Адамзат баласы қанша ғасыр өмір сүрсе, соншама уақыт билік туралы айтып келе жатқаны мәлім. Солардың бірі биліктің моральдық, демократиялық сипаты, оның мерзімді жағдайда ротациялануы және үнемі халық бақылауында болуы.
Билік пен халықтың қарым-қатынасы
Жасыратын ештеңесі жоқ, бұл аталған қағидалар біздің жағдайымызда қатаң сақталмағаны белгілі. Биліктің ұзақ жылдар бойы бір адамның қолында шоғырлануы қоғамның белгілі бір даму кезеңінде шынайы тұрақтылықтың кепілі бола алмайтынына көз жеткіздік. Билік халық мұқтажынан алшақтаған күнде авторитаризмге, сыбайлас жемқорлыққа жол берілетінін, жеке басқа табыну орын алатынын, олигархиялық топтар мүддесін халық мүддесінен жоғары қоятынын, моральдық тұрғыдан азғындай бастайтынын да байқадық. Тіпті мұндай жағдайда билік пирамидасында қарама-қарсы күштердің, деструктивтік сипаттағы күштердің пайда болатыны да белгілі болды. Оны кешегі елде болған жағдай көрсетті. Десек те, қазақстандықтар Президентпен бірге екенін, оның саясатын қолдайтынын, Мемлекет басшысына сенетінін ашық айтты. Өз кезегінде билік те икемділік танытып, тез және тиімді халықтың әлеуметтік-экономикалық талаптарын қанағаттандыруға ұмтылды. Деструктивтік күштер мен террористердің зымияндығы мен қараниеттілігі әшкереленді. Бұдан шығар қорытынды біреу, ол – болашақта жоғарғы биліктің шектеулілігін, жариялылығын, ашықтығын заң жүзінде қамтамасыз ете отырып, саяси реформаны тереңдете түсу. Елімізде қаңтарда орын алған жағдай осындай қорытынды жасауға итермелейді.
Екіншіден, бүгінгі билік барлық жауапкершілікті өз мойынына алып отыр. Енді жарияланған үндеулер декларация, ұран күйінде қалмауы тиіс. Билік эгобеллетристикамен айналыспауы керек. Керісінше, оның іс-қимылы пәрменді, тиянақты, тиімді және шешімді, табанды да талапты болуға тиіс. Олай болмаған жағдайда билікке деген сенім азаюы мүмкін. Қазіргі биліктің басында мұндай қауіптің бар екенін де жасыра алмаймыз. Мұндай жағдайға түспеудің бір-ақ жолы бар, ол бәрін заң арқылы реттеу. Билік заңға сүйенуі қажет. Заң биліктен жоғары және күшті екенін ескерген дұрыс. Бұны билеуші үнемі есте ұстауы керек. Ол өзінің әрбір саяси-экономикалық қадамдарын заңмен өрнектеп отыруға тиіс.
Кадр мәселесін қайта қарау қажет
Үшіншіден, билік алды-артын байқағыш, көреген болған дұрыс. Қысқаша айтқанда, реализм, яғни салқын және дәл, нақты саяси үрдістерге баға бере отырып, халықтың қажеттілігі мен мүддесіне сәйкес өмір сүру. Оны Президент Қ.Тоқаев «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы деп атағаны белгілі. Билік жағымпаздар мен жылпостардан, атаққұмарлардан, жемқорлар мен өз қара басының қамын ойлайтын және оны ұлт мүддесінен жоғары қоятындардан тазаруға тиіс. Кешегі оқиға билік басындағылардың мемлекетшілдігінің төмен екенін көрсетті. Халықпен сөйлесе алмайтын, коммуникациялық және риторикалық біліктілігі мен қабілеті жетілмеген, моральдық-этикалық тұрғыдан ұстанымы әлсіз әкім-қаралардың тірлігін көргенде, биліктің шынайы келбетінің қандай екенін байқадық. Демек, билікке кәсіби және моральдық тұрғыдан дайындықтан өткен, мәдениеті жоғары, сыни тұрғыдан ойлай алатын тұлғалық қасиеті дамыған өмірлік тәжірибесі бар адамдар келуі керек. Басқалай айтқанда, әңгіме кадр мәселесін түбегейлі қайта қарауға келіп тіреледі.
Төртіншіден, біздің биліктің әлсіздігі олигархтар мен қалталылардың ықпалында болуы, солардың мүддесіне қызмет етуіне байланысты болғаны. Осы жағдайдан арылу үшін Президент Қ.Тоқаев «Самұрық-Қазына», Қазақстанның даму банкі және басқа да түйткілді мәселелерге байланысты Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Сонымен бірге бүгінгі билік үшін ең маңыздысы елді жайлаған жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, әлеуметтік әділетсіздікке жол бермеу, қоғамның әлеуметтік тұрғыдан жіктелуіне тосқауыл қоя отырып, аймақтық теңсіздіктерді реттеу, елдің әл-ауқатын, тұрмыстық жағдайын, жалақы жүйесін қайта қарау мәселелері тұрғаны белгілі. Жаңа Қазақстанды құру негізінде осы және басқа да әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерді түбегейлі шешуде халық биліктің сөзден іске көшуін, оның модернизациялық әлеуетін нақты іс-қимылдың өзегіне айналдыруды талап етіп отыр.
Билік сүйенетін негіздер
Биліктің жоғарыда аталған мәселелерді дұрыс шешуде ұлттың менталитеті ерекше орын алатыны белгілі. Мәселен, ұлттың әлеуметтік әділеттілік және теңдік туралы түсініктері, жерге, меншікке, байлыққа деген көзқарастары мен ұстанымдары, рухани-моральдық, мәдени құндылықтары биліктің сүйенер негізі болуға тиіс. Өкінішке қарай, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде билік тек батыстық ұстанымдарды басшылыққа алумен шектеліп келеді. Әрине, уақыт талабы мен ұлт менталитеті арасында қайшылықтар болары сөзсіз. Бұл мәселелерді шешуде алға кеткен елдер де, басқаға үлгі болар елдер де баршылық. Бірақ олардың мәселені шешу үлгісі қашанда бізге дәл келеді немесе мәселені шешудің жалғыз жолы осы деп айту қиын. Сондықтан жергілікті жердің тарихи-мәдени ұстаным ерекшеліктерін де ескерген жөн. Тіпті өзгенің ақылына сенгіштік, бөтеннің кеңесін қабылдағыштық, еліктегіштік биліктің жасампаздық қабілетіне, өзіндік ойлау мен іс-әрекетіне кедергі болатыны, шектейтіні белгілі. Соның салдарынан, билік сыни ойлаудан бұрын манипуляцияға бой алдырып, жалған ақпарат беруге, өмірдің шынайылығына сай келмейтін статистикалық мағлұматтар мен халық алдында формальды есеп беруге әуестенді. Нәтижесінде, билік пен халық арасында алшақтық пайда болды.
Құқықтық мәдениет
Бүгінде ұлт менталитетінің осал жерінің бірі, ол – құқықтық мәдениет, оның құқықтық құндылықтармен байланыстылығы. Мәселен, билік кешегі Кеңес өкіметі тұсында да, одан қалды посткеңестік кезеңде де, тіпті тәуелсіздік дәуірінде де ұлт менталитетінде құқық қорғау органдарына деген жағымды көзқарасты, оларға құрметпен қарауды қалыптастыра алмады. Оның әртүрлі себептері бар екені түсінікті. Ең басты себептердің бірі ретінде мынаны атауға болады: олардың репрессиялық сипатының басым болуы, сыбайлас жемқорлық, құқық пен моральдың, заң мен әділеттіліктің бір-бірінен алшақ болуы, т.б. Осының барлығы айналып келгенде заңды сыйламаушылыққа, заңға бағынбаушылыққа алып келді. Билік ұлт менталитетінде құқықтық нигилизмге қарсы құқықтық мәдениетті қалыптастыруы керек. Қысқаша айтқанда, жаңа Қазақстанның болашағы, оның өсіп-өркендеуі, өркениетті елдер қатарына қосылуы, оның заңға бағынуында, құқықтық кеңістікте қарым-қатынас орнатуында екенін түсіну билік үшін де, қоғам үшін де маңызды істердің бірі болуы қажет.
Бірлік идеясы – Тәуелсіздік
Ұлт менталитетіндегі маңызды құндылықтардың бірі – бірлік идеясы. Әрине, ел ішінің бірлігі, қоғамның бірігуі, азаматтық келісім қандай да қоғам үшін маңызды. Биліктің тұрақтылығы мен өміршеңдігі, қоғамның өркениетті сипатта сапалы түрде дамуы да осы бірлік идеясына байланысты. Осы бір қарапайым құндылықтың маңыздылығын кешегі қақтығыс кезінде тереңірек сезіндік. Тарихи санамыз оянып, сонау қилы заманда Түрік қағанаты, қазақ хандары құрған мемлекеттілігімізден қалай айырылып қалғанымыздың себептеріне назар аударғандаймыз. «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының тарихи астарына да үңіле бастадық. Соның барлығы, ел басқарушылардың билікке таласының, хан мен сұлтандардың ауызбіршілігінің жоқтығының нәтижесі еді. Бізді алатын жау сыртта емес, іште, өз ортамызда екендігіне де көз жеткіздік. Міне, Ұлы даланың тарихы.
Сонымен не нәрсеге немесе қандай құндылықтарға бірлік болуы керек? Біз үшін ең маңыздысы – Президент Қ.Тоқаев айтқандай, тәуелсіздік жолында бірігу керек. Демек, тәуелсіздікке, мемлекетке, ұлттың тұтастығына, жеріне, оның асыл құндылықтарына, тілі мен дініне деген бірлік керек. Бұл жай ғана сыртқы саяси сипаттағы бірлік емес, ішкі «ментальдық бірлік». Басқаша айтқанда, ақпараттық соғыс жағдайында бүгінгі биліктің әрбір қадамы ментальдық бірлікті нығайтуға бағытталуға тиіс. Біздіңше, оның басты құралының бірі идеология болып қала бермек. Ұлттың идеологиясын өмірдің шынайылығына жақындата отырып, оны спекулятивтік, иллюзорлық, догматикалық және апологетикалық сипаттарынан арылтуымыз керек. Оны тәуелсіздікті қорғаудың тиімді құралына айналдыру заман талабы екенін түсіну қажеттігі байқалады.
Тәуелсіздік жылдары ұлт менталитетінің прагматикалық сипаты артқаны белгілі. Ол патернализм, масылдық, жайбасарлық сияқты психологиялық құбылыстардан арылуға мүмкіндік берді. Ұлт менталитетінде «пайда», «байлық», «табыс», «тиімділік» сияқты прагматикалық құндылықтар орнықты, тұрақты ұстаным қалыптасты. Ұлттың бәсекеге деген қабілеті артты. Десек те, аталған прагматикалық құндылықтарды игеру және дұрыс басқару, оны қоғамның жасампаздық күшіне айналдыру көп жағдайда тығырыққа тіреліп отырды. Осы тұрғыдан келгенде, ат төбеліндей олигархиялық топқа қызмет етіп келген ұлттық экономикаға халықтық сипат берудің уақыты жеткен тәрізді. Ол үшін бүгінгі билік халықтың ішкі белсенділігі мен өзгерістерге бейім тұрған ментальдық энергиясына жол ашуға тиіс. Орта және шағын бизнестің дамуына қолайлы орта жасай отырып, экономикалық реформаны тереңдете түсуі қажет.
Жас ұрпақ қандай болуы керек?
Жаңа Қазақстанның қозғаушы күші болып саналатын жастардың рухани негізіне де сын көзбен қараған аса маңызды. 30 жылда жаңа сипаттағы ұрпақ өмірге келді. Олардың дүниетанымы мен құндылықтарды қалауы да, жалпы рухани әлемі де өзгерді. Енді осы топтың әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктеріне назар аударайық. Әрине, жастар белсенді, білімді, мобильді, жаңашыл, бейімшіл. Десек те, бізді толғандыратын мәселелер жеткілікті, солардың бірі – жастар бойындағы жалған имиджге деген құштарлық. Кейде жалған имиджді малсынып, өздерінің шынайылығынан алшақтағандай көрінеді. Көп жағдайда олардың ментальдық болмысы тобырлық мәдениет жетістіктерімен әрленген, толықтырылған ба дерсің. Нәтижесі – жаттанды қайталаудан шыққан іс-әрекет, түпнұсқалық сипаттан ада қарым-қатынас, көзқарас пен ұстаным. Осындай жағдайда тәуелсіздікті қорғайтын, оның қадір-қасиетін дұрыс бағалай алатын жас ұрпақ қандай болуы керек деген де ой мазалайды. Бүгінде жасандылық, жасанды көріністер қоғамның барлық саласын жайлап алған. Кешегі елде болған оқиғаның түп төркіні де осы жасандылықтың нәтижесі. Қысқасы, қай жерде жасандылық, сол жерде дағдарыс, шиеленіс бой көтереді. Жасандылық – мағынасыз тіршіліктің, деформацияланған сананың көрінісі. Сол себепті бүгінгі билік қолдан жасалған, шындыққа жанаспайтын мифтік, утопиялық, иллюзиялық армандар мен жетістіктерден жастардың санасын тазартуы керек. Бұл жолда билік үшін ең маңызды нәрсе, ол шындықты дер кезінде, өз уақытында жариялау болмақ. Өз уақытында айтқан шындық халық санасында билікке деген сенімді нығайтады, ал уақыт оздырып барып айтқан шындықтың қажеті де болмауы мүмкін. Сол себепті өткен күннің шындығына жан-жақты баға беруде де биліктен асқан ұқыптылық пен парасаттылықты талап етіледі.
Билік ұлт менталитетінің жасампаздық сипатына ерекше назар аударып, оның негізгі құндылықтары болып табылатын – ашықтық, өзара сыйластық, өзара түсінік, шынайылық, әділеттілік және мәмілелік тәрізді құндылықтарды өз іс-әрекетінде басшылыққа алуда. Сонымен бірге бұл аталған құндылықтар ұлт менталитетінің жасампаздық сипатын анықтайтын және ашық, демократиялық, құқықтық қоғам құрудың негізі екені сөзсіз.
Төлеуғали БӨРІБАЕВ,
философия ғылымдарының докторы,
Ләйла ЖАҚАЕВА,
заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы Сот төрелігі академиясының профессорлары