Жүрек орталығының дәрігерлері Мәскеуден келген әріптестерімен тәжірибесін бөлісіп, шеберлік сабағы барысында екі пациентке HeartMate 3 LVAD құрылғысын имплантациялауды жүргізді. Бұл медициналық құрылғы жүрегінің ақауы бар пациенттерді хирургиялық емдеуде жүректің сол жақ қарыншасының қызметін механикалық қолдау үшін қолданылады.
Аталған іс-шараға Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық кардиология медициналық зерттеу орталығы» – Чазов атындағы кардиологиялық орталығынан 14 маман келді. Ақпанның 16-18 күндері кардиохирургтер, кардиологтер және анестезиологтер тобы Қазақстандағы созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерді іріктеу, бақылау және хирургиялық емдеу үдерісімен жан-жақты танысты.
«Алған әсеріміз күткенімізден асып түсті. Кардиохирургиялық көмекті қамтамасыз ету және HeartMate 3 жоғары технологиялық құрылғысын имплантациялаудың қыр-сыры ұңғыл-шұңғылына дейін қарастырылған орталықтың құрылымы таңғалдырады. Жүрек орталығы кардиологтерінің жоғары біліктілігін ерекше атап өткім келеді. Кардиологтерді хирургиялық емдеу процесіне біріктіру пациенттердің операциядан кейінгі бақылауды клиникалық түрде жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды. Сондай-ақ орталық кардиологтерінің жүрекішілік гемодинамика түсінігі таңғалдырды. Біз олармен бір тілде сөйлестік. Бұл ұжымнан жағымды әсер қалды: мейірімді және барлық сұраққа жауап беруге дайын», деді Чазов атындағы кардиологиялық орталығының анестезиолог-реаниматологі Елена Дзыбинская.
Жүрек орталығының қызметкерлері пациенттерді дайындау, олардың жағдайына клиникалық-психологиялық бағалау жүргізу, операциядан кейінгі емдеу және оңалту туралы айтып берді.
«Шеберлік сабағы бағдарламасында дәрістер, теорияны тәжірибеде қолдану қамтылды. Сондай-ақ медицина қызу талқыланды. Бұл оқыту Мәскеу медициналық орталығының әріптестерімен белсенді тәжірибе және білім алмасуға ықпал етті», дейді кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі, кардиохирург дәрігер Светлана Новикова.
Қазір шеберлік сабағы барысында операция жасалған пациенттердің жағдайы тәуір, дәрігерлердің бақылауында. Олардың жүрегіне имплантацияланған құрылғы өмір сапасын жақсартуға көмектеседі және жүрек трансплантациясына көпір бола алады.
«Бүгінгі таңда Ресейде LVAD құрылғысын имплантациялау тәжірибесі аз. Бұл ретте қазақстандық мамандардың тәжірибесін ауыз толтырып атап өтуге болады. Өйткені Жүрек орталығында осындай 400-ге жуық операция жасалды. Шеберлік сабағы өте мазмұнды өтті. Оқыту тек теориялық сабақтардан ғана емес, сонымен қатар жануарлар материалында практикалық оқудан, сондай-ақ операциялық процеске қатысудан тұрды. Оның барысында біз құрылғының қалай имплантацияланғанын көрдік», дейді Мәскеуден келген кардиохирург Кирилл Мершин.