүмкіндігі шектеулі баланың спорт секциясына қатысуы үшін бір айға 23 мың теңге қарастырылған.
«Бұл жерде ең бірінші кезекте ата-аналардың ұсынысына назар аудардық. Олар осы кезге дейін балалары ақылы түрде қатысып жүрген спорт түрлерін таңдады. Мұның ең басында каратэ, бокс, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, суға жүзу, көркем гимнастика мен спорттық гимнастика тұр. Жан басына қаржыландыру жобасы қыркүйек айында порталға электронды табель жобасы енгізілгеннен бастап жанданды. 2021 жылы жан басына қаржыландыру арқылы балаларды спорт үйірмелеріне тартуға 323 млн теңге жұмсалса, 2022 жылға 350 млн теңге қаржы қарастырылды. Бұл ретте облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы 2022 жылы 4-17 жас аралығындағы 17 мың баланы спорттық секцияларға тартуды жоспарлап отыр. Алдағы қаңтар айынан бастап спорт секцияларына қатысуға 8 808 бала жазылса, оның 7 мыңы Ақтөбе қаласында тұратын жеткіншектер. Осы балалардың ата-аналары секциялар жүргізетін жеке кәсіпкерлермен келісім жасасты», дейді Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Әділбек Ділжанов.
Жүзу спорты, көркем гимнастика мен спорттық билермен шұғылданғысы келетін жеткіншектер қатары көбейе түскен. Кейбір спорт түрлеріне кезек түзілді. Секцияға жазылған балалардың бәрін бірдей қамту мүмкін болмағандықтан, кей балалар кезектерін күтеді. «Секцияны тастап кеткен баланың орнына кезекке кейін тұрған бала барады. Белгілі бір спорт түрін таңдаған жеткіншектің тастап кетуін де жоққа шығаруға болмас. Ал баланың спортпен шұғылдануы үшін бөлінген мемлекет қаржысы далаға кетпеуін бақылау керек. Осы ретте жаттықтырушылар сабақ кестесіне сай балалардың қатысымын электронды табельдерге белгілейді», дейді Әділбек Ділжанов.
Балалар спортын жан басына қаржыландыру жобасына қатысуға ақтөбелік 400-ден астам жеке кәсіпкерден ұсыныс түскенде, олардың ішінен 154 кәсіпкер таңдалып алынды.
Спорт үйірмесін ашқан кәсіпкерге қатаң талап бар. Ғимараттағы жаттығу залдары талапқа сай жабдықталып, балалардың киініп-шешінетін бөлмесі бөлек болуы керек, жаттығу залдарының жарықтандырылуы, желдеткіш, жуынып-шайынатын бөлмелері талапқа сай болуы керек. Кәсіби білімі бар, білікті жаттықтырушы-оқытушылық құрамы болмаса, секция жұмысына рұқсат жоқ. Осы талаптарды мүлтіксіз орындаған жеке кәсіпкер ғана жан басына қаржыландыру жобасына қатыса алады.
Баланың үйіне жақын жерде спорттық секцияға қатысуы ата-анасы үшін де тиімді. Бір ерекшелігі, осы жобаға мамандандырылған спорт мектептері қатыстырылмайды, олар онсыз да бюджеттен қаржыландырылады. Бұл күндері Ақтөбеде балаларын тегін спорт үйірмелеріне жаздыруға ықыласты ата-аналар көбейген. Енді күн тәртібіне қаржыға қол жеткізген жеке кәсіпкер жұмыстарын бақылау мәселесі шықты. Басқаша айтқанда, балалар үшін спорт үйірмелерін ашқан кәсіпкерлер қызметін кім қадағалайды деген сұрақтың басы ашық тұр. Спорт үйірмелерін бақылауды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мамандары құзыретіне беру керек пе, әлде тәуелсіз қоғамдық бақылаушылар құрыла ма? Спортпен шұғылданғысы келетін баланың жаттығуы үшін әр айға 14 мың теңге бөлініп жатқанын айтып өттік. Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуына мониторинг жүргізіп отыру керек. Бала секцияға бармай қойса да, жыл бойы ай сайын 14 мың теңге төлене беруі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда қаржы қозғалысын бақылауда ұстау керек. Оның үстіне, ата-анадан түсетін шағымдар бар.
Жан басына қаржыландыру жобасына инклюзивті спорт түрлері де қамтылмақшы. Әзірге Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі балаларды спортқа баулумен бір жеке кәсіпкер айналысып, 25-30 мүгедек жасөспірімді футболға жаттықтырады. Инклюзивті спорт түріне жаттықтырушыларға талап өте қатал. Сабақты арнайы инклюзивті спортқа кәсіби мамандандырылған жаттықтырушылар ғана жүргізе алады. Өкініштісі, ерекше қажеттілігі бар балаларды оқытушылар Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясында ғана оқытылады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің спорт және денешынықтыру факультетінде инклюзивті спорт жаттықтырушылары дайындалмайды.
Міне, осы мәселелер жан басына қаржыландыру жобасының да жетілмеген тұстарын анықтады. Қалай болғанда да спорт жаттықтырушысының негізгі – смартфон мен гаджеттер әлемінен келген баланы өзі таңдаған спорт түрін жақсы көруге үйрету керек. Басты мақсат – осы. Спорт баланың денсаулығын түзетеді, мінезін қалыптастырады. Белгілі бір спорт түрімен бірнеше жыл бойы тұрақты шұғылданған жасөспірімнің тәртібі түзеліп, мектептегі сабағы да жақсарады. Ең бастысы, – бала бос уақытын дұрыс жоспарлауды үйренеді. Түйіні – балалар спорты бойынша жан басына қаржыландыру жобасына қатысушы кәсіпкер өз пайдасын емес, ең бірінші кезекте баланың денсаулығы мен болашағын ойлауы тиіс.
Ақтөбе облысы