...Ғұлама тарихтың тарам-тарам сүрлеуіне көз жүгіртсеңіз, қазақ деген халықтың сонау көнеден бастау алған өмір соқпағы, басынан өткерген небір «тар жол, тайғақ кешулері», замана сарыны тайға таңба басқандай сайрап жатыр. Талай-талай асулардан көктей өтіп, сан-алуан елдерді жүгіндіріп, әлемнің тең жартысын өзіне қаратқан қаһарман елдің атойлаған іздері жатыр. Ақылмен, көрегендікпен, қайсарлықпен болашаққа жол салып дәуірлеген сол кезеңді көшпенділер дәуірі, көшпенділер өркениеті дейді екен. Оны да еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген осы кездері ғана жұтына оқып, санамызға сіңіріп жатырмыз. Тарихшыларымыз, зерттеуші ғалымдарымыз, археологтеріміз талай дүниенің түйінін шешіп, тот басып, көмескіленіп жатқан жәдігер-қазынамызды тауып, шым-шымдап болса да ел ырзығына айналдыруда. Мұның өзі – ғасырлар тұңғиығында қалып, әбден шиеленісіп қалған «орама жіпті» бір-бірлеп тарқатумен бірдей нәрсе.
Сан ғасырлар бойы кең-байтақ Еуразия кеңістігінде өмір кешіп, адамзат тарихында терең із қалдырған, шектеусіз мол тарихи оқиғалардың куәсі болған көшпенділер дәуірін, өркениетін, мәдениеті мен тағылым-танымын бұрмалап, жасырып қоюға немесе астарын кері айналдырып көрсетуге болатын шығар, алайда мұндай байтақ тарихты жойып, мүлдем құрдымға жіберу мүмкін емес. Оған бүгінгі таңдағы өзгерістер мен жаңғырулар куә.
Мұхиттың толассыз аласұрған толқындары іспеттес биікке көтеріліп, арнасынан асып түсіп жер-жаһанды басып кететіні сияқты адамзат өркениеті де қанатын кеңге жайып, бүкіл әлемді құшағына алып, өз ырқына көндіретіні рас. Адамзат тарихында өркениеттің осындай екі толқуы болғанға ұқсайды. Соның біріншісі (ең алғашқы) – Шығыстан Батысқа қарай жайылған көшпенділердің көне өркениеті. Толқынды толқын қуғандай, Қаңлы, Дешті Қыпшақ заманы, Сақ-Үйсін, Оғыздар, Ғұндар дәуірі, Түркілер өркениеті, Шыңғысханның және оның баһадүр ұрпақтарының тегеурінді жорықтары Еуропа құрлығына бірінен соң бірі жетіп, ұлан-ғайыр көлдей жайылды. Жай ғана келген жоқ, бар құндылығын ала барды. Аюдың терісін жамылып, қолына таяқты құрал еткен көне құрылық жұрты мұны жете аңғармаған да шығар. Алайда, шындығы сол, алғаш рет көшпелі жұрт мінген мыңдаған ат тұяғының дүбірін естіді, жаужүрек жұрттың қаһармандығын сезінді. Темірді қамырдай илеп, әрқилы қару-жарақ, құрал-сайман жасайтын, алтын-күмісті өңдеп ғажап әшекейге айналдыра алатын қолы ісмер елді көрді. Батырлықтың, соғыс өнерінің, жекпе-жек ұрысының өзгеше үлгісін көрді. Сонымен қатар адалдықтың, мәрттіктің, даналықтың, сондай-ақ өзгеге ұқсамайтын далалық мәдениеттің, дүниетанымның, жаратылысты сезінудің сан алуан үлгілерін танып-білді. Бұл – шүбә келтірмейтін ақиқат.
Әсіресе адамзаттың өсу тарихында дін атаулының бастауы болған Көк Тәңіріне табыну, жер-жаһанның бір ғана Жаратушысы бар, ол – Көк Тәңірі дейтін наным-ұғымды берік ұстанған көшпенділер сол бір ықылым заманда-ақ бұл ілімнің байыбына терең үңіліп, санасына сіңірген жұрт. Сіңіріп қана қойған жоқ, онысын өзімен бірге ала жүріп, төрткүл дүниеге таныта білген жұрт. Кейіннен көшпенділердің осы сенім-танымынан әртүрлі діни көзқарас бастау алып, осы заманғы дәстүрлі діни ағымдар дүниеге келді.
Бұл жөнінде жиырма жылдан астам уақыт жан-жақты терең зерттеулер жүргізіп, тарихи мәні бар тұжырымдар жасаған түркі әлемін зерттеуші Мурад Аджидің еңбегінен көптеген мәліметтер алуға болады. Сол замандағы Тәңірқұттардың (ең жоғарғы әскери лауазым) байрағында крест (екі түзудің қиылысы) таңбасы болған екен. Ол біздің қазіргі ұғымымыздағы «крест» емес. Оның мәні тым әріде, Тәңір атауымен байланысты. Төрткүл дүниенің түйісуі деген мағына береді. Сол «төрткүл дүниенің жаратушысы бір ғана Тәңір!». «Төрт құбыла, дүниенің төрт бұрышының иесі де Тәңір!» дейтін ұғымды білдіреді.
Талай мыңжылдықты арқалап, талай ғасырды артқа тастаған көшпенділердің осы таным-түйсігі уақыт елегінен өтіп, заманына қарай көп өзгерістерге ұшырады. Кейіннен христиандар бұл таңбаның астыңғы жағын ұзартып жіберіп, Иисус Христосты шегелеп тастаған дар ағашына айналдырып алды. Бүгінде ол – бүкіл христиан әлемінің киелі таңбасы. Ал бар әлемді табанға салып бас игіземін деген Гитлер болса, Тәңір таңбасының төрт ұшын иіп (майыстырып) жіберіп, өз партиясының символына (свастика) айналдырды. Бұл таңба фашистердің свастикасын ғана емес, ұлтшыл-көсемдердің (Гитлер, Гиммлер, Генрих, Геббелс деген сияқты) атын да білдіреді. Сөйтіп, сонау көне дәуірде көшпенділер көкке көтерген, 5000 жылдық тарихы бар «тәңір таңбасының» мәні де, сипаты да өзгеріп жүре берді.
Уақытта шектеу қайсы. Сол сияқты өзгермейтін дүние жоқ. Талай мыңжылдықтар сырғып өте шықты. Ендігі жерде адамзат өркениетінің толқыны керісінше Батыстан Шығысқа қарай бет алды. Бір заманда көшпенділер апарған көне өркениеттің түпнегізін жойып, бояуын өзгерткен, оның ең озық үлгілерін, ерекше қасиеттерін бойына сіңірген өзгеше сипаттағы өркениетті алып келді. Бұл да – талай ғасырларды өткерген, талай зұлматтарды бастан кешірген, озық үлгісі де, қайғы-қасіреті де жетерлік адамзаттың даму жолы. Біз, дала халқы, кешегі көшпенділер бүгінгі таңда сол өркениеттің ықпалында өмір сүріп жатырмыз. Түйіндеп айтсақ, қазіргі таңда Батыстың өркениеті үстемдік құрып тұр.
Талай ғасырлар зымырап өтер әлі. Адамзаттың басына төнген қауіп-қатерлер уақыт өткен сайын көбеймесе азая қойған жоқ. Экологиялық апат, табиғи апат, жердің дүмпуі, топан судың қаптауы, жер бетінің өртке орануы сияқты адамның ырқына көне бермейтін алапат күштердің тақалып қалғанын айтып ғалымдар зар илейді. Тіпті сырттан келетін қауіп-қатердің де көп екенін айтады. Жұмыр жерді бетке алып зымырап келе жатқан небір аспан денелері, метеориттер, қаптаған зіл тастар. Тіпті жұмыр жердің де, онда мекен етіп жатқан адамзаттың, бүкіл тіршілік атаулының ендігі тағдыры өз қолында емес екен. Оның болу-болмауы өзге бір планетада тұратын беймәлім өркениеттің қолында дегенді де айтып зәре-құтыңды алады. Ғалымдардың сөзіне сенсең, бізді (адамзатты) осындай алапат күштерден сақтандырып, аман алып қалып жүрген көзге көрінбейтін «қорғаушымыз» да бар екен. Қойшы әйтеуір, ғылымның өрісі кеңіп, адамзаттың білім-түйсігі, ой-санасы тереңдеген сайын әлгіндей сәуегей сөздер бүгінде көптеп айтылады. Бұған не деп дау айтасыз? Мұның түйінін сонау ықылым заманда-ақ: «Бәрі де бір Тәңірдің, бәрі де бір Жаратқанның қолында» деп ата-бабаларымыз айтып кеткен жоқ па?..
Адамзатқа сырттан келетін толып жатқан қауіп-қатерлерді былай ысырып қойып, бүгінгі таңда болып жатқан адамдар тірлігіне көз тоқтатып көрелікші. Толассыз соғыстар, қасақана жасалған жарылыстар, адам қырғыны, террор, күшті елдердің әлсізге көрсетіп жатқан зорлық-зомбылықтары, қысым көріп, ел-жұртын тастап шуаған босқындар, аш-жалаңаш қалған бала-шаға, қарттар, әйелдер. Айта берсең мұның шегі жоқ. Адамзат өркениеті үшін ең қауіпті зұлмат, міне, осылар. Бұларды ешкім сырттан келіп жасап жатқан жоқ, жер басып жүрген адамдардың өздері өз қолымен, ең қауіптісі саналы түрде жүзеге асырып жатқан іс-әрекеттер.
Бұған айғақ іздеп алысқа барудың еш қажеті жоқ. Бір ғана араб елдерінің бастан кешіріп жатқан тірлігі бұған дәлел. Мыңжылдықтар өтінде қалыптастырып, өзінің дара өркениетін дүниеге әкелген араб әлемі бүгінгі күні күйреудің аз алдында тұр. Бұған көп жағдайда өздері кінәлі. Араб еліне табиғат берген ұлан-ғайыр мол ырзығы мұнай ғой. Содан түсетін миллиардтаған ақшаның соңына құныға түсіп, айналып келгенде соның «құлына» айналды. Ұрпақ тәрбиесі, ұлттық таным-түйсіну, білім беру кенжелеп қалды. Тіршілік тізгінін өзгенің қолына беріп қойды. Кештеп барып ес жинаған кезде халықтың ғасырлап қалыптасқан рухани мұрасының көмескіленіп, табиғи байлығының талан-таражға түскенін, тарихи құндылықтардың біразынан айырылғанын бір-ақ білді.
Сонау көне Мысыр, фараондар заманынан бері келе жатқан көне өркениеттің жібі сөгіліп, ыдырай бастады.Тұтас бір әлемнің, тіпті бүкіл адамзаттың арқауы, асыл діңгегі болған исламдық танымның өзіне сызат түсіп, әрқилы өзгеріске ұшырап, байырғы құндылығынан айырылғандай көрінеді. Бірін-бірі мойындағысы келмейтін, бірін-бірі жоққа шығарып қаралайтын, қарама-қарсы зиянды көзқарастар, діни идеялар ағымы пайда болды. Бұған қыбын тауып сыналай кірген сыртқы күштердің де ықпалы болмай қалған жоқ. Сөйтіп, дүние жүзінің бір бөлігін тұтастай алып жатқан араб әлемінің іргесі шайқала бастады. Бәрінен де қауіптісі, халқы миллиондап саналатын, ең озық, ең бай дейтін Иран, Ирак, Араб Әмірліктері, Сирия, Кувейт, басқа да толып жатқан араб елдері бір-біріне қолұшын беруден қалды. Ынтымақ, бірліктен айырылды. Әр ел өз қамын ғана шиырлап, шексіз баюды, өз аумағында өктемдік етуді ғана мақсат тұтты. Мұндай сәтте аңдысын аңдып жатқан әзәзіл күштер қарап жата ма? «Бөріні бөрікпен ұрып алғандай» шалт қимылдап, естерін жиғызбай, әр елдің шаңырағының астан-кестеңін шығарды. Бұған айтар желеу де, сылтау да толып жатыр. Ақиқаты сол «әр заманда да күштілер алдында әлсіздер кінәлі» болмақ.
Ал алауыздық жайлаған, береке-бірліктен айырылған елдің қандай күйге ұшырайтынын айтып жатудың өзі артық. Ата-бабамыз сонау ықлым заманда-ақ «Бірлік түбі – тірлік! Бірлігі бар ел озады, бірліксіз ел – тозады!» дегенді санамызға сіңіріп кеткен жоқ па?!. Көнекөз бабалардың мұндағы айтпағы байлығы шалқыған көл-көсір елдерді немесе осы күнгі төбесіне бұлт үйірілген зәулім үйлерді емес, қай дәуірде болмасын ел бірлігінің, өзара ынтымақтың, болашақ ұрпаққа рухани тәрбие берудің қаншалықты маңызды екендігін меңзеп отыр.
Біз бұл жерде әлдекімді жазғырып, әлдебіреудің осалдығын, кемістігін айтуды көздеп отырған жоқпыз. Мұндай жағдайды мыңжылдық тарихы бар көшпенділер де, сол ұлыстың бүгінгі мұрагері Қазақ елі де молынан көріп, бастан кешірген. Ынтымақтан айырылып, басынан бақ тайған, дүние қуып, көпірме сөздің жетегінде кеткен елдің бар ырзығы, жер-суы, өзен-көлі «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кететінін кешегі Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк бабаларымыздың тасқа «қашап» жаздырып кеткен аманатынан да көруге болады. (М.Жолдасбеков. «Асыл арналар», «Жазушы» баспасы, 1990 жыл, 46-48-беттер.)
«...Төрт бұрыштың
бәрі дұшпан екен,
Сарбаздарымен аттанып,
Төрт бұрыштағы халықты,
Көп алған, бәрін бейбіт еткен.
Бастыны еңкейткен,
Тізеліні бүктірген.... Түркі елі,
Бектерінің,
халқының ымырасыздығынан,
Табғаш (қытай) елінің
тепкісіне көнгендігінен,
Арбауына жүргендігінен,
Інілі-ағалының дауласқандығынан,
Бекті халқының жауласқандығынан,
Түркі халқы елдігін жойды...
Түркі халқы, өкін!
Біресе ілгері шаптың,
Біресе кері шаптың.
Барған жерде не пайда таптың?
Қаның судай құйылды,
Сүйегің таудай үйілді,
Бек ұлдарың құл болды,
Пәк қыздарың күң болды...».
Сонау VІ - VІІІ ғасырлар аралығында өмір сүріп, батырлықтың, елдіктің ғажап үлгісін көрсеткен, көк түріктер атанған бабалардың көзіндей бұл шежіре сөздерді тек аманат қана емес, болашақ ұрпақтың санасында мәңгі жүретіндей, жүрегінде мәңгі ұялап қалатындай қасиетті ұғым деп қабылдау қажет.
Егемен ел атанып іргемізді бүтіндеп, жоғымызды түгендеп, барша әлемге қазақ деген жұрттың бар екенін әйгілеп, «атой салып» жатқанымызға да отыз жыл болыпты. Тарих тағылымы үшін бұл қас-қағым сәт қана. Тәуелсіз ел атану бір басқа, ал сол тәуелсіздікті сақтап қалу, ата-бабаларымыз үлгі етіп қалдырған біртұтас мызғымас мемлекет қалыптастыру бір басқа. Бүгінгі таңда өрелі ұл-қыздарымыз осындай абыройлы істің бас-қасында жүріп, бар күш-жігерін сала еңбек етіп жатқаны жасырын емес. Алайда байырғы көшенділердің, кешегі көне түркілердің көзіндей, сарқытындай саналатын қазақ жұртының бүгінгі тірлігіне, жасампаз жетістіктеріне, дауылпаз өрлігіне қырын қарайтын мысықтілеу күштердің да бар екенін естен шығармау керек. Мұндайда қасиетті бабаларымыздың «Жау қайда деме – жар астында, бөрі қайда деме – бөрік астында» дейтін даналық сөздері еске түседі.
Расында, әлемнің тең жартысын алып жатқан көшпенділердің құс қанаты талатындай, ең ұшқыр деген тұлпардың өзі тұяғы кетіліп әрең жететіндей ұлан-ғайыр жер аумағын түгелдей иемденбесе де, соның бір «пұшпағына» ие болып қалған Қазақ елі – бақытты ел. Оның өзі де жерінің аумағы жағынан әлемде 9-шы орында тұр. Кең-байтақ жерінің асты да, үсті де қазынаға толы. Таулары асқақ, даласы кең-байтақ, өзен-көлдері шалқып жатыр. Мұндай елге кім қызықпайды, кім сұқтанбайды?
Бүгінгі таңда бүкіл адамзаттың тізгінін қолдарына «түсірген» әккі елдер, барын-жанын салып әлемді билеудің небір сұрқия әдістерін, алдау-арбаудың небір қитұрқы жолдарын тауып, жанталасып жатқаны еш жасырын емес. Олар бұл ретте бір елді бір елге айдап салу, арандатуды былай қойғанда, көпе-көрнеу соғыс ашу тәсілінен де бас тартпайды. Өз мақсатына жету үшін айла-шарғының барлық түрін пайдалануда. Ал оның жолдары, қасақана жасалатын тәсілдері сан алуан. Мән-мағынасы жоқ әсіреқызыл бояуға толы телешоулар, музыкалық көрсетілімдер, интернет арқылы адам санасын улап жатқан миллиондаған жасанды мағлұматтар, тәнін жалаңаштап тастап, ойына келгенін істейтін кинотуындылар, адамдарды ой-сананың иесі емес, жыртқыш аң ретінде дәріптеу сияқты іс-әрекеттер – қазіргі дәуірдің ащы шындығы. Компьютерге телміріп, интернетке байланған бүгінгі ұрпақ осыларды көзбен көріп, бар тәрбиені содан алып жатыр. Жаһандану үрдісі болса елдің апшысын қуырып күннен-күнге күш алып барады. Аз уақыттың ішінде талай елді тізе бүктіріп, шаңырағын шайқалтып жіберді. Бұл үрдіс біздің басымыздан сипайды дейсіз бе?!.
Немере-шөберелеріміз мультфильм кейіпкерінің тілімен сөйлеп жатса, жастарымыз тәнін ашып, түр-әлпетін өзгертіп, анайылыққа, дөрекілікке ыңғай танытып жатса, кімнен көресің? Ғасырлар бойына қалыптасқан ұлттық қасиеттен, салт-дәстүрден, ерекшеліктен қас-қағым сәтте айырылу деген осы болады. Бұған қарсы бүкіл ел болып қарекет жасаудың орнына, арқаны кеңге салып, «бізге келіп тұрған қауіп жоқ» дейтін көпірме сөздер, бейғам, шалымы жоқ көзқарастар ертеңгі күні орға жықпасына кім кепіл.
Әлгінде сөз еткендей Батыстан Шығысқа қарай жол тартып, біздің заманға қол созған адамзаттың батыстық өркениетінің ұлан-ғайыр жетістігімен қоса, осындай «қауіпті» жағы да бар екенін ұмытпаған жөн. Оның басты мақсаты жас ұрпақты рухсыздандыру, өзінің түп-тамырынан үзіп әкету болмақ. Ал өскелең ұрпағынан айырылған елдің көпке бармайтыны бесенеден белгілі. Мұның өзі, әсіресе, ұлттық рухтан, өзара береке-бірліктен айырылған елдер үшін аса қауіпті.
Сондай идеологиялық «шабуылдардың» бір түріне ұлттық әдет-ғұрыпты, адамдардың ойлау, сөйлеу мәнерін, тіпті күнделікті киетін киіміне дейін өзгерту, өзге стандартқа көшіру де жатады. Бұл тұрғыдан да батыстық идеология біраз нәтижеге қол жеткізді. Олай дейтініміз, өзінің ұлттық қасиеттеріне, діліне аса берік, етек-жеңін қымтап жүретін, ең сыпайы дейтін Пәкістан, Үнді, Индонезия секілді елдердің де жастары осы ықпалға түсіп, шаштарын күзеп, тәндерін жалаңаштай бастады. Онысын алысқа бармай-ақ, сол елдердің өздері шығарып жатқан бүгінгі кинотуындыларынан да көруге болады.
Тым «асанқайғыға» салынып, құрғақ сөз қуып, көлгірсіп кеткендей болмайық. Мұның бәрі – көзі ашық, санасында сәулесі бар кез келген адамға белгілі жай. Біздің айтпағымыз, осындай қитұрқы, әзәзіл заманда өмір сүре отырып, ұрпағымыздан көз жазып қалмайық, елдігімізден, салт-дәстүр, тілімізден айырылып, баяғы мүсәпір күйге қайта түсіп жүрмейік дейтін ақ тілеу, ізгі ниет қана.
«Бір ниетте, бір тілде халқым
бірдей болсайшы,
Артығы жоқ, кемі жоқ
салтым бірдей болсайшы»,
деп атақты Кенен ақын армандап өткендей, ендігі жерде ешкімге тәуелсіз, рухы асқақ, түйсік-танымы биік, ешкімнің алдау-арбауына көнбейтін бақуатты, біртұтас ел құру әр қазақтың көкейкесті мұратына айналуға тиіс. Осындай жасампаз елдің болашағы, алтын діңгегі өскелең ұрпақ екені ақиқат. Ал сол ұрпақтың білімді, ұлтжанды, парасатты болып өсуіне, туған жерін, отанын көзінің қарашығындай қорғайтындай жаужүрек, патриот болып қалыптасуына қоғам, бүкіл ел-жұрт болып атсалысу – кезек күттірмейтін аса маңызды міндет.
Бақытжан КЕНЕНҰЛЫ,
журналист