• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қысқы спорт 20 Ақпан, 2022

Бейжің-2022: Олжасыз Олимпиада

971 рет
көрсетілді

Қытайдың бас шаһары – Бейжіңде XXIV Қысқы Олимпия ойындары ресми түрде аяқталды. 16 күн бойы Ақ Олимпиаданың ордасына айналған Бейжің, Яньцинь және Чжанцзякоу қалаларында дүние жүзінің ең таңдаулы спортшылары қысқы спорттың жеті түрінен 109 медаль жиынтығын сарапқа салды.

«Құс ұясы» аталып кеткен Бейжің­дегі әйгілі стадиондағы ақ қар, көк мұ­здағы Ойындардың ресми жабылу салтана­тында Олимпиада туы төмен түсіріліп, байрақ ХОК президентіне қай­тарып берілді. Ал Томас Бах оны 2026 жылғы Қысқы Олимпия ойын­дарын қабыл­дай­тын Ита­лияның Милан қала­сы­ның мэрі­не ұстатты. Ал соңынан Ха­­лық­­­аралық Олим­­пиада коми­тетінің пре­зиденті То­мас Бах Бейжің Олим­пиада­сын жабық деп жа­­риялады. Сөйтіп, тағы бір қысқы Олим­­­пия ойындары тарих қойнауына енді.

Солт-Лейк-Сити, Турин, Ванкувер һәм Бейжің

Жер шарының төрт бұры­шында орналасқан бұл төрт қаланы не біріктіруі мүмкін? Әрине, қазақстандық спортшылардың осы қалаларда ұйымдастырылған Олимпиадалардан олжасыз оралуы. Биылғы дода алдында қазақстандықтардың «қара тізіміндегі» қалалар реттілігі осы тізіммен біржола аяқталып, Сочи мен Пхенчхандағы жүлдеге бастаған дара жол жалғасын табады деп үміттенген едік. Сөйтсек, бізді тағы бір сәтсіз Олимпия ойын­дары күтіп тұрған екен.

Жалпы, қазақстандық спортшылар Тәуелсіздік тарихындағы сегізінші Қысқы Олимпиадада бақ сынап, тең жартысында жүл­дегерлер қатарынан кө­ріну бақыты бұйырды. Ал қал­ған төрт Олимпиадада спорт­шыларымыздың тауы ша­ғыл­ды. Енді спорт саласына жа­уапты мамандардың ал­да­ғы уақытта спортқа деген көз­­қа­расы өзгермейтін болса, ке­лесі Олимпиадада да жер­лес­теріміз жанарымен жер шұқып келетінін Токио мен Бейжіңдегі төртжылдықтың басты бәсекелері дәлелдеп берді.

Қысқы Олимпия ойындары тарихында Қазақстан спортшылары сегіз медаль жеңіп алған болса, соның тең жартысы шаңғышы Владимир Смирновқа тиесілі. Лиллехаммерде бір алтын, екі күміс, Наганода қола жүлде жеңіп алған даңқты спортшымыз Қазақстан Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сұхбат беріп, жерлестеріміздің Бейжіңдегі өнеріне өз бағасын берді.

– Әрине, біздің құраманың Бейжіңде бірде-бір медаль жеңіп алмағаны өте өкінішті. Бірақ нәтиженің дәл осылай болатыны әу баста белгілі болған еді. Өйткені шорт-трек пен могулды қоспағанда, өзге спорт түріндегі өкілдеріміздің Әлем кубоктары мен халықаралық жарыстарда үздіктер қатарынан көрінбеуі Олимпиадада жүлде болмайтынын меңзегендей болды. Коньки жарысында аздаған үміт болды. Ал қалған спортшылардың бар мақсаты – Олимпия ойындарына қатысу болған сияқты. Қазақстандық делегация негізгі міндетті орындады деп ойлай­мын. Яғни көптеген спорт тү­рінен жолдама ұтып алды. Енді спорт шенеуніктері келесі Олим­пиадаларда жүлде алу үшін бүгіннен бастап Қазақстандағы дарынды жастарды іздеп, соларға бар жағдайды жасауы керек. Себебі тасада қалған таланттар өздігінен көтеріле алмайды. Спортқа инвестиция құю керек, жаңа спорт түрлеріне көңіл бөлген жөн, халықты көбірек тарту қажет. Дәл осындай еңбексіз бізде ешқашан медальға үміт бол­майды, – деді ол.

 Кінәні тағы да коронавирус арқалай ма?

Осыдан бірер күн бұрын Мә­дениет және спорт министрі Дәурен Абаев министрліктің алқа мәжілісінен кейін журна­листердің Бейжің Олимпиа­дасы мен қазақ­стандық спорт­шылардың өнеріне қатысты сұ­рағына жауап беріп, әзірше Олимпиадаға нақты қорытынды жасау әлі ерте екенін және Қысқы Ойындар аяқталғаннан кейін министрлік Бурабайда көшпелі кеңес өткізуді жоспарлағанын айтты.

– Олимпиада аяқталғаннан кейін біз бірден Бурабайда үлкен көшпелі кеңес өткіземіз. Сол жерде нақты қорытындылар жасалады. Қысқы Олимпиаданың нәтижесі бойынша белгілі бір кадрлық өзгерістер болады, – деді Дәурен Абаев.

Жанкүйерлердің есінде болса, Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті алты ай бұрынғы Токио Олим­пиадасындағы отандық спорт­шылардың сәтсіздігінен кейін де алқалы жиын өткізген-ді. Спорт функционерлері, салаға жауапты мамандар, жаттықтырушылар ары талқылап, бері талқылап, ақыр соңында Токиодағы тоқырауға екі жылдан бері адамзат баласына дес бермей келе жатқан пандемияны кінәлі ғып шығарған болатын. Бұл жолғы жиында да коронавирус көп «таяқ жейтінге» ұқсайды.

Осы орайда Олимпиада чем­­пионы Владимир Смирнов Олим­пиадада тәуір нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен балалар мен жасөспірімдер спортына назар аударып, халықаралық та­лапқа сай көптеген спорт ке­шен­­дерін салу керек екенін айтады.

– Қазақстанның көп бөлігінде қыс мезгілі алты айға дейін созылады. Былайша айтқанда, қысқы спортпен айналысуға то­лық мүмкіндік бар. Бірақ спор­тымызда құрылым (жүйе) дұрыс жұмыс істемейді. Спортта же­тіс­тікке жету үшін алдымен жақ­­сылап талдау жасалу керек. Яғни қай облыста қандай спорт түрін дамытуға болады деген сияқты. Сонан соң жүйелі түрде орындалатын жақсы бағдарлама қажет. Мұның барлығын жасау үшін қаржы мен халықаралық деңгейдегі жаңа спорт нысан­дары керек. Спортшылар ара­сын­дағы бәсекелестікті үнемі арт­тырып отырған жөн. Ол үшін бізге жиі спорттық шаралар өт­кізіп, шетелдегі бәсекелерге кө­бірек қатысу қажет. Әсіресе көршілес елдерге барған дұрыс. Бұл тек негізі құрамды ғана сайыстарға жібере беру керек деген сөз емес. Ба­лалар, жас­өспірімдерге де жағдай жа­салғаны жөн. Елімізде балалар, жасөспірімдер, студенттер спортын дамыту керек. Алайда бұл үшін жақсы бағдарлама керек екенін тағы да қайталап айтамын. Бұл бағдарламаны құрастырып шығатын талантты адамдарды тарту керек және оны енгізу өте маңызды, – дейді Владимир Смир­нов.

 Өкініш пен сәтсіздіктер

Қазақстандық спортшылар Бейжіңде жүлдесіз қалса да, өткен Олимпиадалармен салыстырғанда кейбір спорт түрлерінде алға жылжу байқалса, кей спортта нәтижелеріміз төмендеп бара жатқандай. Мәселен, биылғы Олимпиадада ту ұстап шыққан шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен Милан Олимпиадасының үміті – Әділ Ғалиахметов 500 және 1500 метрге жарысуда финалда бақ сынады. Әсіресе Абзал медальға қол созым жер қалғанда тоқтады. Әжіғалиев осыдан төрт жыл бұрын Пхенчханда жартылай финалдан кері қайтып еді.

Ал қазақстандық жанкүйерлер қатты үміт күткен могулшылар Дмитрий Рейхерд, Юлия Га­лышева, конькиші Денис Кузин сын сағатта жігер­сіздік танытты. Пхенчхан Олимпиа­дас­ы­ның қола жүлдегері Ю.Га­лышева былтырғы Əлем кубогы кезең­де­рінде тәуір нәтиже көр­сет­кенімен, биыл бірде-бір рет жүл­­дегерлер қатарынан көріне алмады. Олимпия ойындарының алғашқы іріктеу кезеңінен сәтті өткенімен, екінші финалдың соңғы секірісінде қателікке бой алдырып, жүлдеден тыс қалды. Дмитрий Рейхерд те екінші финалда сүрінді. Сочиде бесінші орынға табан тіреген ол Бейжіңде өз нәтижесін жақсарта алмады. Екінші финалда небәрі сегізінші орынға тұрақтады.

Қатарынан төртінші Олим­пиадасына қатысқан конькиші Денис Кузин де ел сенімін ақтай алмады. Әлем чемпионат­тарында топ жарған санау­лы спортшының бірі Кузин Бей­жің Олимпиадасына ерекше дайындалған еді. Өйткені 33 жас­тағы спортшымыздың бұл соңғы мүмкіндігі болатын. Алайда оған бұл жолы да сәттілік жолдас болмады. 1000 метрде сынға түскен ол мәре сызығын небәрі 23-ші болып кесті. Уақыт көрсеткіші тым нашар – 1:10.077. Кузин былтыр ғана ел біріншілігінде осы қашықтықта 1.07,65 нәтижесімен Қазақстан рекордын орнатқан еді. Ал 1000 метрде Олимпиаданың алтынын алған Нидерланд өкілі Томас Кролдың уақыт көрсеткіші – 1:07.92.

 Норвегиялықтар дес бермеді

Бейжіңдегі Ақ Олимпиадада жарыстың соңғы күніне дейін қатысушы командалар топ басына таласты. Спортшылардың жекелей рекордынан бөлек, Нор­вегия құрамасы Бейжің Олим­пиадасында алтын медаль саны бойынша да өз рекордтарын жа­ңартты. Норвегия төрт жыл бұрынғы додада 14 алтын ол­жалаған болса, биыл олардың спорт­шылары 16 мәрте өз елінің әнұранын шырқатты. Сондай-ақ Викингтер елі Пхенчханда жалпы саны 39 медаль иеленіп (14 алтын, 14 күміс жəне 11 қола), Ванкувер Олимпиадасында жалпы саны 37 (9-15-13) медаль алған АҚШ-тың рекордын жаңартқан еді. Алайда биыл тек 37 жүлдемен (16 алтын, 8 күміс, 13 қола) шектелді.

Бейжің Олимпиадасына қа­тысқан 2871 спортшының 98-і екі жəне оданда көп медаль жинады. Оның ішінде норвегиялық биатлоншылар Йоханнес Тиннес Бё мен Марте Олсбю-Ройселанн және ресейлік шаңғышы Алек­сандр Большунов бес жүл­де жеңіп алды. Тиннес Бё бір Олимпиадада төрт алтын, бір қола медаль олжаласа, А.Большунов үш мәрте топ жарып, бір күміс және бір қола медальға қол жеткізді. Ал Олсбю-Ройселанн үш мәрте Бей­жің Олимпиадасының чемпионы және екі рет қола жүлдегері деген атаққа ие болды.

Биылғы Олимпиадада 27 елдің спортшылары жүлдегер атанды. Бұл – Пхенчхан Олим­пиадасымен салыстырғанда үш елге төмен. Сондай-ақ Бейжің Олимпиадасында 21 елдің спорт­шылары алтын ме­даль жеңіп алды. Сочи мен Пхенч­хан Олим­пиадасында 22 құра­маның өкілі алтын алып, Олимпиада рекордын қайталаған еді. Ал медаль жиынтығы бойынша жал­пыкомандалық есепте Норвегия құрамасы қатарынан екінші мәрте топ бастады. Осынау ұлы көште Қазақстан спортшылары 12 ай жаз болатын Жаңа Зеландия (2 алтын, 1 күміс) мен Аус­тралия (1 алтын, 2 күміс, 1 қола) құрамаларынан қалып қойды.