Шекаралық аудандарды дамытуға былтыр 43 млрд теңге қаржы жұмсалғанымен, шарапатын көрген жоқпыз деседі тұрғындар. Халықтың пікірінше, Катонқарағай, Тарбағатай, Марқакөл, Мақаншы жеке аудан болып бөлінбейінше, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқаты түзелмейді.
Жуырда марқакөлдік тұрғындар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа шекара шебін шегендеу үшін Марқакөл аудан болып қайта құрылуы керек деп үндеу жасады. Талап-тілектері Ақордаға жетіп, Президент назар аударса деседі. Айта кетсек, Президент Үкіметке шекаралық аймақтарды дамытудың кешенді бағдарламасын жасау туралы тапсырма берген-тұғын.
Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев Катонқарағай өзінше жеке аудан болуы керектігін алға тартып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазды. Тарбағатайлықтар да Ақжар мен Ақсуат екі аудан болуы керек деп есептейді.
Марқакөлдіктер өгей баланың күйін кешіп отыр
Марқакөл – Қытаймен шекараласып жатқан өңір. Күршім ауданына 1997 жылы қосылған. Содан бері көл маңындағы ауылдардың халқы сиреп барады. Қаңырап, бос қалған үйлер көп. Марқакөлдіктер үшін облыс орталығын қойып, аудан орталығы – Күршімге жету мұң. Рас, проблемалары шаш етектен. Айтылмай жатқан жоқ. Бұл жолы амалы қалмаған тұрғындар Президентке бейнеүндеу жолдады. Түсірілген видеоны әлеуметтік желіге жариялады.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырамыз деген бастамаңызға үміт арта отырып, Марқакөл өңірін қайта қалпына келтіруді ұсынамыз. 1997 жылы аудан тарағаннан кейін шаруашылықтар тоқтады, кәсіпкерлік әлсіреді. Аудандық ауруханамыз да жабылып тынды. Үкіметтен үміт үзген ел орталыққа үдере көшті. Бүгін Марқакөл өңірінде аудан халқының үштен бір бөлігі ғана қалды», дейді тұрғындар.
Шекара шебіндегі ауылдардан табан аудармай тұрып жатқан елдің айтуынша, өңірде игерілмеген жер, бос қалған үйлер, қаңырап қалған мектеп пен балабақша көп. Қылаяғы іргесіндегі Зайсаннан шығатын газға қолдары жетпей отырғандарына қынжылады. Байлықтың үстінде отырып, қыстай бағасы удай көмір жағады. Ал Марқакөлдің қысы алты-жеті айға созылады.
«Марқакөлдіктер өз елінде өз қазынасына қолы жетпей, өгей баланың күйін кешіп отыр. Көп мәселенің жалғыз шешімі – Марқакөл ауданын қайта қалпына келтіру деп білеміз. Қазір көршілес жатқан Қытай елінің түнгі шамдары жарқырап, шекараның арғы жағында елді мекендер саңырауқұлақтай өсіп жатса, біз жақтағы үйлердің шамы жылдан-жылға кеміп барады. «Бос жатқан жер жау шақырады» демекші, шекаралық аудандарды бос қалдыру қандай саясат екеніне халықтың миы әлі жетпей жүр. Ендігі біздің мақсат – азаматтарды көшірмей, жаққан оттарын өшірмей, ауданды қалпына келтіру», дейді Марқакөлдің тұрғындары бейнеүндеулерінде.
Облыстан шекаралық аудандарға мүлдем көңіл бөлінбеді деуге болмайды, әрине. Шекаралық аудандарды дамытудың 2024 жылға дейін арнайы бағдарламасы бар. Өткен жылдың өзінде ғана жобаларды жүзеге асыруға 43,6 млрд теңге жұмсалды. Облыстық Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, шекарадағы бес ауданды дамыту үшін бес жыл ішінде 231,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция жұмылдыру жоспарланған екен. Алайда тұрғындар бөлініп жатқан қаржының шарапатын көріп отырған жоқпыз деседі.
– Қаржы бөлінбей жатқан жоқ. Бірақ тұрғындардың қажеттілігіне жұмсалмайды. Мәселен, Боран ауылына 670 млн теңге қаржы бөлініп су тартылды. Өкініштісі сол, істің басы бар, аяғы жоқ. Қазір ауылда бірде-бір үй су алып отырған жоқ орталықтан. Шынын айтқанда, ауылдықтар ауыз суға зәру де емес еді. Менің ойымша, сол қаржыны медицинаға бөлу керек болған. Олай дейтінім, тіркеудегі мүгедектердің бірі де тегін дәрі алмайды. Мысалы, Игілік ауылындағы медпункттің аты ғана бар, – дейді Боран ауылының тумасы Алмат Хасенов.
Иә, айтқандай облыс әкімдігі бюджеттен қаржы бөлмес бұрын ауыл, аудан тұрғындарымен кеңесіп, қажеттіліктерін ескерсе, бөлінген қаржы мақсатты жұмсалып, ел игілігіне жарар ма еді?!
Аудандарда атқарылған жұмыс аз емес. Алайда...
Шекара шебінде жатқан бес ауданды дамыту үшін бюджеттен қаржы қарастырылған, жоспар бекітілген. Шығыс Қазақстан облыстық Ақпараттық орталық жолдаған мәліметтерге сүйенер болсақ, былтыр Күршім ауданында агроөнеркәсіп кешенінің 35 жобасы бойынша несие беріліп, оған 374 ірі қара мен 221 жылқы сатылып алынды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 57 техникаға қол жеткізген. Атап айтсақ, Марқакөл ауылындағы «Нұралы» шаруа қожалығында сүт өңдеу цехы ашылып, «Саят» шаруа қожалығында тауарлы сүт фермасының құрылысы аяқталыпты.
Ал Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында дүкен мен базар салынған. Көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 25 екі пәтерлі үй пайдалануға берілді. Ақсуат ауылында сумен жабдықтау желілері тартылды. Бірқатар ауылда көше жарықтандырылған. Қызылкесік, Маңырақ, Көкжыра, Ойшілік ауылдарының көшелері абаттандырылып, тротуар төселді.
Зайсан ауданында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде ірі қара мал өсіру, нан-тоқаш өнімдерін өндіретін бизнес-жобалар іске асты. Үш сауда нысаны пайдалануға берілді. Аудан орталығында 60 пәтерлі үй салынды. Бес ауылда суды тазарту үшін блокты-модульді стансалар орнатылды. Айнабұлақ, Дайыр және Қарабұлақ ауылдарында көшелерге жарық тартылыпты.
Катонқарағай ауданында туризм саласы бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Өрел ауылында демалыс базалары, Берел ауылында дәмхана, Үлкен Нарын ауылында жанармай құю стансасы салынды.
Туризмі дөңгелеп тұрған Үржар ауданында да бірқатар істің басы қайырылды. Алакөлдің жағалауында медицина және полиция пункттері салынды. Үржар ауылында балалар ойын орталығын ұйымдастыру үшін, Ақжар ауылында жартылай фабрикаттар өндіру үшін 12,5 млн теңгеге төрт грант берілді.
Алайда бұл жұмыстар аудан халқын тұрақтандыруға сеп бола ала ма? Уақыттың сұрағы. Мейлі, көшеге жарық тарт, су құбырын жүргіз, би билеп, ән салатын субұрқақ орнат, екі қолға бір күрек табылмаса, халық тұрақтай ма?! Емхананы қойып, дәріхана жоқ болса, халық тұрақтай ма?! Айта берсек, мәселе көп. Жазушы Әлібек Қаңтарбаев айтпақшы, ауызды құр шөппен сүртіп келе жатқан жоқпыз ба?!
«Катонқарағай өңірі – Жаратқанның жер бетіне алқалай салған үлкен сыйы. Егер де осы өңір басқа бір өркениетті елдің меншігі болса, олар оны әлемге әйгілі туристік орталыққа айналдырып, миллиондаған доллар сауып отырар еді. Біздердікі құр тамсаныс: «Катон – жер жәннаты, ғажап табиғат, керемет көркемдік!» дегеннен аса алмай аузымызды құр шөппен сүртумен келеміз. Егер Катоқарағайға өз статусы қайтарылып, ертеңгі күні шын мәнінде туризм орталығына айналса, бүгінде одан көшіп кеткен Алтай жұртының көпшілігі өздерінің кіші отандарына оралар еді. Ал мәселе дәл осы кері кеткен түрінде қалар болса, өзіміз мақтан тұтып жүрген Катонқарағай енді бір 5-10 жылдың көлемінде медиен жайлауға айналып, ертеректен көздерінің құрты түсіп отырған Ресей мен Қытайдың меншігіне айналып кетуі ғажап емес. Бұл проблеманы ертеңге қалдырудың ең қауіпті тұсы да осында!», дейді Әлібек Қаңтарбаев Президентке жазған хатында.
Білеміз, бұл мәселе БАҚ беттерінде аз көтеріліп жүрген жоқ. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та елдің жағдайын Президентке жеткізген. Бұған қуанған шекара тұрғындары малақайларын аспанға атты. «Жаңа Қазақстанда» жаңа аудандар құрылып жатса, ел сенімінің ақталғаны, «мемлекеттің халық үніне құлақ асқандығы» дер едік.
Шығыс Қазақстан облысы