• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Пікір 24 Ақпан, 2022

Ертеңімізге үмітпен қараймыз

427 рет
көрсетілді

Қаңтар оқиғасынан бері қарапайым халықты толғандыратын сан салалы сұрақтарға жоғарғы билік тарапынан берілген тұщымды жауаптардың жұтаңдығы қазақстандық қоғамды қатты алаңдатып жүреді. Президент соның көпшілігіне тұщымды жауап берді.

Қалыпты өмірге көшуді бас­та­­ған қалың жұртшылық әлі де би­лікке сенімсіздік танытып отыр­­ғанымен, әдеттегідей бола­шақ­қа деген үлкен үмітпен өмір сүр­гісі келеді. Бүгінде толық тын­ш­ы­­маған халық наразылығы бір өшіп, бір жанып тұрған қоламта іспеттес.

Шырылдап шындық ізде­гендер көбейіп, ар алдын­дағы әділетке жүгінгісі келетіндер азаймай тұрған, осындай алмағайып кезеңде қоғамдық пікірдің де теңселіп тұрғаны байқалады. Талайды көрген тарихтың өзі таразы басын теңестіре алмай, саяси жүйенің саясаты сабырлық танытатын салқынқандылықтан гөрі, салмағы басым саяси іс-шараларды шұғыл бастауды талап етіп отырғандай.

Әлемдік және отандық ақпа­рат ағынын зер сала қадаға­лап отырған әлеуметтің назары  көкейіндегі көп сұрақтың жауа­бын күтіп, Ақордаға қарайлап отырғанына да біршама уақыт өтті.

Ұлттық телеарналардың бірі­нен берілген эксклюзивті сұх­батта Мемлекет басшысы тарапынан бүгінгі қазақстандық қоғамда орын алып отырған біршама алыпқашпа әңгімеге нүкте қойылып, халықты мазалаған сұрақтарға тұщымды жауаптар қайтарылды.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев мемлекет алдында тұр­ған ең маңызды, күрделі де көкей­­кесті мәселелерге кеңі­нен тоқ­­талып өтті. Соның ішінде, қалың елді дүрліктірген «Қасі­рет­ті қаңтарды» ең қайғылы оқи­ға болды дей отырып, мемле­кет­тік төңкеріс қаупі, күштік құры­лым өкілдерінің азаматтарға жа­­сап отырған азаптау актілері, стра­тегиялық көршіміз Ресей Фе­де­­рациясымен саяси қарым-қаты­нас, шекара шебі мен мүд­делі­лік­тер жиынтығы, Ұжым­дық қауіп­­сіздік туралы шарты ұйы­мы­ның әскерін шақыру туралы ше­шімнің дұрыстығы, Қазақ­стан­ның солтүстік облыстарына қа­тыс­ты ресейлік шовинистердің теріс пи­ғы­лы, жылдар бойы шет­елге заң­сыз шығарылған қара­жат­ты кері қайтару мәселесі, елі­міз­дегі заң үстемдігін шынайы қам­та­масыз ету жолдары кеңінен сөз болды.

Қаңтардағы халықтың бейбіт шеруін арам пиғылды арандатушылар мен қарақшылардың өз мүдделері мен мақсаттарын жүзеге асыруға пайдаланып, соған күш салған жымыс­қы әре­кеттерін ел басшысы мем­лекеттік төңкеріске балап, үзілді-кесілді айыптады, мұндай бассыздықтарға мемлекет тарапынан қашанда қатаң тосқауыл қойылатынын қадап айтты.

Өткеннен сабақ алып, «өз ісіне өкінбейтінін» ашық жеткізген саясаткер алдағы уақыттарда да Қазақстан өзі негізін салуға қатысқан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымымен тығыз қарым-қатынаста болатынын барынша мәлімдеп жүр.

Мемлекетіміздің отыз жыл­дық тәуелсіз саяси дамуында идеоло­гиялық тұғырнаманы түзуде кеткен қателіктерді мо­йын­дай отырып, Жаңа Қа­зақ­стан­ды құрудағы негізгі ұстаным­дардың бірі сарабдал саяс­атқа негізделген саяси ре­фор­малар арқылы халықтың саяси санасын жаңартып, адами ка­питал­ды арттырып, жастарды ең­бек­сүйгіштікке баулудың маңызы зор.

Бар дүниенің басты өлшемі мен құндылығы адам болғандықтан, Қазақстанда қалыптасқан әлеу­меттік теңсіздікті жойып, аза­мат­тарымыздың жан-жақты жетіліп, жоғары білім алып, қалаған жері мен елінде қызмет жасауына еш кедергі болмауы­ керек екендігі де айтылды. Қазақстандағы келелі мәселе­лер қатарына жоғары білім­нің сапасын арттырып, тех­ника­лық сипаттағы университет­тердің көбеюіне ықпал етіп, технократ­тық мемлекетке айналуымыз қажет екендігі жиі көтеріліп ке­леді. Бұл тұрғыда отандық жо­ғары оқу орындары да бейім­деліп, ор­тақ іске үлес қосуы керек.

Елімізде орын алған құқық­тық нигилизмнен құтылып, би­лік өкілдері заңның үстемді­гін қамтамасыз етіп, халық тәртіп­ке мойынсұнғанда ғана нақты құқықтық мемлекет пен әділетті азаматтық қоғам орнату мүмкін болады. Мұны Президент те өз сөзінде қадап айтты.

Демократиялық құнды­лық­тарды қуаттап, либерал­дық көзқарастарды қолдайтын саяси ұстанымдар ғана егемендігімізді нығайтып, тәуелсіздігіміздің тұ­ғыр­лы болуын қамтамасыз ете­тіндігі баршаға аян.

Ендеше, еліміздегі атқарушы билік, заң шығарушы органдар мен азаматтық қоғам ара­сын­дағы аралық көпір рөлін ат­қарып, оларды өзара үйлес­тіруге бағытталған саяси контент басымдық алған бү­гінгі күні БАҚ өкілдері мен жо­ғарғы би­­лік арасындағы осын­­дай сындарлы сұхбат пен пәр­­менді диалогтардың көбейе түс­кені құба-құп болар еді.

Жоғары билік тарапынан нағыз бәсекелесті көппартиялы жүйе қалыптастыруға пәрмен беріліп, бір партияның монополиясын шектеп, барлық заң шығарушы органның жұмысын қайтадан жаңғыртып, ауқымды саяси өзгерістерді қолға алып, аудандық және облыстық дең­гейдегі атқарушы биліктің жо­ғары лауазымды өкілдерін таға­йындамай, керісінше ашық, демократиялық әділетті сайлауда халық таңдап, жүйелі құры­лымдық өзгертулерді жедел бас­тауды қолға алған жағдайда ғана ұтарымыз көп болмақ.

Қазақ мемлекеттілігінің баян­ды болуы үшін халқымыздың саяси мәдениетін көтеру керек. Қазіргідей терең экономикалық әрі саяси дағдарыстарды басынан кешіп отырған қазақстандық қоғам саяси реформаларды бас­тап қана қоймай, өңірлерде ая­ғына дейін жеткізе алатын көш­бас­шыларға мұқтаж.

 

Есенай ІҢКӘРБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Саясаттану және саяси технологиялар» кафедрасының доценті