Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Үкіметке қысқа мерзім ішінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын жою, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау туралы маңызды міндет жүктеген болатын. Президент пәрменінен кейін Қостанай облысында қымбатшылықпен күресудің нақты шаралары қолға алына бастады.
Мысалы, 20 қаңтарда Қостанайдағы бірнеше супермаркеттер мен қала әкімдігі әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарын арзандату туралы меморандумға қол қойды. Құжатта бекітілген тізімге енген өнімдердің үстеме бағасы 3%-дан аспауға тиіс. Алайда бизнес өкілдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік саудасынан түсетін табыстың мардымсыз екенін айтады.
– Бұл өнімдер біздің дүкендерге ешқашан табыс әкелген емес, тіпті пайдасынан гөрі шығыны басым десем болады. Мысалы, біз әлеуметтік нан мен сұйық майға 1-3% үстеме қосып сатамыз. Жұмыртқа мен қанттың өзіндік бағасына 3-5 пайыздың арасында үстеме қосылады. Тауарды дүкенге жеткізу және сауда қызметкерлеріне еңбекақы төлеу дегенді ескерсек, біз қосқан үстеме жоққа тән. Соған қарамастан, бұл өнімдер сауда сөрелерінен алынып тасталған жоқ, біз әлеуметтік тауарлардың тұрғындар үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз, – деді бірнеше ірі сауда орындарына иелік етіп отырған «Кварт ЛТД» серіктестігінің директоры Наталья Лапшина.
Азық-түліктің саудадағы нарқы оның өзіндік құнына тәуелді екенін айтқан сауда орындарының басшылары қала әкіміне ауылшаруашылық тауарларын өндіруші кәсіпорындарға да назар аударып, олармен де бағаны арзандату бағытында жұмыс жүргізуді сұрады.
– Тұрғындар сөредегі бағаны көреді де, мұны дүкеннің өзі қойған екен деп ойлайды. Қазір оңай дүние жоқ. Мысалы, біз көкөніс өнімдерін жергілікті шаруа қожалықтарынан сатып аламыз. Шаруа қожалықтары қосымша құн салығын төлемейтіндердің санатында жоқ. Сондықтан ҚҚС-ны дүкендер төлейді, яғни біз шаруашылықтан сатып алған өнімнің үстіне алдымен 12% ҚҚС қосып, одан кейін ғана өзіміздің 3 пайыздық үстемемізді қосамыз. 1% үстеме қосатын, тіпті кейде мүлдем үстеме қоспай, құн салығын ғана үстеп сататын кездеріміз болады, – дейді «Астықжан Қостанай» ЖШС директорының міндетін атқарушы Нұрлан Жанбатыров.
5 қаңтарда Президент әлеуметтік маңызы бар тауарларды мемлекеттік реттеу мәселесін шешуді тапсырғаннан кейін, 16 қаңтарда Қостанай қаласының әкімдігі тауық етінің шекті бағасын 890 теңгеден асырмау туралы қаулы шығарған. Ал 25 қаңтардан бастап көкөніс өнімдері мен қант және сұйық май арзандайды.
– Қазіргі басты мәселе, Қостанайда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қымбаттауына жол бермей бағаны ұстап тұру болып тұр. Бұл мәселені ерекше бақылауға алып отырмыз. Біріншіден, тауар өндірушілермен өнімді сауда желілеріне ешбір делдалсыз тікелей жеткізу туралы шартқа отыру жұмыстарын жүргіздік. Сауда орындары сөреге қойылған тауарға мейлінше төмен үстеме қосатын болады. Бүгінге дейін жергілікті кәсіпорындармен осындай мазмұндағы 160 шартқа отырдық. Сонымен қатар сауда желілері мен шағын дүкендерде бірінші сұрыпты әлеуметтік нанның бағасын 88-89 теңгеден сатуға атсалысу жөнінде ірі наубайханалармен де келісіп, бұл мәселені түбегейлі шештік. Қазір наубайханалар әлеуметтік нан пісіретін ұнның килосын 100 теңгеден тұрақтандыру қорынан сатып алып жатыр. Сондай-ақ «Север Птица» құс фабрикасы әлеуметтік жұмыртқаның біреуін 38 теңгеден сату туралы келісімге қол қойды. Құс фабрикасы күніне 10 800 жұмыртқа шығарады. Бірақ бұл қала тұрғындарының сұранысын қанағаттандыра алмайды. Мұның сыртында, әкімдіктің ұйымдастыруымен «Промбаза 7» серіктестігі қаладағы сауда орындарына сұйық майдың литрін 720 теңгеден жеткізіп беруге уәде етіп отыр. «Мибеко» серіктестігі шығаратын қарақұмық жармасының шекті бағасы 480 теңгеден әрі аспайды, – деді қала әкімдігіне қарайтын кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Илона Тимошенко.
13 қаңтарда облыс әкімдігі арнайы қаулы шығарып, өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің шекті бағасын бекіткен. 25 қаңтардан бастап заңды күшіне енетін бұл қаулыда қырыққабаттың килосы – 104 теңге, картофель – 140, сәбіз – 148, пияз – 86 теңге, қанттың бағасы – 289 теңге, ал сұйық майдың бір литрі 767 теңге болып белгіленді.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жаңадан бекітілген бағасы алдағы үш айға дейін сақталады. Оған дейін күн сайын арнайы мониторингтік топтар сауда нүктелерін аралап, азық-түліктің қымбаттамауын бақылауға алатын болады.
Қостанай облысы