• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Ақпан, 2022

Балықшыларға «балық» ескерту жасады

384 рет
көрсетілді

Күнұзақ тапжылмай мұз тесіп, қармақ салып отырған балықшылар мамандардың ескер­тулеріне, шектеу­леріне құлақ аса бермейді. Әйт­песе, қыстай үш балық­шы мұз астына кетер ме еді?! Өзен-көл­дерге қабыршық мұз қатқан күннен бас­тап, төтенше жағдай ма­мандары шыр-пыр болып, алдын алу жұмыс­тарына кіріседі.

Көктем шыға қар көбесі сөгіліп, мұз бетіндегі қауіп қайта күшейеді. Әдеттегідей ТЖД мамандары жуық­та ескерту жұмыстарын жүр­гізді. Мұз бетіндегі ереже жа­зылған парақшаны таратып қана қойған жоқ, балық болып киінген мамандар мұз ойып, қармақ салудың ережелерін егжей-тегжейлі қайта бір түсіндірді. Ерекше костюмге көк мұзда шоқиып отырған әуесқойлардың бар­лығы дерлік назар аударды. Балық кейпінде жүрулерінің себебі – айтқан ескертулері ба­лықшылардың есінде қал­сын дегендері.

– Мұз қалыңдығы 10 сантиметрден аз болса, адам үшін қауіпті. Тәуліктің қараңғы уақытында және боран-шашынды, тұманды күндері мұз бетіне шығуға болмайды, – дейді балық болып киінген құтқарушылар. 

Ережеге сәйкес балық­шылар мұз айдынына шық­қанда, құтқару кеудешесін киіп, ұзындығы кемінде 12 метр арқан ала шығуы керек. Мүмкіндігінше, су өткізбейтін пакетке салынған ұялы телефоны жанында болғаны абзал. Егер қауіпті жағдайға тап болса, 112 нөміріне хабарласуы керек. Алайда жоғарыда айтылған қарапайым ғана ережелер естерінде болса, қауіпті жағдайға тап болуы екіталай.

 

Шығыс Қазақстан облысы