Осыдан 55 жыл бұрын, яғни 1967 жылдың қаңтарында Болгарияның Кырджали өңірінде Наум Шаламанов есімді нәресте дүниеге келді. Уақыт оза ол өз дәуірінің теңдессіз спортшыларының бірі әрі бірегейіне айналды.
Өзінің алғашқы табыстарына Наум Болгарияның туы астында өнер көрсеткен кездері қол жеткізді. Бірақ тегі түрік болғандықтан, ол үнемі өзінің тарихи отанына оралуды аңсайтын. Содан 1986 жылы Мельбурнде өткен жарыста қонақүйден қашып шығып, бірден Түркияға тартты. Екі дүркін әлем чемпионынан айырылған болгариялықтар Халықаралық ауыр атлетика федерациясына шағымданып, өтемақы ретінде 1 250 000 АҚШ долларын талап етті. Ол кезде бұл өте көп ақша еді. Десек те олардың бұл өтініші қанағаттандырылып, асқан дарын иесі халықаралық аренада Түркияның намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды.
Анадолы еліне келген бетте ол бірден өз есімін Наим Сүлейманоғлы деп өзгертті. Одан кейін-ақ көптеген толағай табысқа қол жеткізді. Өзінің спорттық карьерасында Наим үш дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Атап айтсақ, 1988 жылы Сеул, 1992 жылы Барселона және 1996 жылы Атлантада өткен ғаламдық ойындарда алдына жан салмады. Сөйтіп, оның есімі үш дүркін Олимпия ойындарының жеңімпазы атанған тұңғыш зілтемірші ретінде тарихта қалды. 1985-1995 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында жеті мәрте топ жарды. Бес рет Еуропа біріншілігінде қарсылас шақ келтірмеді. Әлем кубогын үш мәрте ұтып, социалистік бағыттағы мемлекеттердің басын қосқан «Достық» додасында да дара шықты.
Сүлейманоғлы 2000 жылы Сиднейде алауы тұтанған Олимпия ойындарында да бой көрсетті. Бірақ 33 жастағы ардагер ауыр атлеттің жасыл құрлықта бағы жанбады. Содан кейін ол үлкен спорттан қол үзіп, Түркия парламентінің депутаты болды. Басқа да қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Өкінішке қарай, «Кішкентай Геркулес» атанған атақты спортшының өмірі қысқа болды. 2017 жылдың 18 қарашасында Наим бауыр циррозы дертіне ұшырап, фәниден бақиға аттанды. Даңқты ауыр атлет небәрі 50 жыл ғұмыр кешті.
Ауыр атлетика тарихында Сүлейманоғлыдан кейін тағы үш апайтөс Олимпия ойындарында үш рет бас жүлдені олжалады. Олар – түркиялық Халил Мутлу мен қос грекиялық Димас Пиррос және Кахи Кахиашвили. Бірақ әлем чемпионаттарындағы жетістіктері бойынша олардың ешқайсысы біздің кейіпкерімізбен теңесе алмайды. Аталған жарыста Наим жеті мәрте алтын тұғырға көтерілсе, Халил бес және Димас пен Кахи үш реттен сол белесті бағындырды. Сондықтан да осы спорт түрі тарихындағы ең атақты спортшы деп Сүлейманоғлыны атасақ еш қателеспейміз. Сонымен қатар Түркия тарланбозының 46 рет әлем рекордын жаңартқанын да айта кеткен жөн.