• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 15 Ақпан, 2022

Тұқым қуалайтын кесел

457 рет
көрсетілді

Дені сау адам атын естімеген дерт түрлері көп. Дамылсыз даму үстіндегі медицинаның міндеті де – сирек кездесетін кеселдерге дер кезінде диагноз қойып, дұрыс ем-дом жүргізу. Өткен аптада орфандық жүйке-бұлшықет кеселді пациенттерді емдеу мәселелері анестезиолог-реаниматолог, балалар неврологтері мен пульмонологтерінің басын қосты.

Алматыдағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында ұйым­дас­тырылған семинарға «Орфан­дық жүйке-бұлшықет кеселі бар пациенттерге желдетіп (вентиля­ция­лық) кө­мек беру» тақырыбы арқау болды. Семинар тек оқыту, емдеуге ғана емес, сонымен қатар науқастарды оңал­туға да арналды.

Сирек кездесетін кеселді сапалы емдеу мәселелері талқыланған се­ми­нарды өткізуге Денсаулық сақ­тау министрлігі, Жүйке-бұлшық­ет ауру­ларының көпсалалы құзы­рет­ті­лік орталығы, Астана медицина уни­верситеті, Қазақстан-Ресей меди­ци­налық университеті, №2 қала­лық балалар клиникалық ауруха­на­сы, «Өмірге сен» қоғамдық қоры және «Балалар неврологтері, нейрофизиологтер, психиатрлер мен психотерапевттер» қоғамы атсалыс­ты.

Ресейдің Морозов атындағы балалар клиникалық ауруханасының анестезиология және реанимация жөніндегі бас дәрігерінің орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Александр Николишин Қазақстан және Ресей дәрігерлері медицинаның жоғары технологиялар мен заманауи көмек көрсету әдістеріне қол жеткізуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын атап өтті.

Тұқым қуалайтын жүйке-бұл­шық­­ет аурулары (ТҚЖБА) генети­ка­лық аурулардың үлкен тобы екенін атап өткен жөн. Бұл дерттің асқынып кету қаупі жоғары, ондай жағдайда нау­­қас­тардың жағдайы нашарлап, өмірі қысқарып, тіпті оның салдары қайғылы жағдайларға жеткізеді.

Сондықтан мұндай пациенттерді басқарудың ең тиімді әдісі мульти­дис­циплинарлық қолдау. Тыныс алуды қамтамасыз ету – ТҚЖБА бар науқас­тар­ды емдеу мен оңалтудың негізгі ба­ғыттарының бірі.

Семинар барысында отандық мамандар, пульмонологтер теориялық білім мен тәжірибелік дағдыларға ие болды. Әрбір сессия пікірталас және талқылаумен өтті. Ең бастысы, дәрі­гер­лер жұлын бұлшық етінің атрофия­сы бар пациенттің мысалында тыныс алуды қолдау және қосалқы желдету аппаратын қолданды.

 

АЛМАТЫ