ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Нұр-Сұлтан қаласы мен Атырау облысының әкімдеріне коронавирусқа қарсы вакциналау және ревакциналау шарасын ерекше бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазір елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Өңірлердің көпшілігі «жасыл» аймақта. Дегенмен, эпидемиологиялық жағдайға одан әрі мониторинг жүргізу қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша санитарлық талаптарды жеңілдету шаралары қабылданып жатыр. Соған қарамастан әкімдіктер вакциналау мен ревакциналау жұмысын жалғастыруы тиіс», деді Үкімет басшысы.
Оның мәліметі бойынша, өңірлерде вакцина қоры жеткілікті.
«Ревакциналау елордада және Атырау облысында өте төмен. Көш соңында қалған өңір әкімдері осы мәселені ерекше бақылауға алсын», деген Әлихан Смайылов орынбасары Ералы Тоғжановқа бұл мәселені жалпы бақылауға алуды тапсырды.