Қазақ – сөздің парқын білген халық. Сол арқылы адамның да нарқын айырып, бағасын берген. Қазақ сөзге тоқтаған халық еді. Сөздің астарын түсінбеген, бетімен сөйлегенді бәлдір-батпақ, сарала-сатпақ деген. Сөз үдесінен шықпағанды, уәдесінде тұрмаған шалағайды шалды-бұтты деген. Сөздің сұрауы болады, сұраусыз сөз жоқ, оның сұрауы антты ақтау секілді дейтін көнекөздер.
Үлкеннің аталы сөзін кейінгі жас көкейіне үкідей үлпілдетіп тағып жүрген. Маңдай алдындағы темірқазық жұлдыз деп білген.
Алымды жас орнымен ойындағыны айтса: «Қой асығы демеңдер, Қолыңа жақса сақа қой. Жасы кіші демеңдер, Ақылы асса аға қой», деп жолын бөгемей, батасын берген. Сексенге келген Жетес биден тоғыз жасар Төле: «О, қасиетті ата! Ат берсеңіз – өліп қалады, тон берсеңіз – тозып қалады», деп өлмейтін, тозбайтын бұйымтайын айтып бата алған.
Ал жас талапкер Қаражігіт Қаз дауысты Қазыбекпен жауаптасып отырғанда атақты би: «Атадан жақсы ұл туса, Елінің туы болады», дегенде, жас жігіт қарттың қазымырлығы мен қазыналығы туралы сұрайды. Би: «Е, халқым сөзімді тыңдаса, қазынасы болармын», депті. «Мен де, халқым құп алса, елімнің туы болармын!» дейді Қаражігіт. Бұрынғылар осылай айламен емес, ақылмен сөз алмасқан.
Тағы бір тәмсіл, бір замандары Мәтжан биден: «Сіздің сөзден жеңілген кезіңіз болды ма?» дегенде: «Неге жеңілмейін, сөздің жанын, сөздің мәнін, сөздің дәмін ұқпайтын надан дүрден күнде жеңілемін», деген екен. Мұндай жеңіліс қазір күнде алдыңнан сопаң етіп шығып жатады.
Қазақ сөзінің, киелі тілінің қадір-қасиетін жүрегінде бір нәзік сәулесі бар өзіміз ғана емес, өзге жұрттардың зиялылары мойындап қана қоймай, бағалаған: «Француз тілі Еуропаға қалай әсер етсе, қазақ тілі түркі мәдениетіне солай әсер еткен», депті В.Радлов.
Тіл мен сөздің түп төркінін бұрынғылардай жете білсек, құндылығымыз ала-құлалықтан баяғыда арылып, пәтуасыз жарысып сөйлеуден құтылып, әр айтқан сөздің желкесіне қарауыл қойып, талассыз ел тірегіне айналар еді, бүкіл қазақстандықтардың кіндігі мемлекеттік тілге байланар еді.
Иә, бұл арадағы басты айтпағымыз, әр сөздің сұрауы болатынын еске салу еді. Бұрын ағыл-тегіл сөзден аяқ алып жүре алмайтын едік. Үлкеніміз де, кішіміз де істен бұрын сөзге әбден әуестеніп алғанымыз да ақиқат. Ұзақ сонар көлгірсу көп те, тағылым жағы олқы соғып жататын. Олқы тұсты, жіберген қатені, жүйесіз жұмысты біреуге итере салуға бейім тұрдық. Осы қайдан шықты, себебі қайда жатыр, қоғамшылдықты өзімшілдік жеңіп, өз күніңді өзің көр деген соң жағадан алған еркелік пе? Әлде ол ұйымдасып, қолтықтасып, жұмылып істеп келген ұжым жабайы жекешелендірудің қанжығасында кетіп, біреулер бағытынан айырылғандай дағдарып қалғанынан, біреулердің қалталыға айналып – жұрттың қақ жарылып кетуінен болды ма екен?
Сөз дегеннен шығады, бұрын ауыл әкімінен бастап, баспалдағы биіктей беретін үлкенді-кішілі мекемелердің қайсысының есігін ашсаң да қыруар істің қағазға таңбаланған тізбегін көресің. Е, бәрекелді дейсің. Шыға бере тізбедегі ақпараттың нәтижесіне талпынсаң, бірі бар да бірі жоқ. Осы арада ойыңа атам қазақтың «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» оралады. Несін жасырамыз, кабинеттердегі ағыл-тегіл есеп-қисаптың қисыны шынайы өмірмен ұштаспай жатты. Бірақ жалған сенімге сана әбден уланған. Көріп, біліп тұрсың – тілің тиектелген. Тізгін ұстаған шенеуніктердің биік мінберден айтқаны айдай келмей, «домбырам не дейтінінің» кері көлденеңдейді.
Өткен өтті, бірақ соқпағы сор кештірді. Елім, Отан деген ұғымға ұлт ұйыды, жұрт жүгінді. Нәтижесінде, жаңа бағытқа, «Жаңа Қазақстанға» бет алдық. Көрігін қыздырған көбік сөздің ақ-қарасы анықталып жатыр. Сол «қасіретті қаңтардағы» сын сағатта Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Біз жұмыла отырып, Қазақстан тарихындағы осы сын сағатты бірге еңсереміз. Бұдан шыңдалып шығамыз», деді. Осы сөз ақталды, жолсыздық жойылды, халық қалыпты тірлікке көшіп, алаң көңіл басылды.
Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Президент Отанымыздағы ауыр ахуалға талдау жасап, отыз жылдағы олқылықтарды жеріне жеткізе айтып, одан сабақ алудың қажеттігін атап, алдағы міндеттерді мінсіз атқару парыз ғана емес, қарыз екенін тілге тиек етіп, «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» деді. Ал Үкімет отырысында атқарылуға тиіс жұмыстарды саралап, кезінде атақ қуып жүріп бүгіп қалған жасанды жайлардың бетін ашып, ендігі жерде ондайға жол берілмейтінін жетеге жеткізіп: «Жаңа Қазақстанды» құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Бұл саясат шенеуніктердің жөнсіздіктеріне жол бермейді», деп заң үстемдігіне, табысты молайтып халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше мән берді.
Мемлекет басшысы алғашқы сұхбатында өткенді таразылап, өзекті істі талдап, азамат құқығы басты назарда тұратынын алға тартып, кадр мәселесі, жүргізілетін реформалар, оның түп-тамырында жүйені, оның кемшіліктерін түзеу жатқанын атап, мақтангерлікке жол жоқтығын назарға салды. Екінші сұхбатында Отан атын асқақтатып, Қазақ елінің мәртебесін биіктетті, қаңтар қасіретінің астарында өткір әлеуметтік мәселе жатқанын, оны саясиландырудың барын, «Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін» деген қағидаға қанат бітіргенін, тіл тірлігіне, оқып отыратын мерзімдік басылымдарын атады.
Бұл арадағы айтпағымыз, енді бұрынғыдай жоқты бардай дабырайтып, жалған жетістікке дуылдап қол соқпайтынымызды, ақиқат айтылып, шындықтың шырайы кіретінін, өтірік өршіп, тұспал қыр аспайтынын еске салу, оған басты мүдделі ең бірінші халық екені анық. Көзі көріп отырғанға жұртшылық ескі сүрлеудегідей немқұрайдылық танытпайды, талап етеді. Оны ойдан шығарып, батпақ жолға аяқ басқандар, Президенттің тапсырмасына селқостық танытқандар сөз сұрауы келгенде ұтылмай қоймайды, шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынып, ұрынары хақ. Ендеше кеткен беделді, селкеу түскен сенімді қайтару керек болып тұр.
Шенеуніктер айтылған сөз, берілген тапсырманың сұрауы болатынын түйсінетін күн туды. Көл-дария уәде бұрынғыдай көңілге медеу болмайды. Жыл сайын министрлер мен әкімдер есеп беріп жататын. Есептегі сөз бен өмірдегі ақиқат көп жағдайда үйлесе бермейтін. Тұрғындардың өтініштері жауапсыз қалатын. Біріне-бірі сілтеп титықтататын халықты. Жалпы, сөздің сұраусыздығы жүйесіздікке әкелмей қоймайды. Соның бір дәлелі, сөзде бар істе іркілген цифрландыру болды. Бұл туралы кезінде Президент Қ.Тоқаев елді интернетпен қамту мәселесін сынға алып: «Жақсарып жатқан ештеңе жоқ. Маған берілген мәлімет бойынша, тіпті елорданың өзінде, сөз бен істің алшақтығы 40-50 пайызға дейін жетеді. Бұл шын мәнінде тұтынушыларды алдау деген сөз», деді.
Ендігі жерде елім деген әр азамат, әсіресе тізгін ұстаған шенеуніктер өз абыройынан, орынтағынан, күнімдігінен бұрын мемлекет тағдырын алға оздырып, айтқан сөзінің сұрауы бүгін болмағанмен ертең алдынан шығатынын, тіпті алқымынан алатынын есте ұстаса өзі де, жұрт та ісіне сүйсінер еді.
«Сөз түзелді, тыңдаушым сенде түзел» демеп пе еді дара қазақ, дана Абай.