Биыл Алматыда несиелендірудің мемлекеттік бағдарламалары аясында 3,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Несиелеу бағдарламаларының бюджеті осы жылы 47,3 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 49 пайызға артық (2020 жылы – 31,8 млрд теңге), оның ішінде жергілікті бюджет қаражаты – 28,9 млрд теңгені құрайды. Ал республикалық бюджеттен бөлінген қаражат – 18,4 млрд теңге. Бюджеттің 58 пайызы субсидиялау және кепілдік беру құралдарына, ал 42 пайызы несие беруге жұмсалған. Бизнесті қолдаудың мемлекеттік және өңірлік бағдарламалары аясында 3 212 жоба қаржыландырылып, 278,4 млрд теңге жұмсалған.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов атап өткендей, қала бизнесі мемлекеттік қолдаудың барлық шарасын белсенді қолданып келеді. Мәселен, 2018-2019 жылдары негізінен ірі және орта кәсіпорындар қаржыландырылса, былтырдан бастап микро және шағын бизнесті қолдау мен қаржыландыру бойынша көрсеткіш жақсарған. Санаттар бойынша биыл барлық жобаның жартысынан астамын шағын бизнес құрайды. Салалар бөлінісінде негізгі үлес өнеркәсіпке және көлікке тиесілі. Аудандар бойынша қаржыландырылған жобалардың ең көбі мегаполистің Әуезов, Алмалы, Бостандық және Алатау аудандарында орналасқан.
«БЖК–2025» бағдарламасына орай осы жылы 2 815 жоба қаржыландырылып, 184,6 млрд теңге несие сомасы игерілген. Оның ішінде 231 жобаға бөлінген қайтарымсыз инновациялық гранттың жалпы сомасы – 690 млн теңге. «БЖК-2025» бойынша жобалардың ең көп саны келесі салаларда қаржыландырылды: көлік және қойма – 19,1, сауда және қызметтер – 18,9, өнеркәсіп – 14,3 пайыз.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 41,7 млрд теңге несие сомасына – 28 жоба, «АӨК» бойынша 36,2 млрд теңге сомасына – 15 жоба, «Еңбек» бойынша 1,5 млрд теңгеге 102 жоба қаржыландырылды. Өңірлік бағдарламалар аясында Almaty Business бойынша 8,9 млрд теңгеге – 119 жоба, Almaty Business – 2025 бойынша 5,5 млрд теңгеге 133 жоба қаржыландырылды.
Қала шетіндегі бизнесті қолдау да маңызды бағыттардың бірі. Бағдарлама іскерлік белсенділігі төмен аудандарда танымал бола бастады. Оған қаланың 5 ауданы (Алатау, Әуезов, Жетісу, Наурызбай, Түрксіб) кіреді. Бүгінде аталған аудандарда 3,3 млрд теңгеден астам сомаға 74 жоба қаржыландырылған.
АЛМАТЫ