• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Ақпан, 2022

Түркістанда әскери мектеп ашу мүмкіндігі бар

598 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Ұлттық ұланды сан мен сапа тұрғысынан нығайту, өңірлерде оның жаңа бөлімшелерін жасақтап, бар бөлімшелерді күшейту, көліктік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін шешу қажеттігін айтты.

Бүгінде әскеріміздің әлеуеті, ел қор­­ғаны болар мүмкіндігі жө­нін­де жиі айтыла бас­тағаны мәлім. Оған негіз бол­ған себептер де жоқ емес. Ал әлем елдерінің қарулы күш­тер құрамындағы тұрақты әс­кер саны бойынша 2021 жыл­ғы рейтингінде Қазақстан 166 елдің ішінде 70-орында тұр. Рейтингтегі мәлімет бо­йынша Қазақстан Қарулы Күш­тері­нің тұрақты әскер саны – 39 мың. Қарулы күштерге жатпай­тын әскерилендірілген құры­лым­дарда 31,5 мың адам жұмыс істейді. Яғни бұл дерек елімізде 70,5 мың әскери адам жұмыс істейді, 10 мың тұрғынына 38 адамнан ке­ле­тінін аңғартады. Жалпы, елде әс­кери қызметкер саны – 135 мың. ТМД елдерінің арасында Қа­зақ­станның алдында Ресей (5-орын), Украина (21-орын), Әзер­байжан (41-орын), Өзбекстан (63-орын), Беларусь (64-орын), Ар­мения (66-орын) жо­ғары тұр. Ал Түрікменстан, Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан және Мол­дова мемлекеттері – Қазақ­станнан тө­менгі орындарда. Өткен жыл­дың үшінші тоқ­сан­ындағы де­рек бойынша мем­лекеттік бас­қа­ру, қорғаныс және міндетті әлеу­мет­тік қам­сыз­дандыру саласында жұ­мыс істейтіндер саны 483,2 мың адам болған.

Бұл алдыңғы жылдан 1,9%-ға аз. Әскеріміздің күш-қуатын арттырып, әскери қызметшілердің жағдайын жасауға бағытталған игі қадамдар баршылық. Дегенмен, сұранысқа ие әскери мамандар даярлайтын оқу орындарын ашу – кезек күттірмейтін мәселе екенін айтушылар да жоқ емес. Осы орайда «Егемен Қазақстанның» Түркістан облысындағы меншікті тілшісіне хабарласқан Кентау гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Серік Айтөреев әскери мектептер ашуды шұғыл түрде қолға алу қажет деп есептейтінін айтты.

Колледж директоры бұл бағыт­та нақты жоспар-жоба әзір­леп, пікір-ұсыныстарын тиісті орын­дарға жеткізген де екен. Ендігі кезекте ел газеті арқылы көп­шілік талқысына салып, бұл мәсе­леге тиісті министрліктер назарын аударғысы келеді. «Об­лыс орталығы Түркістан қаласы­на ауысқалы бері мұнда техни­калық мамандарды даярлайтын оқу орнының жоқтығы білініп жатыр. Жаңадан әскери-патриоттық орталық ашсақ, онда әскери техникалардың, ұш­қышсыз басқарылатын дрон­дардың тілін меңгерген ІТ мамандарын даярлайтын едік. Мен Кентау қаласында әскери мектеп ашу жөніндегі мәселені 2015 жылдан бері көтеріп келе­мін. Сол кездегі Қорғаныс ми­нистрі И.Тасмағамбетовтің қабыл­дауын­да болып, мәселені егжей-тег­жейлі түсіндірдім. Министр­ліктің менің ұсынысыма қолдау білдіргені жөнінде арнайы хат та алдым. Осы хатқа сүйеніп, сол кездегі облыс басшысына да кірдім. Алайда уақыт өте келе басшы ауысып, облыс орталығының Түркістан шаһарына ауысуына байланысты мектеп ашу ісі кейінге қалдырылды. Таяуда облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановпен онлайн режімде өткен кездесуде осы мәселені қайта көтердім. Әкім орын­басары облыстық адами әлеу­ме­тті дамыту басқармасымен бірлесіп, мәселені түйіндеуді тапсырды. Ол кісі бұл жобаға ерекше қызы­ғушылық танытып отыр. Өйткені облыста жастарға әскери-пат­риот­тық бағытта тәрбие бере­тін мектептер жоқтың қасы. Ал бұ­рын­ғы әскери мектептердің Шым­кент қаласының құрамында қалға­нын ескерсек, еңсесін енді тіктеп келе жатқан облыс үшін әскери білім беретін оқу орнының қажет екендігі анық. Жоба бойынша жастар мектепте 3 жыл әскери білім алады. Бұл бағыт бойынша тәжірибеміз де жеткілікті. Осы кезге дейін қалада қарттар үйін, балаларға арналған арнайы мектеп-интернат, содан кейін Кентау политехникалық колледжін Кен­тау қазақ-неміс колледжі ретінде қайта ашу секілді бастамалардың басы-қасында жүрдім. Ендігі мақсатым – жастарды әскерге бау­ли­тын мектеп ашу. Оқу орны­ның материалдық базасы ретін­де қалада бос тұрған экскава­тор зауытының әкімшілік ғима­ратын пайдалануға болады. Әске­ри мектепте жастарға арнайы ма­ман­дықтар бо­йынша білім бері­леді. Бұл мәсе­ле бо­йынша қала­лық поли­ция департаменті, ҰҚҚ, ТЖ, Шекара қызметінің бас­шы­ларымен ақылдаса келе, олар­ға қажетті сұранысқа ие маман­дықтардың тізімі жасалды. Сала басшылары, әсіресе, кинолог-ветеринар мамандарды көптеп даярлауға ұсыныс білдіріп отыр. Шынында, бізге қылмыстың ізіне түсу үшін білікті кинолог-ветеринар мамандардың қажет екендігі анық», дейді Серік Айтөреев.

Колледж директорының пайымда­уынша, еліміздің шекара шебін күндіз-түні күзететін ат­ты әскерлер жылқының бабын білетін мамандарға зәру. Ал кино­лог мамандар тек Алматы қала­сында даярланады. Яғни оқу базасында жастар бұрын болған, дегенмен уақыты келе ұмытыла бастаған мамандықтар бойынша да даярлықтан өтеді. Сондай-ақ еліміздегі ұшқыш­сыз бас­қарылатын техникалар­­ды мең­геруге бағытталған ғы­лы­ми-зерт­теу жұмыстарын жүр­гізетін ин­же­нер­лік топ та жұмыс істей­т­ін болады. Қазіргі кезеңде әскери саладағы IT мамандарды даярлауға сұраныс жоғары. «Өс­келең ұрпақты жастайынан әске­ри өмірге баулу керек. Әсіресе, оларды әскери салаға қызықтыру мақсатында Түркі­стан қаласының аумағынан арнайы жер телімін алып, жаяу әскер, әуе күштері және теңіз-құр­лық әскерінің ес­кір­ген тех­ни­каларын көрме ретін­де орна­лас­тырсақ, көптеген жас­тар­дың қызығушылығы артар еді.  Заманауи әскери мектеп 100 шәкіртке лайықталмақ. Әр сту­дентке арнайы шәкіртақы таға­йын­дау мәселесін де шешуге бо­ла­ды. Материалдық базаға сай әскери тәртіп, сабақ­тар­дың жүйе­лілігі, дуалды оқы­ту бойын­ша оқу корпустары мен жатын орын­мен жаб­дық­­талады. Бітіріп шыққан түлек­терге жоғары оқу орнына түсу үшін арнайы жолдама беру жағы да қарастырылған. Әске­ри-патриоттық орталығы облыс­тағы адами әлеуетті дамыту бас­қармасына бағынысты бо­лып, Білім және ғылым ми­нистр­лігінің құзырындағы мекемеге айналады. Бұлай болуы­ның да өзіндік себебі бар. Елі­міз­де ашылған «Жас Ұлан» әскери мектептері Қорғ­аныс министр­лігіне қараса, екінші жағы­нан Білім және ғылым министр­лігі­нің құзыретіне кіреді. Қар­жыландыру толығымен адами әлеуетті дамыту басқармасы арқылы жүзеге асырылады. Әскери-патриоттық орталықты қажетті кадрлармен толықтыру мәселесі де ойластырылды. Сабақ беруге отставкаға шық­қан гене­рал­дар мен полков­ник­­тер ша­қы­рылады. Жасы­­ра­ты­ны жоқ, Ресей­дің қор­ғаныс министрлігіне қарасты «Рособоронэкспорт» акцио­нер­лік қоғамының өкілдері әскери мектеп ашуға ерекше қызы­ғу­шылық білдірді. Оны «Ор­та­лық­азиялық әскери оқу орны» деп атауға дайын.  Әрі олар әскери техникалар мен қажет­ті қосалқы бөлшектермен қамта­масыз етуге құлықты болып отыр. Қалай болғанда да, бұл ке­шеуіл­детпей қолға алатын мәселе деп ойлаймын», дейді Серік Айтөреев. Сондай-ақ колледж директоры өз жоба-жоспары, ұсыныстарына қатыс­ты қорғаныс, білім саласының маман­дары пікірлерін білдіреді деген үмітте.

Айта кетелік, кейбір сарапшылар Қарулы Күштердің саны халықтың шамамен 1%-ын құрауы керек, яғни Қазақстанда армия 180 мың әскери қызметкерден тұруы керек деп санайды. Бұл тұжы­рым­мен келіспейтіндер де бар. Олар Қарулы Күштердің, мы­салы 180 мың адамға дейін, яғ­ни 2,5 еседен астамға ұлғаюы ел­дің қар­жылық ресурстарының тұты­ны­луын едәуір арттыратынын айтады.

 

Түркістан облысы