Ыстанбұлда Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің 12-ші отырысы өтіп жатыр. Кездесу Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің (Қазіргі Түркі мемлекеттері ұйымы – М.Б.) Сыртқы істер министрлері кеңесінде қабылданған Ақсақалдар кеңесінің жаңа ережелеріне сәйкес алғаш рет өткізіліп отыр. Кеңестің жаңартылған құраммен өткізіп жатқан үш күндік отырысына Қазақстан Республикасының жаңадан тағайындалған өкілі Икрам Адырбеков те қатысып жатыр.
Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің жұмысы бірнеше жылдан кейін қайта жандана бастады. Оған 2021 жылы қарашада Ыстанбұлда өткен Түркі мемлекеттері басшылары қабылдаған тарихи шешімдер жаңа серпін берді. Саммит жұмысы барысында «Түркі әлемінің келешегі – 2040» стратегиялық құжаты қабылданды. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі жаңа дәрежеге ие болып, Түркі мемлекеттері ұйымы ретінде қайта бекітілді. Бұл ұйымға мүше елдердің ынтымақтастығын дамыту мен нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Биылғы 9 ақпан күні Ыстанбұлда жұмысын бастаған Ақсақалдар кеңесінің отырысында мемлекеттер басшылары қабылдаған шешімдердің өзектілігі мен орындалуы, іске асыру тетіктері жан-жақты талқыланды.
Алғашқы болып сөз алған Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым Кеңес мүшелеріне түркітілдес мемлекеттер басшыларының тарапынан зор сеніммен қатар үлкен жауапкершілік жүктелгенін айта келе, әріптестеріне Түркі мемлекеттері ұйымының жарқын болашағы жолындағы қызметтеріне, әрбір істеріне сәттілік тіледі. Сонымен қатар ол өз сөзінде Қазақстанда қаңтар айында болған қайғылы оқиғаға байланысты шынайы көңіл білдіре отырып, Президент Қ.Тоқаевтың елдің тәуелсіздігін, тұтастығын, тыныштығын сақтауға, террористер, экстремистер мен қылмыскерлерді бұғаттауға, тосқауыл қоюға бағытталған батыл да нақты шешімдерін қолдайтынын жеткізді.
Алқалы жиында сөз алған Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Ақсақалдар кеңесіндегі өкілі Икрам Адырбеков қаңтар айында елде болған жағдайдан әріптестерін қысқаша хабардар ете келіп, Ақсақалдар кеңесінің бауырлас Қазақстандағы қайғылы оқиғаға қатысты білдірген көңілі мен тілектеріне алғыс айтты. Ол сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі төрағасы Түркияның 11 қаңтарда Сыртқы істер министрлері кеңесінің төтенше отырысын өткізуі дер кезінде көрсетілген қолдау болғанын атап өтті.
Қатысушылар Түркі мемлекеттері ұйымының 2022-2026 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына ұсыныстарын Кеңес отырысында талқылады. Мысалы, Түркі мемлекеттері ұйымы жұмысының тиімділігін арттыру үшін «Тұрақты өкілдер» институтын енгізу, Ұйым хатшылығының бағыт-бағдарын, білім, мәдениет пен ортақ тарихи жобаларын қолдауға аудару секілді өзге де ұсыныстар айтылды.
Қазақстан өкілі былтыр қарашада Ыстанбұлда өткен саммиттің шешіміне сәйкес құрылатын Түркі инвестициялық қорының штаб-пәтерін Президент Қ.Тоқаевтың Түркістандағы бейресми саммитте айтқан ұсынысымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңына орналастыруды қолдауға шақырды. АХҚО алаңы – бұл халықаралық деңгейдегі қаржы институттарының үздік тәжірибесін, бірегей техникалық сараптамасын, инфрақұрылымы мен қызмет тәжірибесін біріктіретін қаржылық экожүйе ретінде нақты негіз бола алатынына жан-жақты дәлелдер келтірді.
И.Адырбеков Ақсақалдар кеңесінің мүшелерін сауда мен инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасауға, тауарлардың, капиталдардың, қызметтер мен технологиялардың еркін қозғалысы үшін кедендік және транзиттік рәсімдерді, қаржылық және банк операцияларын оңтайлауға мүмкіндік беретін Қазақстанның тағы бір бастамасы – Түркістан қаласында TURAN арнайы экономикалық аймағын құру туралы ұсынысымен таныстырып, тараптарды аталған жұмысқа, белсенді қатысуға шақырды.
Одан бөлек Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер азаматтарының қазіргі және болашақтағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына қатысты ойын білу үшін әр сала бойынша сараптамалық сауалдамалар жүргізу ұсынылды. И.Адырбеков үлгі ретінде Халықаралық Түркі академиясы жыл сайын жүргізетін «Түркбарометр» әлеуметтік зерттеуін қарастыруға болатынын айтты. Қазақстан өкілі сондай-ақ Халықаралық Түркі академиясының жанында Түркі әлемінің тәуелсіз стратегиялық зерттеу орталықтарының ортақ интеллектуалды платформасын құруды және басқа да жобаны жүзеге асыру бойынша ұсыныстарын білдірді.
Қазақстан ақсақалы әріптестерін биыл қыркүйек-қазан айларында Түркістанда жоспарланған Түркология құрылтайына шақырды.
Үш күнге жоспарланған Кеңес жұмысы Ыстанбұлда жалғасып жатыр.