Қостанай қаласындағы Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана ұжымы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арнап ұйымдастырған онкүндік шеңберінде журналист Л.Фефелованың “Опат болған арнайы рота” (“Гибель спецроты”) және Меңдібаевтың “Еркімбайдың Сұлтаны” атты кітаптарының тұсаукесерін өткізді. Бұл екі кітап Жеңіске 65 жыл толса да, Ұлы Отан соғысының тарихы әлі де жазылып бітпегенін көрсетеді. Өйткені, майданда шейіт кеткендердің барлығы да бір-бір тағдыр екенін былай қойғанда, олардың ерлік істерінің бізге әлі күнге беймәлім қырлары да жеткілікті. Аталған кітаптың кейіпкері, жүзден аса фашистің көзін жойып, жиырмаға толар-толмас жасында ерлікпен көз жұмған Сұлтан Еркімбаевтың тағдыры соның толық дәлелі. 263-дивизия құрамындағы 997- атқыштар полкінің ерекше құпия арнайы мергендер ротасы 1943 жылы тамыз айында Харьков үшін жан беріп, жан алысқан ұрыстарда Северский Донец өзенінің жарқабағында түгелдей дерлік оққа ұшты. Жауды өзеннен өткізбеу үшін жанын қиған 35 мергеннің арасында қазақтың құралайды көзге атқан қара баласы да болған. Ол “За боевые заслуги” медалімен наградталады. Мұнан кейін қолының жараланғанына қарамай, рота жауынгерлеріне көмекке келіп, басқыншыларға қарсы олармен бірдей батыл қимыл көрсеткені полкте атап өтіліп, оған өзінің аты жазылған “ТТ” (тапанша) арнайы қаруы сыйға беріледі. Ал 1943 жылы маусым айында “Қызыл Жұлдыз” орденімен марапатталып, осы награданы алғанда Коммунистік партия қатарына кандидат болып қабылданады. “Қызыл Жұлдыз” орденін алғасын екі айдан кейін, 19 тамыз күні аса құпия мергендер ротасының Северский Донец өзені жағасында түгелге жуық оққа ұшып, опат болғанын айттық. Осы ротадағы он мергенді І дәрежелі Отан соғысы орденімен өлгеннен кейін марапаттайды. Соның бірі де Сұлтан болады.
Соғыс қырғынын елдің басына түскен нәубет деп білген тәубешіл ағайынның кеше мыңдаған боздағының соғысқан, ерлікпен қаза тапқан жерін іздестіргені кемде-кем. Оған уақыт пен жағдайдың өзі мұрша бере бермегені де бар. Сондай жанның бірі – Науырзым ауданындағы “Шолақсай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Өмірзақ Ихтиляпов. Өмекең Сұлтанның апасы Сақыштан туады. 2005 жылы еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығына дайындалып жатқанда ол Сұлтан Еркімбаевтың қаза тапқан жерін тауып, нағашысының рухына тағзым етіп қайтуды ойластырады. Іздестіру жұмысына жергілікті журналистер көмекке келеді. Алдымен Сұлтанның Украина жерінде, Харьков облысының Изюмск ауданындағы Еремовка селосындағы бауырластар зиратында жерленгені белгілі болады. Өмірзақ осы зираттың басына Сұлтанға арнап көктас–мұсылманша белгі қойды. Құран оқылды, облыстық мешіт имамы Ертай қажы Сұлтанның атынан бәдел қажылық парызын орындады. Өмекеңнің демеушілігімен Сұлтан оқыған Чернигов орта мектебінің оқушылары жерлестері ерлікпен қаза тапқан Харьков облысының Изюмск ауданының Еремовка селосына, Северский Донец өзенінің жағасына барып қайтты. Өткен жылы ол жердегі Студенок орта мектебінің оқушылары Қостанайда қонақ болды. Қостанайлықтарды украин жұрты алақанына салып күтіп алды, олар Сұлтанның бейітін іздегенде де көмегін аямады. Ал қостанайлықтар украин балаларды құдасындай күтіп, төбесіне қойды.
Тұсаукесерге жиналған әр ұрпақ өкілдері 27 миллион адамның өмірімен келген Жеңіс мерекесін кейінгі ұрпақ аса қастерлеуі керектігін баса айтты.
– Соғыс адамның ең аяулы құндылығы–өміріне қиянат жасайды. Ортақ отанымыздағы бүгінгі бейбіт өмірді аялай білейік. Жан-жағымыздағы елдерде болып жатқан қантөгістерді көріп отырып, біздің аталарымыз, Сұлтандай қыршындар бейбіт өмір үшін қан төгіп еді-ау деп налимын, – деді ұстаз ақын Александра Суслова. Кештің ең құрметті қонақтары – Ұлы Отан соғысының ардагерлері де сөз алды.
Жасы тоқсаннан асқан Мағауия Жүнісов: “Ұлы Отан соғысының тарихы ешқашан түгел жазылып бітпейді. Мұнда белгісіз батырлар көп”, десе, Бертранд Рубинштейн қария: “Ұлы Отан соғысындағы Отан үшін жауға қарсы, оққа қарсы қимыл– барлық халықтардың ерлігі”, – деді.
Кітаптар тұсаукесеріне арналған кештің соңына қарай Украинаның құрметті консулы Анатолий Тарасенко Харьков облысының Изюмск ауданындағы Студенок орта мектебіне Жоғары Раданың шешімімен Сұлтан Еркімбаевтың есімі берілгендігі туралы сүйінші хабар алғанын хабарлады. Ерлікке тағзым, бейбіт күнге ізгілік деп осыны айт. Бұлар ел, жер, ұлт таңдамайды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.