• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Ақпан, 2022

Рахмет, Жамал!

813 рет
көрсетілді

Сонау бір қатыгез ғасырда, сонау бір сұрқай жылы, айналасын тау қоршаған алақандай бір ауылда, тастарды бір-біріне сүйеп тұрғыза салғандай тоқал там тұрыпты деседі. Ауыл шетіндегі сол үйдің жалғыз терезесі болған екен. Сол терезеге жақындап барып қарауға жан баласының батылы жетпесе керек.

Сатал-сатал, айғыз-ай­ғыз терезе. Үйдің жарығы сөн­­гелі қашан. Соғыс біткен жылы соңғы рет сығырайған шамның жарығы жылтылдап көрініп, қараңғылық ұйығына шома берген, шо­ма берген. Үй ұйықтап кеткен.

Үй иесі – жалғыз кейуана, күйеуі мен баласын соғыс жалмаған соң, жа­на­рынан айырылған. Жы­лай-жылай. Ала таңнан қара кешке дейін терезеге тел­міріп отырады екен, жарық­тық. Терезенің тұсынан басталатын соқпақ ауылдан шыға бере адасып кеткен.

Үйдің маңына келіп, үрей­лі терезеге көз салған кісі бірнеше күн үнсіз қал­ған деседі. Терезенің ар­ғы жағынан кейуананың бей­несін көрген деседі біл­гендер. Арада қанша жыл өтсе де. Терезе кейуана бей­не­сін сақтап қалған екен. Со­ғыстың соқыр көзіндей терезе.

Бала күнімізде үлкендер сынған айнаға қарама деуші еді. Сынған айнадан бөгдені көресің деуші еді.

Сол үлкендер бар кездегі бір әңгіме ойға оралып отыр. Біз өскен ауылда жалғыз ұлы бар жесір әйел болған. Мұндай мысал әр ауылда болған да шығар. Екінші дүниежүзілік соғыстың жарықшақтанған дауысы радиодан естілерден үш күн бұрын жалғыз ұл үйленіп, үйге келін түскен екен. Үш күннен кейін ұл соғысқа аттанған. Алғашқы айларда хат келіп тұрғанымен, кейін ұл хабарсыз кетеді. Жалғыздың зары қойсын ба, ішіне шер түскен қос мұңлықтың жайын үлкендер иегі кемсеңдеп отырып еске алушы еді.

Соғыс біткен соң, бір жылдан кейін ұл оралады. Тұтқында болған деген сөз бар. Оралған ұлдың алдынан есік, терезесі айқыш-ұйқыш ағашпен шегелен­ген үй ғана шығады. Ана­сы­ның топырағы дегдіген. Жо­лық­қан көрші басқа үйдің ауласын сыпырып жүрген келінге қарай қол шошайтады.

Шарбаққа сүйенген жас жігіт «Жамал!» деді дейді. Жамал! Суық дауысқа жалт қарған Жамал состиып тұ­рып қалған деседі.

Жамал, дейді жас жігіт жұмсақ үнмен. «Рахмет, Жамал!».

Жас жігітті сол сәттен ке­йін ешкім көрмеген, ауыл­ға да оралмаған, хабарын да білетін жан жоқ.