• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Ақпан, 2022

Билік пен байлық

4062 рет
көрсетілді

– Қазіргі байлардың бұрынғы байлардан айырмашылығы неде?– Бұрынғы байлар рулы бір елді асырайтын, бағатын, жыртығы болса – жамайтын. Қазіргі байлар «өзім, өзім» деп тек өз басының байығанын ойлайды, басқаны сезінбейді.(Автобустағы екеудің әңгімесінен)

Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» атты қор құруды ұсынып, табысы қомақты ком­паниялар мен бизнесте жүрген байшыкеш-олигархтарды халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға, ден­саулық және білім салаларын жетіл­ді­руге үлестерін қосуға шақырды. Өйткені ұлттық табыстың рахатын 162 адам ғана көріп, басқалардың айлық табысы 50 мың теңгеден аспай, күн көрудің қиындықтарына душар болып отырғанын ашық атап өтті. Жаңадан ашылған «Қазақстан хал­қына» қорының алғашқы қадамы жаман емес, қорға бірнеше күн ішінде қомақты қаржы жиналыпты. Алдағы кезде де бұл игілікті іс қолдауын таба бермек. Ертелі-кеш елімізде таза, ашық, әділдік орнай­тынына көпшілік сенеді.

Байлық та, билік те ауытқымалы екенін ескерсек, қазіргі ел тұтқасын ұстап отырған шенеуніктердің өз олжасын туған халқымен бөліспеуі – ең үлкен кешірілмейтін қасірет. Мұның бәрі ашкөздіктен және тәрбиеден кеткен қателік. Оны жақында болған «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан байқап отырмыз.

Мемлекеттік қызметке дәнігіп, аяқ астын­дағыны көрмей, шалқақтап, қа­ра­пайым халықты менсінбей, ба­рынша араны ашылып, қорқау қас­қырдай ашкөз, «түйені түгімен жұ­тып», халықты сүліктей сорып жүре беретін тойымсыз, қанағатсыз жан­дарға «Қызметіңе адал бол!», «Қа­нағатшыл бол!», «Елден үлкен емес­сің!», «Арыңды таза ұста!», «Абырой-атақ шын еңбекпен келсін!» деп ұдайы еске салып тұрғанымыз да жөн болар еді. Ойланайықшы, бақыт байлықта ма?

Философ-ғалым Амангелді Айта­лы­ның айтуынша, бес ғасыр бұрын испандар отарлап, халық санағын жүргізгенде, канадалық үндістердің саны 14 миллионнан асқан. Қайсыбір жылы халық са­нын қайта есептегенде, соншама жер­гілікті ұлт өкілдерінің 800 мыңы ғана қалыпты. Солардың ішіндегі бір миллиардер кəсіпкерден «Сіз байсыз. Байлық – бақыт па?» деп сұрағанда, ол: «Жоқ, байлық бақыт емес. Ғұмыр бойы жинаған бар байлығымды елімнің бір күндік тəуелсіздігіне айырбастар едім!» деп жауап берген. Бұл – елінің, халқының бостандығын, тәуелсіздігін аңсаған жан­ның арманы, патриоттық сезімі деп ұққан дұрыс.

2017 жылы миллиардерлер арасында ең ұзақ жасаған, әлемге аты белгілі америкалық Дэвид Рокфеллер 101 жасында, соңғы жүрек алмастыру операциясынан кейін ұйықтап жатып, дүниеден озды. Айтушылар, ол соншама байлық иесі бола жүріп, көпшілікке көмек қолұшын беріп, жәрдемдесуді еш ұмытпаған екен. Атап айтсақ, оның қаржысы Рокфеллер атындағы медицина институты, Чикаго институты, Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымның штаб-пәтері, қатерлі ісік ауруларын емдейтін ең ірі онкогоспиталы, бірнеше Қарттар үйінің құрылысына және де басқа игілікті іс-шараларға жұмсалыпты. Гуманитарлық және қар­жы факультеттерінің білімгерлерін қол­дау мақсатында жыл сайын орта есеппен 100 миллион доллар көле­мінде демеушілік жасап келген. Ата­сы­ның бастаған дәстүрі бойынша ағайын-туыстарына жылына 8-10 мың доллар қаржы бөліп отырған. Олардың саны 10-20 емес, жүзден асып жығылған екен.

«Я уверен, что материальные вещи могут сделать жизнь приятнее. Но если у вас нет друзей или родственников, жизнь будет пустой и печальной, несмотря на всё материальное», деген Дэвид Рокфеллердің пікірімен келіспеуге болмас, сірә. 

Әрине, қазіргі жастар арман­да­ған­дай, бай болған, қиыншылық көр­меу жақсы да шығар. Өйткені ақша материалдық игілік қана емес, ол өмір­дің қуаты, өзегі, тірегі. Қалтаңда ақшаң болмаса, азығың да жоқ. Азық болмағаннан кейін күш-қуатың да, күйің де жоқ. Қандай ақылды, парасатты бола тұрып кедей болсаң, саған ешкім пысқырып қарамайды, есеп­тес­пейді, сыйламайды, тіпті бұры­лып сәлем де бермейді.

Қазір ақшаның беделі өсіп, әлгі халық аузындағы «аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» болып тұрған дүрбелең дәурен ғой. Жеке адамның беделі мен мәртебесі байлығымен, тіпті құрметі қалтасындағы ақшасымен өлшенетін, түйсігі мол, саналы кісінің түсінуіне қиын алмағайып кезең болып тұр. Несін жасырамыз, бұл күндері ағайын-туыстардың арасындағы қа­рым-қатынас, дос-замандастар ара­сындағы сыйластық ақшаңа байла­ныс­ты. Қазіргі «жаңа қазақтар» «бай – байға, сай сайға, құяды» деген прин­циппен өзі тәрізді қалталы байлар­мен ғана араласады, сыйласады, сырласады.

Адал нәсіп – адал еңбекте. Еңбек бол­маса экономикалық ахуал, әлеу­меттік жағдай жақсарады деу қиын. Еңбектің құдіретін ұқпайтын жастар өсіп келеді. Біздің елде осы мәселе бүрке­меленіп, көлеңкеде қалып бара жатқанын мойындағанымыз жөн. Қай өңірді алмаңыз, жұмыс іздеп, сарылып жүрген жандарды кездестіресіз. Алысқа бармай-ақ мысалға, Тараз қаласын алайық. Кеңес заманында бұл шаһарда көптеген кәсіпорын қызмет етіп тұрды. Оның әрқайсысында бірнеше жүздеген, кейбірінде бірнеше мыңдаған жұмысшы-қызметші ең­бек етті. Қазір солардың арасынан бар болғаны «Қазфосфат» бір­лес­тігі ғана «тірі». Басқаларының барлығы «жұмғанның жұдырығында, тіс­те­ген­нің аузында» кетті. Тіптен жо­йылып, тып-типыл болғандары да аз емес. Қала тұрғындарының бі­ра­зы нәпақа­сын табу үшін қыр асып, Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау қала­ла­ры мен бас­қа облыстарға вах­талық еңбекке «же­гілді», тіпті біреу­ле­рі Ресей, Корея, Германия, АҚШ сынды шетел­дерге кетті. Олар кімдер? Әрине, жоғары білімді, қол­да­рынан іс келетін, түйсігі мол, саналы азаматтар.

Ауыл тұрғындарының тіршілігі де мәз емес, жастар туған ауылын, атамекенін тастап, қалаға үдере көшті. Тоз-тоз болып, бір кезде гүлденіп тұрғандар ауыл тіптен жоқ болып кет­кенін кім есептеп жатыр. Сөйтіп ха­лықтың тұрмыс-тіршілігі күрт нашарлады, отбасылар күйзеліске түс­ті. Шетелдермен салыстыра отырып, билік басындағылар «біздің қоғам әлемде болып жатқан үрдіс – урба­ни­зацияға бет алды» деп мәз-мейрам болып жүр. Бұл дегенің біздің елге, халыққа кері әсер етіп жатқанын, ауыл тіршілігін ертең құрдымға апаратынын олар ұғар ма екен? Қалаға барған қазақты қай көкесі құшақ жа­йып қарсы алады? Қалада «жұмыссыз қазақ» атанып, кедейлердің санын көбейткеннен не ұтамыз? «Қазақстан – кең-байтақ. Жерінің асты да, үсті де бай», деп кеуде соқ­қанмен, елімізде неге жұмыссыздық жайлап барады? 

Санаңа салмақ салып кейде күйіне­сің. Біз сонша неге сорлы болып барамыз? Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Малайзия мен Сингапур халқы еңбектің арқасында жетістіктерге қол жеткізіп жатыр...

Иә, ел-жұрт болып ойланатын дүние көп... Еңбек қағидасын өмірімізге енбізбесек, еңбекқорлықты жастардың бойына сіңірмесек келешегімізден үміт күту бос әурешілік. Адам арын сатып, ұрлық-қарлықтан емес, таза еңбектен бақыт табуы керек. Бұл дүние дегеннің бәрі еңбекке байланысты екенін ұққанымыз жөн.

Қазіргі қоғам тым күрделеніп кетті. Адам­дардың пиғылы өзгеріске ұшы­рауда. Еліміздің теледидарына құлақ ассаңыз, қаржыдан қиналған қаншама дімкәс жас балалар тиісті ем ала алмай көпшілікке қол жаяды? Қаншама көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, жекебасты қарттар баспанасыз халдері мүш­кіл жайда қиналып, шырғалаңнан шы­ғу­дың жолын іздеп, қабырғалары қа­йы­сып, тағдырларына налып, «қан жұтып» күйзеліп жүр?

Бар жиған-терген қаржыларын шетелдік банктерде мұртын бұзбай сақтап отырғандар да бар. Демеушілік деген істі олар ұға бермейді, тіпті өздерінен қызғанады, баюдың үстіне байи берсем деген ойдан, пиғылдан шыға алмай жүр.

Иә, гәп, сол байлық қандай жолмен келді? Ой таразысына бір сәт болса да салып көрелікші. Әлгі байлық таза еңбекпен, маңдай термен келіп жатса жақсы ғой. Ірі қызметте отырып, қазына қаржысын қымқырып, бірінен соң бірі сотталып жатқан ашкөз шенеу­ніктер өздерін бақыттымын дей ме екен? Біреуді арбап-алдаумен, үркітіп-қорқытумен келген ақша абырой бере ме? Бүгін «бақыттымын», «баймын» деп май шайқап жүргенде ертең аяқ астынан сүрініп, заң алдында жауапқа тартылып, абақтыға тоғытылып, бір сәтте-ақ жинап-терген дүниесі желге ұшуы әбден мүмкін емес пе? Ондай оқиғаларды мына дүрбелеңге толы сайқымазақ өмірден көріп те жүрміз ғой.

Рас, естіп жатамыз, туған ауылына қолұшын беріп, тас жол тарт­қызып, ауыз­су өткізіп, көпір мен мешіт салғызып, балалар үшін спорт алаңдарын ашып жатқан жомарт жандар да бар. Бұл – еліміздегі «Туған жерге тағзым» бағдарламасын қолдап жасалып жат­қан игі іс-шаралар. Соңғы жылдары Жамбыл облысында баспанасыз жүр­ген көпбалалы отбасына, жағдайы жоқ қарттарға асарлап үй салу үрдісі кең етек жайып келеді. Көпшіліктің бір-біріне деген қамқорлығы, жәрдемі әлі де көбейе түссе деп ой қаузайсың. Мысалы, Олимпиада чемпионы, мар­құм Жақсылық Үшкемпіров кеу­де­сіне «Алтын жұлдыз» тағылып, Қазақ­стан­ның Еңбек Ері атанған сәтте мін­бер­ден толғана: «Әрбір кәсіпкер бір-бір ауылды қамқорлыққа алып, оны қалпына келтіруге, өсіп-өр­кен­деуіне үлес қосайық», дегені көп­тің есінде.

Шүкір, кембағаларға, көпбалалы отбасылары мен жетімдерге қолұшын беріп жүрген қалталы азаматтар әр өңірде баршылық. Олардың халыққа берген көмегі, жомарттығы жайлы газет-журналдар мен теледидарлар көп­ші­лікке хабардар етіп жатады. Әлгі жомарт жандардың игілікті іс­те­рін естіп, жүрегің әжептәуір жылып қалады. Қолыңнан келіп тұрса, мүмкіндігің болып тұрса, өзгелерге жақсылық жасаудан артық іс бар ма?

Десек те, қысты күні қар сұрасаң, қиып бере алмайтын шығайбайлар да көп­шіліктің ортасында аз емес. Тыраш­танып, дүние қуып, адамшылықтан алшақтап жүргендерді кездестірген сәтте жағаңды ұстап, түңілесің. Жиған-тергенін тіпті өзіне жұмсауға қимай­тындарды кім дер едіңіз? Құдай­дың берген жер асты байлығын өзінің же­ке­меншігіне айналдырып, оны күні-түні сүліктей сорып, бар тапқан қар­жысын шетелдік банктерге, офшор­лы аймақтарға аударып, жергілікті ха­­лықтың аузынан миллиондарды, мил­­­лиардтарды жырып алып, ба­йып жатқан шенділерді халық білмей, көр­мей отыр ма?

Байлық та, билік те адамға керек шығар. Бірақ олардың артатын жауапкершілік жүгінің ауыр екенін есте ұстап, халыққа түскен ауырт­па­­лықты бірге бөлісіп, елге емірене қыз­мет атқарып, арымыздың таза бол­ғаны орынды емес пе?!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы,

профессор

 

ТАРАЗ