• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қаңтар, 2022

Ұлын күткен ана

896 рет
көрсетілді

Миллиондарды әкесі мен жарынан, ұлынан айырған Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы ұмытыла қоймас, сірә. Сол соғысқа аттанған жалғыз ұлын 30 жыл күткен ананың бірі – Сәнді Деңгелбайқызы.

 

Жалғызын күтіп, сағынышы сартап болған қайран ана 1879 жылы Қызылқоға ауданындағы «қақпақты қара қазан» атауымен белгілі Тайсойған құмында өмірге келген. Туыстарының бірі Орақ Деңгелбаевтың айтуынша, Махамбет есімді азаматқа тұрмысқа шығып, 1907 жылы туған бір ұлын тәрбиелеген. Күйеуі өткен ғасырдағы 20-жыл­дардың басында өмірден өткен.

Күйеуі қайтыс болғаннан кейін 1930 жылдары ұлын жетелеп, Мақат ауданына қоныс аударған екен. Өйткені мұнда мұнай саласында жұмыс істейтін өзінің туыстары – Ерғали мен Мырза­ға­ли тұрған. Нағашыларының қолда­уымен ұлы Нәби мұнай кәсіп­шілігіне жұмысқа орналас­қан. Өзіне тап­сырылған жұмысты тия­нақты орындайтын Нәби бастап­қыда қатардағы жұмысшы, кілт­ші, жерасты жабдықтарын жөн­деу бригадасының операторы болған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда оған мұнайшы ретінде бронь берілген. Алайда орда бұзатын 30 жастың бел ортасына келіп, жалындап тұрған жас жігіт қатарынан қалуды қо­лайлы көрмеген. Сөйтіп, 1942 жылдың 11 қыркүйегінде өз еркі­мен майданға аттаныпты.

Тағдырдың жазуы шығар, со­ғысқа аттанар жылы 35 жасқа толған Нәби үйленіп үлгермеген екен. Майдан даласына жеткен ол Оңтүстік Орал әскери округін­де жедел жаттығудан өтіп, жауға қар­сы алғашқы ұрысты 1 қараша­да Сталинград шайқасында баста­ған. Ал 19 қарашада Сталинград облысының Клет ауданындағы Бузинки деревнясының маңында Паулюстың 6-армиясын қоршау, талқандау мақсаты жоспарланған «Уран» операциясы кезінде жоға­лып кеткен. Содан бері оның бір дерегі шықпаған. Алайда ана­сының қолына 1943 жылдың басында «қара қағаз» тиген.

Қай ана баласын өлімге қиюшы еді? Сәнді Деңгелбайқызы да қан майданда хабар-ошарсыз жоғал­ған жалғыз ұлын 30 жыл күткен. Күн сайын Мақат стансасында­ғы теміржол вокзалына барады екен. Сөйтіп, 1973 жылдың ортасына дейін әрлі-берлі өткен жо­лау­шылар мен жүк пойыздарын үмітпен қарсы алған. Бірақ ба­уыр еті – баласын бауырына басып, сағынышын баспақ болған қайран ананың үміті ақталған жоқ.

– Сәнді апамыз 1973 жылы 94 жасында өмірден өтті. Оны ем­деген дәрігер «Жүрегі жас сәби­дің жүрегіндей таза екен. Ұлын күткен үміті осынша жасқа жет­кізген екен ғой» дегенін білеміз, – дейді туыстары.

Өткен жылдың соңында Мақат стансасындағы теміржол вок­за­лының алдына таяғына сүйеніп, көзін көлегейлеп, ұзын жолға тел­міре қараған ананың ескерткіші бой көтерді. Боздағын күткен ана ескерт­кішінің биіктігі – 4 метр. Ес­керткішті Жылыой ­ауда­нында тұратын мүсінші ­Серік Мәтениязов жасаған.